Перейти к содержимому
Басты бет / Құқық-заң / Алматы облысында азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытындағы жұмыстар күшейтіліп, 1 400 заңбұзушылық анықталды

Алматы облысында азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытындағы жұмыстар күшейтіліп, 1 400 заңбұзушылық анықталды

56 қаралым

Алматы облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және негізсіз қымбаттауына жол бермеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Бұл бағыттағы шараларды Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті өңірлік комиссиямен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп жүзеге асыруда.
Негізгі басымдықтардың бірі – азық-түлік өнімдерінің бағасын қалыптастыру тізбегіндегі негізсіз делдалдық схемаларды анықтау, сауда үстемесінің заңнамада белгіленген шекті мөлшерін сақтау және тұтынушылар үшін қолжетімді бағаны қамтамасыз ету.
Осы мақсатта өңірлік комиссияның отырыстары тұрақты түрде өткізіліп, азық-түлік тауарларының өндірушіден бастап соңғы тұтынушыға дейінгі баға қалыптастыру тетіктеріне талдау жүргізілуде. Сонымен қатар ірі сауда нысандары, сауда желілері, супермаркеттер, базарлар мен үй маңындағы дүкендерде сауда қызметі саласындағы заңнама талаптарының сақталуына тұрақты мониторинг жасалады.
​Мониторинг нәтижесінде заңбұзушылықтарға жол берген кәсіпкерлерге қатысты тиісті шаралар қабылдануда.
Атап айтқанда, жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген сауда үстемесінің шекті мөлшерін асыру және сауда қызметін реттеу саласындағы заңнаманың өзге де талаптарын бұзу фактілері бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты жалпы сомасы 15 млн теңгеден асатын 1 400 әкімшілік хаттама толтырылды.
Бұл көрсеткіш өңірдегі азық-түлік нарығында заңдылықтың сақталуын бақылау және негізсіз баға өсімінің алдын алу жұмыстарының жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті баға тұрақтылығын қамтамасыз ету, делдалдық схемаларды анықтау және кәсіпкерлердің заңнама талаптарын сақтауына бақылауды жалғастырады.
Жұмыстың түпкі мақсаты – азық-түлік нарығында әділ баға қалыптастыру, кәсіпкерлердің заң талаптарын сақтауын қамтамасыз ету және халықтың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қолжетімділігін арттыру.

↑