Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Алматы облысының тұрғыны мемлекеттік гранттың игілігін көруде

Алматы облысының тұрғыны мемлекеттік гранттың игілігін көруде

51 қаралым

Алатау қаласының тұрғыны Рафаел Әбдіманапов мемлекеттік гранттың көмегімен кәсібін дамытып, қызмет көрсету сапасын арттырды.

Мемлекеттік қолдау – азаматтардың кәсіп бастауына ғана емес, өз ісін дамытып, тұрақты табыс көзіне айналдыруына да үлкен мүмкіндік. Осындай қолдаудың игілігін көріп отырған жандардың бірі – Алатау қаласы Ынтымақ шағынауданының тұрғыны, көпбалалы әке Әбдіманапов Рафаел Қанатбекұлы.

Ол ұзақ уақыттан бері автокөліктерді бояу және кузов жөндеу саласында еңбек етіп, шағын кәсібін дөңгелетіп келеді. Алайда кәсібін кеңейтіп, тұтынушыларға сапалы әрі жылдам қызмет көрсетуге қажетті заманауи құрал-жабдықтарды сатып алуға қаржылық мүмкіндік әрдайым бола бермеген.

Осы ретте Рафаел Қанатбекұлы Алатау қаласының Мансап орталығы арқылы мемлекет тарапынан ұсынылған 400 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз грантты жеңіп алды. Бұл қаржылай қолдау оның кәсібін жаңа деңгейге көтеруге жол ашты.

Грант қаражатына кәсіп иесі автокөліктерді жөндеу мен бояу жұмыстарын сапалы әрі жылдам орындауға мүмкіндік беретін арнайы құрал-жабдықтар сатып алды. Атап айтқанда, автокөлік кузовындағы майысқан жерлерді түзетуге арналған заманауи құрылғы, желімдеуге арналған құрал және компрессор сатып алған.

«Бұрын көліктің аздап майысып қалған темірін түзетуге көп уақыт жұмсайтынмын. Ал қазір арнайы жаңа құрал-жабдықтың көмегімен бұл жұмысты әлдеқайда жылдам әрі сапалы орындай аламын. Соның нәтижесінде тұтынушыларым да риза болып, көрсетілген қызметке алғыстарын білдіріп жатады. Клиенттің көңілінен шығып, сапалы қызмет көрсету – мен үшін үлкен қуаныш. Бұрыннан кәсібімді осындай деңгейге жеткізуді армандайтынмын. Қазір, шүкір, жұмысым әлдеқайда жеңілдеп, кәсібімнің жағдайы жақсарды. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Алатау қаласының Мансап орталығының қызметкерлеріне көрсеткен қолдаулары мен көмектері үшін шынайы алғысымды білдіремін», – дейді Рафаел Қанатбекұлы.

Бүгінде кәсіпкер сатып алған жаңа құрал-жабдықтардың көмегімен жұмыс өнімділігін арттырып, тұтынушыларына сапалы қызмет көрсетуде. Бұл – мемлекеттік гранттың нақты нәтижесі мен кәсіпкердің өз ісіне деген жауапкершілігінің көрінісі.

Мұндай қолдау шаралары азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын жүзеге асыруға, шағын бизнестің дамуына, жаңа мүмкіндіктердің ашылуына және отбасылардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді.

Мемлекеттік қолдау – жаңа мүмкіндіктерге бастар жол!

Толқын ОДАШҚЫЗЫ
Алатау қаласы

↑