Облыстық әкімдікте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген тапсырмаларды жүзеге асыру бағытында аймаққа жұмыс сапарымен келген республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің қатысуымен жиын өтті.
Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев Президенттің кезекті Жолдауында еліміздің алдағы уақытта даму бағытын айқындайтын стратегиялық міндеттердің белгіленгенін атап өтті.
Кездесуде сөз алған ҚР Құрылтайы І шақырылымының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Ләззат Жылқыбаева Жолдауда айтылған әлеуметтік салаға қолдау көрсету бойынша бастамаларды сөз етті.
«Президент Жолдауында ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін арттыру бастамасы көтерілді. Бұл – халықтың табысын арттыруға және әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Сонымен қатар білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамытуға, мұғалімдер мен медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға ерекше мән берілген. Бұл шаралар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді», – деді Ләззат Әуесханқызы.
Мемлекет басшысының кезекті Жолдауындағы құндылықтар жайлы ой толғаған ҚР Халық кеңесінің мүшесі Нұртөре Жүсіп стратегиялық құжаттың ел болашағы үшін маңызына тоқталды.
«Жолдаудағы басым бағыттардың бірі – өңірлерді дамыту. Алматы облысы ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, транзиттік әлеуеті жағынан зор мүмкіндіктерге ие. Сонымен қоса әлемдік жоба саналатын Алатау қаласы да Алматы облысында ірге тепкен. Онда жүзеге асатын бастамалардың барлығы аймақ әлеуетіне оң серпін береді», – деді Нұртөре Байтілесұлы.
Президент Жолдауындағы басым бағыттардың бірі – инфрақұрылымды жаңғырту, орта және шағын бизнеске қолдау көрсету. Жиында бұл жайында да кеңінен сөз қозғалды. ҚР Қаржы министрінің орынбасары Әсет Тұрысов Ұлттық қордан бөлінген қаржы әлеуметтік салаларға бағытталатынын жеткізді.
«Ұлттық қордан бөлінетін 1,5 триллион теңгеге заманауи емханалар мен мектептер мен өзге де әлеуметтік нысандар салынады. Бұл қаржы ел азаматтарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталды», – деді вице-министр.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев өңірде 2025 жылы 14 250 оқушыға арналған 18 мектеп пайдалануға берілсе, биылғы оқу жылы қарсаңында 4 200 орынға шақталған бес жаңа білім ошағы ашылғанын, одан бөлек 10 мектеп күрделі жөндеуден өткенін атап өтті.
– Денсаулық сақтау саласында 2025 жылы 43 нысан пайдалануға берілді, оның 37-сі ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту ұлттық жобасы аясында салынды. Сонымен қатар 5 нысанда күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Биыл 2 денсаулық сақтау нысаны ашылды, – деді ол.
Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, өзекті мәселелерді де көтерді.
Бұдан соң республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері Қонаев қаласындағы орта мектеп-гимназиясында білім саласы қызметкерлерімен кездесті. Жиынды Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Қайрат Жұманов ашып, Мемлекет басшысы Жолдауда білім беру сапасын арттыруға, мектеп инфрақұрылымын дамытуға, инклюзивті білім беруді жетілдіруге және педагогтердің кәсіби қызметіне қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударғанын атап өтті.
Алғашқы сөз кезегін алған Құрылтай депутаты Ләззат Жылқыбаева Президент Жолдауындағы негізгі бағыттарға, оның ішінде білім саласының алдында тұрған міндеттерге тоқталып өтті.
Келесі кезекте сөз сөйлеген Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Нұртөре Жүсіп цифрлық дәуірдегі жас ұрпақ тәрбиесі туралы тұшымды ойларын ортаға салды. ҚР Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов Президент Жолдауында ел экономикасына серпін беретін, қаржы нарығын реттейтін бастамаларға, сонымен қоса инвестиция тартуды үйлестіру мәселесіне баса назар аударылғанын атап өтті.
Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері Қонаев қалалық Мәдениет үйінде де өңір халқымен кездесті. Жиынды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Сапарұлы ашып, Жолдауда көзделген міндеттерді толыққанды жүзеге асыру ел экономикасын арттыруға және мемлекеттің тұрақты дамуына оң ықпал ететінін алға тартты.
Жүздесуде сөз алған Құрылтай депутаты Ләззат Жылқыбаева әлеуметтік саланың маңызына тоқталып, ондағы өзгерістерді баяндады. Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Нұртөре Жүсіп Президент Жолдауында халықаралық геосаяси жағдайдағы сын мен қатер ескерілгенін айтты. Сонымен қоса ол «Халықтық құрылыс» бастамасына айрықша тоқталды. ҚР Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов Мемлекет басшысының кезекті Жолдауында айқындалған орта және шағын бизнесті қолдау, инфрақұрылымды жаңғырту жобаларын кеңінен сөз етті.
Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысы Қонаев қаласындағы кардиологиялық орталықта жалғасты. Басқосуда Құрылтай депутаты Ләззат Жылқыбаева Жолдаудағы дәрігерлердің мәртебесі мен әлеуметтік жағдайын арттыру, медициналық білім беру сапасын жақсарту, оқу гранттарын бөлу жүйесін жетілдіру және денсаулық сақтау саласына жасанды интеллектіні енгізу жөнінде берген тапсырмалары туралы ойын ортаға салды. Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Нұртөре Жүсіп Мемлекет басшысы медициналық қызметтердің сапасын көтеру, жаңа тұрпаттағы білікті медицина қызметкерлерін даярлау мәселелеріне мән беріп отырғанын жеткізді. ҚР Қаржы вице-министрі Әсет Тұрсынов Жолдауда белгіленген экономикалық міндеттерге тоқталып, халықтың нақты табысын арттыру, инфляцияны тежеу, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Кездесу аясында ақпараттық топ мүшелеріне кардиологиялық орталықтың жұмысы таныстырылды.
Жұмыс тобының мүшелері облыстық жастар ресурстық орталығында да болды. Мұнда Жолдаудағы жаңа бастамаларды сөз еткен Құрылтай депутаты Ләззат Жылқыбаева 2027 жыл «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жарияланғанын, басты назар инфрақұрылымды дамытуға аударылып отырғанын, бұл келешек ұрпақтың қамы үшін қолға алынып жатқан іс екенін айтып өтті.
Басқосуда Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Нұртөре Жүсіп жастардың өмірлік мақсаты материалдық қажеттіліктерді өтеумен ғана шектелмеуі керек екенін айтып, ішкі бірлік пен сапалық өсу бірінші орынға шығуы керегін алға тартты.
ҚР Қаржы министрінің орынбасары Әсет Тұрысов әрбір жас өзгерістердің белсенді қатысушысы бола алатынын, ол үшін білімге ұмтылып, жаңа дағдыларды меңгеріп, елге пайдалы бастамаларды жүзеге асыруға атсалысуы қажеттігін жеткізді.
Жиынға қатысушы жастар спикерлерге тікелей сұрақ қойып, өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын жеткізуге мүмкіндік алды.
Ерзат АСЫЛ
Қонаев қаласы

