Перейти к содержимому

Ерліктің ізі өшпейді

19 қаралым

Жалпы халқымыздың өткенге деген өнегелі үрдісіне көңіл толады. Есімізге арғы-бергі тарихты бізге жеткізген ғалым, шежіреші Қазыбек бек Тауасарұлының: «Мен дүниеде өз жұртымнан асқан ел бар деп танымаймын», – деген сөзі түсті. Расында, қазақ ерекше халық, ынтымағы мен бірлікті ту еткеніне әркез көз жетіп жүр. Оған жақында болған мына жай нақты дәлел. Тараз қаласында Көшек батырды ұлықтауға арналған тағылымды шараға қатысудың сәті түсті. Көшек Қарасайұлының атажұрты қазіргі Алматы облысының аумағында болғанымен, жаугершілік заманда қазақ елінің тұтастығы жолында арыстанша айқасып, Әулиеата жерінде ерлікпен қаза тапқан. Сондықтан ұлтқа ортақ баһадүрдің әруағын екі өңір жұртшылығы да ерекше қастерлейтініне куә болдық.

Алыс-жақын ағайынға сауын айтылған шараға Алатаудың етегінен жол тартқан топтың бірін мемлекет және қоғам қайраткері Серік Үмбетов бастап барды. Әулиеата жұртының Серік Әбікенұлына деген сый-құрметі ерекше екені бірден байқалды.Таразға кіреберісте Жамбыл облысы Байзақ ауданының әкімі Олжас Баққараев бастаған азаматтар қошеметпен күтіп алып, көл-көсір қонақжай дастарқан басында Серік Әбікенұлының осы өңірді дамытуға сіңірген еңбегін жан-жақты айтты. Олардың қатарында бір кездері Жуалы, Талас, Байзақ аудандарын басқарған Батырбек Күлекеев, сол өңірдегі Жамбыл ауданына, облыстық спорт басқармасына басшылық еткен Махамбет Дүйсебаев, кейінгі жастардан Байзақ ауданының әкімі мен оның аппарат басшысы Асылжан Құрманов, тағы басқалар болды. Ел экономикасы тұралаған кезеңде Жамбыл облысын басқаруға келген Серік Әбікенұлы, әсіресе Аманкелді газ кен орнын ашуға, оны ел игілігіне айналдыруға тың серпін бергенін тараздықтар әлі күнге ұмытқан жоқ. Бұл жобаны игерудегі қиындықтарға қарамастан жақсы іс жалғасын тапқан. Кездесуде бұдан басқа да талай шаруаның жүзеге асуына тікелей ықпал еткені кеңінен сөз болды. Ұлттық құндылықтарды ұлықтаудағы тағылымды істерінің өзі бір төбе. Жалпы басшылық қызметте жүргенде оның тікелей бастамашылдығымен республика бойынша 48 ескерткіш, мешіт тұрғызылса, Жамбыл облысында қалдырған қолтаңбасы бүгінде сайрап жатыр. Сол жылдары Бәйдібек баба, Дінмұхамед Қонаев, Тұрар Рысқұлов, Өтеген, Қойгелді батырлар сияқты тарихи тұлғаларға ескерткіш орнатылды.
Ертеңіне Тараз қаласының шетіндегі Бауыржан Момышұлы атындағы атшабар аумағындағы «Талбесік» этноауыл орталығына жан-жақтан көпшілік  жиналды. Көшек батырға 1999 жылы кесене, одан кейін ескерткіш тұрғызылған. Осы жолы азаматтар батырды еске алу шарасын ұйымдастырды. Бұл істің басы-қасында тараздық кәсіпкер Ержан Амалбаев жүрді.
– Ел қорғаған батыр бабаға ас беріп, көкпар шаптырсақ деген ниетпен осы шараны қолға алдық. Көшек батыр елім, жерім деп соғысып жүріп, өмірден өте ерте, 32 жасында кетіпті. Осы өңірде қаза тапқан. Ақырғы сөзінде «Өлсем елге апармай, осында жерлеңдер, әкеме хабар беріңдер» деп аманаттаған екен. Қазақтың бір батыры осында жатыр, неге біздер оған лайықты құрмет көрсетпеске деген ой келді. Батыр ел мен жер үшін шейіт болды. Осы шараға батырдың тікелей ұрпақтары, немере, шөбере, шөпшектері де келді. Әруағы риза болсын. Кесенесін тұрғызуға өзім демеуші болдым. Жыл сайын айналасын тазалап, абаттандырып, ағаш егеміз, басына шырақшы белгіледік. Бізге дейін қоғам қайраткері, марқұм ағамыз Әлібек Әмзеев құдық қаздырып, көп жұмыс атқарған. Біз сол азаматтың жақсы ісін жалғап келеміз. Шырақшыға мемлекеттен 85 мың теңге жалақы төленсе, қосымша 115 мың теңгені өзіміз төлейміз, – деді ол.
Жиында алғашқы сөз мемлекет және қоғам қайраткері Серік Үмбетовке берілді. Ол алдымен шараны ұйым­дастырып, атсалысқан азаматтарға алғыс айтты. Көшек батыр әруағын құрметтеудегі игі істердің қалай жүзеге асқанын тілге тиек етіп, өз естелігімен бөлісті. Айтуынша, Серік Әбікенұлы Жамбыл облысын басқарған 1996 жылы Қарасай, Көшек батырлардың жерленген орындарын іздестіру шарасына қоғам қайраткерлері, жазушы-журналистер, лауазымды тұлғалардың басын қосып, олар республиканы аралап, батырлардың мәңгілік мекенін анықтаған. Қарасай Алтынайұлы мен Арғын Ағынтай батырдың сүйегі  Көкшетаудағы Айыртауда, Көшек батырдыкі Талас ауданының Қызылжар елдімекенінде екені анықталды. Батырлардың басына кесене тұрғызылып, еңселі ескерткіштері бой көтерді. Көшек батыр Талас өзенінің бойында туған, жаз жайлауы Тектұрмаста болған.
«Бәріміз бір қазақтың баласымыз. Бес саусақ бөлек болғанымен, білек біреу. Қазаққа ауызбірлік, ынтымақ керек. Шерағаның айтқаны бар, «Мықты болу үшін де, ірі болу үшін де бірге болу керек» деген. Бірлігіміз мызғымасын», – деп сөзін қорытындылады Серік Әбікенұлы.
Тарихты біліп, тұлғаны тануда бұл шараның маңызы зор, тағылымы мол болды. Көпті көрген қариялар, ел ағалары өнегелі сөздерін тебірене жеткізді. Көшек батыр өмірге келген Талас ауданын басқарған Батырбек Күлекеев мұндай көшелі сөзге кеңінен тоқталды. Ал белгілі кәсіпкер Керімжан Бижанов  Талдықорған қаласының шығысында Қабанбай батырға ескерткіш тұрғызуға да Серік Әбікенұлы бастамашы болғанын атап өтті. Сондай-ақ қоғам қайраткері Тахир Балықбаев Көшек батыр ауылында қазір 70-80 үйлі түтін бар екенін, ондағылар кесене салынғанға дейін де батыр әруағын қасиет тұтатынын айтты. «Бала кезімізден есімін естіп өстік, жанынан ары-бері өткендер Құран оқып, құрбандық шалып, тағзым жасайтын. Елдің елдігін көрсететін шара келешек ұрпаққа өнеге болады», – деді ол.
Сол сияқты Бәйдібек баба қорының басшысы және басқа азаматтар сөз алып, ел бірлігі, өткенді еске алып, келешекке сеніммен қадам басу жөніндегі өз ойларымен бөлісті. «Жастарымыз білекті, жүректі, елін-жерін қорғайтын, отбасын сақтайтын адал ұрпақтан болып өссін» деген тілектерін жеткізді. Сонымен қатар Қарасай, Жамбыл аудандарынан келген Кеңесқұл Керімбаев, Орынтай Әмірғалиев лебіздерін білдірді. Шараға мемлекет және қоғам қайраткері Мейрамбек Таймерденов, Қарасай батырдың қара босағасы қалған Жамбыл ауданының Үңгіртас, Үлгілі ауылдарынан ондаған азамат қатысты.
Жиында ел Президенті Қасым-Жомарт  Тоқаевтың Түркістанға барған сапарында айтқан сөзі еске түсті. Мемлекет басшысы ұлы тұлғаларды ұлықтау арқылы біз қазақтың бірлігін сақтауымыз керектігін атап өткен еді. Бүгінгі шара сол қасиетті сөздің жалғасындай болғанын сезіндік. Тұлғалар есімін халқы ардақтай береді. Қоғам қайраткері, «Ата жолы» қоғамдық қорының басшысы Махаббат Бигелдиев жиында ерекше белсенділік танытып, ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасынан табылды. Жиналған қауымға сый-кәде жасап, ұлы Жамбыл бабамыздың 180 жылдық мерейтойына арнайы шығарылған «Жамбыл» естелік кітабын таратты. Талас ауданы Ойық ауылының маңындағы кесенесінде, қаладағы ескерт­кіші алдында да Көшек батырға құрмет көрсетіліп, Құран бағышталды.
Батыр туралы тарихи дерекке келсек, Көшек Қарасайұлы (1620 – 1652) – жоңғар шап­қыншылығына қарсы күрес кезін­­дегі қазақ қолбас­шысы, батыр,  Есімхан мен Жәңгір ханның (Салқам Жәңгір) сенімді серіктері­­­нің бірі. Талас өзенінің төменгі бойында туып-өскен. Тектұрмастың түбін­дегі биік шоқы Көшек батырдың жазғы жай­лауы болған. Бұл шоқыны халық «Көшек шоқысы» деп атап кеткен. Көшек батырдың даңқы Батыр қонтай­шының басқын­шылығына қарсы соғыста барынша асқақтайды. Ол Тектұрмас қамалын нығайта отырып, көршілес қырғыз­­дармен қол қосып, жау әскер­леріне тойтарыс береді. 1643 жылы Андасай бойындағы Кеңгір деген жерде Жәңгір ханның Батыр қонтайшысының елу мыңдық әскеріне ойсырата соққы беріп ерлі­гі­­мен көзге түсті. Талас өзені маңын­да болған шайқаста ол жоңғар­­­­лардың Қаражар деген батыры­­­мен жекпе-жекке шығып, оны жеңген. Тектұрмас түбінде болған шайқаста Қарадөң деген жоңғар баты­рын жер жастандырады. Жоңғар қонтай­шысы Оншанмен де жекпе-жекке шыққан. Жеңіліс тапқан Оншаннан қазақ­тармен соғыспау туралы ант алып, еліне қайтарған. Салқам Жәңгір дүниеден қайтқан соң болған сұрапыл шайқастың бірінде Көшек батыр ерлікпен қаза табады. Батырдың денесі Көшек шоқысының биігіне қойылған. Батыр атында Талас ауданында және Тараз қаласында көше бар. 1999 жылы Көшек батыр қорының және жұртшылықтың белсенділік танытуы­мен, ұрпақтарының демеушілік көрсетуімен Көшек батыр кесенесі тұрғы­зылған. Бұл кесене «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында еліміздің өңірлік қасиетті нысандары тізіміне енген. Талас ауданын­дағы Бөлтірік шешен ауылы маңындағы биік төбенің үстінде орналас­қан кесене сегіз бұрышты, қабыр­ғасы толығымен арнайы кірпіштен өрілген. Жанына батырдың асқақ рухын айшықтайтын үш найза, қалқан, қылыш, жебелер салынған қорамсақтың біріктірілген композициясы қойылған. Аталған компо­зи­ция жобасын Саламат Дембай, Насыр Баекеев жасаған. Ал батыр ескерт­кіші Тараз қаласы Төле би даңғы­лы­ның бойын­дағы ҚР Тұңғыш Президенті атын­дағы саябақта орналасқан.
Қазақ халқының бірлігі жолында ерлік пен өрліктің өшпес үлгісін қалдырған баһадүр батырдың құрметіне берілген еске алу шарасынан кейін халқымыздың салт-дәстүріне сай көкпар ұйымдастырылды. Батыр бабаларымыздың рухына тағзым ету – ұрпаққа аманат, елдік пен бірліктің айғағы.

Күмісжан БАЙЖАН,
жазушы,
Серік САТЫБАЛДИЕВ,
«Алатау арайы» газетінің арнаулы тілшісі
Жамбыл облысы 

↑