Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Онда Премьер-Министр Олжас Бектенов экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының ел экономикасын одан әрі нығайту жөніндегі алға қойған міндеттеріне, Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген стратегиялық мақсаттарға сәйкес Үкімет 2025 жылы жүйелі өзгерістерге бағытталған іс-шаралар қабылдаған. Нәтижесінде экономиканың орнықты өсімін сақтап қалуға қол жеткізілген.

Инфрақұрылымды жаңғырту және ірі өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыру басым бағыт ретінде айқындалған. Микро және шағын бизнесті қолдауға баса назар аударылған. Бұл ретте инфрақұрылымдық қолдау шараларын бір жүйеге келтіретін «Іскер аймақ» бағдарламасы бекітілген.
Үкіметтің 2026 жылға арналған негізгі басымдығы – халықтың табысын арттыру. Бұл ретте өндірістер құруға, кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға және тұрақты жұмыс орындарын ашуға бағытталған жүйелі шаралар жүзеге аспақ. Биыл цифрландыру мәселесіне де айрықша назар аударылмақ. Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру жылы аясында экономиканың барлық саласына озық технологиялар мен ЖИ енгізу және Цифрлық мемлекет құру міндеті қойылып отыр. Алайда бұл бағыттағы жұмыс тиісті деңгейде жүріп жатқан жоқ. Экономиканың нақты секторында цифрландыру процестері әлі де бастапқы сатыда. Осы күнге дейін салалық деректер қорлары толық қалыптаспай отыр. Осы және басқа да мәселелердің барлығы Үкімет әзірлеген «Digital Qazaqstan» стратегиясында өз шешімін табуы тиіс, ол барлық цифрлық бастамаларды жалпыұлттық бағдарламаға біріктіреді.
Олжас Бектенов өз баяндамасында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, энергия тапшылығы мәселелерін шешу, өнеркәсіпті дамыту және инвестиция тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға да тоқталды. Арнайы экономикалық аймақтардың өзінде инфрақұрылыммен орташа қамтамасыз ету деңгейі небәрі 53%-ды, ал индустриялық аймақтарда бұл көрсеткіш 48%-ды құрайды. Осыған байланысты Үкімет арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда инфрақұрылымды жедел дамыту бойынша бірқатар қажетті шешім қабылдауда. Бұл ретте алдағы үш жыл ішінде Ислам даму банкі қаражатын тарту есебінен жаңа өндірістік нысандарға қажетті инфрақұрылым салуға 1 трлн теңге көлемінде инвестиция тартылмақ.

Премьер-Министр Президент қойған міндеттерге сәйкес инвесторларды тарту жүйесі жетілдіріліп жатқанын да атап өтті. Жобалар бастапқы кезеңнен құрылысы аяқталғанға дейін «жасыл дәліз» қағидасы бойынша сүйемелденеді. Мемлекет басшысының бастамасымен құрылып жатқан Алатау Сити қаласы инвестиция тартудың жаңа орталығына айналмақ.
Кеңейтілген отырыста ел Перезиденті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке халықтың табысын арттырып, инфляцияны тежеуді тапсырды. Мемлекеттің тиімсіз шығындарын қысқарту үшін бюджет бағдарламаларын бастан-аяқ қайта қарау қажеттігін алға тартты. Барлық мемлекеттік орган жауапкершілікті толық сезініп, тапсырмаларды уақытылы орындауы тиістігін айтты.
– Біздің басты мақсатымыз – қазіргі күрделі кезеңде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және халықаралық әлеуетін арттыру. Сарапшылар әлем экономикасының өсімі баяулап, халықаралық сауда қарқыны әлсірейді деген болжам жасауда. Дамушы елдерге салынатын жаһандық инвестиция көлемі азайып барады. Қаржы саласы тоқырауға ұшырауы мүмкін. Бүгінде көптеген ел өз нарығын қорғау шараларын күшейтіп жатыр. Мемлекеттер арасында өзара тарифтік шектеу қою үрдісі белең алды. Жаһандану үдерісі кері сипат ала бастады. Мұның бәрі әлемдегі геосаяси ахуалды өзгертіп жатыр. Бірақ негізгі әрі шешуші оқиғалар әлі алда.
Дүниежүзінде мүлде жаңа үдерістер пайда болуда. Мемлекеттің тұрақты дамуы үшін біз осы өзгерістерге экономикалық және саяси тұрғыдан бейімделуіміз қажет. Бұл – аса маңызды міндеттің бірі.
Бұрынғы тәсілдер қазір тиімсіз болып қалғанын көріп отырмыз. Озық мемлекеттер әлем экономикасын дамытудың жаңа үлгісін әзірлеуге кірісіп кетті. Біз де бұл үдерістен шет қалмауымыз керек.
Ұлт мүддесін қорғау үшін экономиканы нығайтуға және дамытуға арналған нақты жоспар болуға тиіс. Дүниежүзіндегі экономикалық ахуалға қарамастан, былтыр экономикамыз 6,5 пайызға өсті. Біздің миссиямыз – айқын: экономикалық өсім жоғары сапаға ие болуы керек, яғни, ең алдымен, халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын жақсартуға тиіс. Басқаша айтсақ, ішкі жалпы өнім артқан сайын азаматтардың нақты табысы да көбеюі керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған негізгі міндет, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Мемлекет басшысы өз сөзінде жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу – экономикалық дамудың басты арқауы болуы керегін айтты. Цифрлық тәсілдер арқылы артық шығынды қысқартып, әкімшілік кедергілерді еңсеруге, басқару ісіндегі тиімсіз шешімдерді барынша азайтуға болатынын жеткізді.
– Жасанды интеллектіні толыққанды енгізу бүкіл цифрландыру саясатының өзегі болуға тиіс. Жасанды интеллектіге негізделген аса маңызды цифрлық жобаларды жүзеге асыру мәселесін айрықша назарда ұстау керек. Үкімет мұндай жобаларды толық әрі уақытылы қаржыландыру үшін негізгі басымдықтарды нақты белгілеп алуы қажет. Әйтпесе, ауқымды жоспардың бәрі қағаз жүзінде қалып қояды. Алдымызда айқын бағдар болмаса, қандай стратегиямен де мақсатқа жету оңай болмайды.
Соңғы кезде мемлекеттік цифрлық жүйелердің жұмысынан ақау шығып жүр. Бұл қазіргі ІТ-тәсілдердің технологиялық жағынан ескіргенін және басқару сапасының төмендігін көрсетеді. Мұндай олқылықтар мемлекеттің бизнес өкілдерімен және азаматтармен қарым-қатынасына кері әсерін тигізеді. Сондай-ақ тиімді цифрлық орта қалыптастыру жұмысын тежейді, – дей келе, цифрлық өзгерістің бәрі QazTech платформасының негізінде жасалуға тиіс екенін алға тартты.
Мемлекет басшысы инвестиция тартуға арналған біртұтас стратегия қажеттігін де жеткізді. Бұл стратегияда, ең алдымен, жоғары технологиясы бар заманауи өндірістер ашуға басымдық берілуге тиіс екенін айтты. Үш айдың ішінде арнайы экономикалық аймақтарды дамытудың жаңа үлгісі бекітілуі керегін атап өтті. Қазақстанның инвестициялық әлеуетін көтеруге, бәсекелік артықшылықтарын дамытуға баса мән берілуі қажеттігіне де тоқталды.
– Жедел даму жолына түскен Алатау қаласы жаңа инвестициялық кезеңнің негізгі жобасы болуға тиіс. Бұл – Smart City қағидатына сәйкес барлық салаға озық инновациялар енгізу, жасанды интеллекті мен цифрлық технологияны қолдану деген сөз. Онда капитал тарту үшін теңдесі жоқ жағдай жасалып, жаңа, батыл шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін үздік реттеу режимін қалыптастыру қажет. Осы маңызды мәселе бойынша менің тапсырмаммен Конституциялық заң әзірленіп, Парламенттің қарауына ұсынылды, – деді.
Президент мемлекеттік қызметкерлердің интеллектуалды деңгейі мен оқу мәдениетіне қатысты да сөз қозғады. Кейбір Үкімет мүшелерінің тіпті маңызды стратегиялық мақалалар мен сұхбаттарды соңына дейін оқымайтынына қынжылыс білдірді. Қазіргі интернет заманында адамдар ұзақ мәтіндерді қабылдаудан қалып бара жатқанын, маңызды ақпаратты оқудың орнына, оның қысқаша мазмұнын тыңдай салуға көшкенін айтты.
– Бұл мемлекеттік қызметкерлерге жараспайтын әдет. Оқу керек. Әйтпесе, зейнет жасына жеткен кезде, ойлану қабілетінен айырылып қаласыздар. Бұл – өте қауіпті. Сондықтан көп оқыңыздар, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Мемлекет басшысы интеллектуалды еңбекпен айналысатын адамдар үшін кітап оқудың маңызын қадап айтты. Шенеуніктерге интернетке тәуелді болмай, тереңірек ізденуді тапсырды.
Алма ЕСЕНБАЙ




