Ата Заң тек бүгінгі күннің емес, келешек ұрпақтың да мүддесін қорғауға қызмет етпек. Әдеби, мәдени іс-шаралардан бөлек, мұндай ұдайы уақытпен үндескен қоғамдық өзгерістерге қатысты ой-пікірлер талқысына үнемі есік ашық деген кітапханашылардың ел болашағын айқындайтын маңызды құжат төңірегінде пікірлерін білген едік. Мемлекет тағдыры, ұлттың ертеңі туралы болып жатқан әңгімеден кітапханашылар сырт қалмайтынын аңғартты.
Аудандық кітапхананың абонемент бөлімінің меңгерушісі Жібек Молдасанова Ата Заң жобасының тарихи маңызына тоқталып, бұл жолғы ерекшеліктерді атап өтті.
– Конституция жобасының ана тілімізде жазылуының өзі үлкен рухани жеңіс. Әр азаматтың пікірі ескеріліп, ұсынысы қабылдануы – шынайы демократиялық үдерістің көрінісі, – деді Жібек Молдасанова.
Оның айтуынша, жаңартылған Ата Заң жобасы тек құқықтық нормалардың жиынтығы емес, елдің болашақ даму бағытын айқындайтын стратегиялық құжат. Сондықтан оны талқылауға қоғамның барлық өкілі белсенді қатысуы қажет. Әсіресе, егемендік пен тәуелсіздікті қорғау мәселесі – басты назарда.
Кеген аудандық кітапханасының библиографы Жаңылай Нұрлатқызы Конституция жобасындағы адам құқықтары мен бостандықтарына қатысты өзгерістер туралы өз ойын білдірді.
– Кітапхана қызметкері ретінде, алдағы конституциялық референдумды еліміздің құқықтық дамуы мен қоғамдық сананы жаңғырту жолындағы маңызды қадам деп есептеймін. Бұл – әрбір азаматтың мемлекет тағдырына бейжай қарамай, өзінің конституциялық құқығын пайдалануына берілген тарихи мүмкіндік. Конституция жобасының 1-бабының 1-тармағында Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны айқын көрсетілген. Бұл қағида – еліміздің стратегиялық бағыты мен құндылықтарының негізі. Ал конституциялық референдум осы қағидаттарды одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды құрал деп санаймын. Сонымен қатар, Конституция жобасының 12-бабында адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылатыны көрсетілген. Референдум арқылы енгізілетін өзгерістер азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге және заң үстемдігін күшейтуге ықпал етеді деп сенемін. Кітапхана – қоғамның зияткерлік орталығы. Біз күн сайын оқырмандарға тек көркем әдебиет қана емес, құқықтық, тарихи, танымдық еңбектерді ұсынып, олардың азаматтық көзқарасының қалыптасуына үлес қосамыз. Конституцияның мазмұнын түсіндіру, оның маңызын насихаттау – біздің де рухани жауапкершілігіміз, – деді ол.
Кітапхананың әдіскері Мағия Мырзахметова да өз ойын ортаға салды. Ата Заңның ағартушылық маңызына тоқталған ол азаматтардың құқықтық мәдениеті артып, қоғамның саяси белсенділігі күшейгенін атап өтті.
Ата Заң – тек биліктің құжаты емес, бүкіл халықтың ортақ келісімі. Ал оны талқылау – азаматтық сананың көрінісі.
Кітапханада елдің ертеңіне деген жауапкершіліктің үні де естіліп тұрғандай болды. Өйткені, Конституция – қағаздағы мәтін ғана емес, ол -ұлттың жүрегіндегі сенім.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы




