Елімізде кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыру және жас ұрпақтың білімге деген қызығушылығын ояту мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафонына Іле ауданының тұрғындары да белсенді қатысуда.
Кітап оқу – білім мен ақпарат алудың ғана емес, адамның дүниетанымын кеңейтіп, ойлау қабілетін дамытудың және рухани байлығын арттырудың маңызды құралы. Осы тұрғыдан алғанда, аталған марафонның қоғамдағы оқу мәдениетін қалыптастырудағы маңызы зор.
Марафонға ауданның түрлі сала өкілдері – ұстаздар, зиялы қауым өкілдері, тұрақты оқырмандар, оқушылар мен студенттер, мемлекеттік қызметшілер және кітапсүйер тұрғындар атсалысуда.
Қазіргі таңда Іле ауданы бойынша кітап оқу марафонына 27 966 адам тіркеліп, оның ішінде 10 460 қатысушы оқыған кітаптары бойынша өз пікірлері мен ой-толғаныстарын жариялаған. Бұл көрсеткіш аудан тұрғындарының кітап оқуға деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетеді.
Марафон аясында аудан кітапханаларында, мәдениет мекемелері мен білім беру ұйымдарында түрлі танымдық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, «Кітап оқитын ауыл», «Бірге оқиық!», «Кітап сыйла!» секілді акциялар өткізіліп, тұрғындар арасында кітап оқу дәстүрін насихаттауға ерекше көңіл бөлінуде.
Мұндай бастамалар кітап пен оқырман арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, отбасылық оқу мәдениетін қалыптастыруға, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және қоғамдағы рухани сабақтастықты дамытуға ықпал етеді.
Кітап оқитын ұрпақ – ойы озық, білімі терең, рухани бай ұлттың негізі. Сондықтан «Кітап оқитын ұлт» марафонын бір реттік науқан емес, қоғамның интеллектуалдық және рухани дамуына серпін беретін маңызды бастама деп бағалауға болады.
Іле ауданының тұрғындары да осы игі іске белсенді қатысып, кітап оқу арқылы білімді, саналы әрі рухани бай қоғам қалыптастыруға өз үлестерін қосуда.
Іле ауданы

