Бүгінде Қонаев қаласында 20-ға жуық этнос өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде. Соның бірі – корей этносы. 30 жылдай уақыт жұмысын жүргізіп келе жатқан қалалық кәріс этномәдени орталығына Галина Кимнің жетекшілік еткеніне 13 жылдың жүзі болды.
1937 жылы Қиыр Шығыстан Қазақстан мен Орталық Азияға күштеп көшірілген жүз мыңнан астам кәрістің қатарында Галинаның да әкесі Алексей Хегай бар еді. Олар қазіргі Жетісу облысы Үштөбе ауылына қоныстанған. Әкесі Алексей Бұқтырма су электр стансасы құрылысында еңбек еткен. Кейін 1965 жылы Қапшағай су электр стансасын салу үшін отбасымен осында көшіп келеді. Сол кезде Галина 5-сыныпта оқитын. Содан бері ол Қонаев қаласында тұрады.
Кәріс этномәдени орталығы қалада өтетін мерекелік және мәдени шараларға белсене қатысады. Өздерінің салт-дәстүрі мен мәдениетін дәріптейді. Бұл орталықтағы кәріс тілін үйрену курсында кәрістен өзге басқа да этнос өкілдері дәріс алуда. Галина курстың үздік бітірушілеріне Оңтүстік Кореяда білімін жалғастыруға жол ашады. Соңғы жылдары 9 шәкірт аталған мемлекетте колледж бітіріп, бірқатары жоғары оқу орнына түсіпті.
Галинаның айтуынша, Қазақстан кәрістері қауымдастығының төрағасы Юрий Цхайдың бастамасымен кәрістердің Қазақстанға қоныс аударғанына 90 жыл толуына орай Алатау қаласында ірі жоба қолға алынған. «K Park» мәдени-іскерлік орталығын салудағы мақсат – зобалаң жылдарда Қазақстанға күштеп көшірілген кәрістерге көмегін көрсетіп, паналатқан қазақ халқына деген шынайы алғыс білдіру. Жоба бойынша мұнда алғыс монументі, амфитеатр, кітапхана, мәжіліс залы және басқа да нысандармен қатар Қазақстан кәрістері қауымдастығының кеңсесі де орналасады. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттамасы дайын, күн жылынған соң құрылысы басталмақ.
– Қазақстан мен Корея арасындағы мәдени байланыс 1991 жылы Алматыда Корей білім беру орталығының құрылуынан бастау алған. Содан бері бірлесіп ұйымдастырылған шаралар екі ел арасындағы халықаралық ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етті. «Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай, «Бірлігіміз – әралуандықта» жобасы аясында өткен республикалық «Тано» фестивалі мен Корея-Қазақстан мәдениетінің тәжірибе алмасу күні аясында Қонаев қалалық Мәдениет үйінде Қазақстан халқына дәстүрлі және қазіргі заманғы корей мәдениетімен жеке танысуға мүмкіндік беру мақсатындағы музыкалық-сахналық қойылым – соның айғағы. Жер аударылып келген кәрістерге Кеңес өкіметі ана тілін үйренуге мүмкіндік бермеген. Бірлі-жарым мұғалімдер балаларды оқытқысы келгенімен, шолақ белсенділер тыйым салып, оқулықтарды тартып алып, өртеп жіберіпті. Соның салдарынан Кеңес одағындағы кәрістер ана тілін білмей өсті. Енді немерелеріміздің өз ана тілі мен екінші Отанымыздың мемлекеттік тілі – қазақ тілін үйренуіне күш салып келеміз. Өзімнің немерем Ким Сэ Джон балабақшаның қазақ тобында болды. Мектеп жасына толғанда қазақ сыныбына бердім. Қазақ тілін өте жақсы меңгерген. Отбасылық шараларда қазақ пен кәрістің тағамдары дастарқанымызда қатар тұрады. Қазіргі кезде аласапыран жылдардың куәгерлері жоқтың қасы. Бірақ олардың ұрпақтары әке-шешесі мен ата-бабасының қиын-қыстау уақытта қазақ халқының құшақ жая қарсы алып, өздері мұқтаж бола тұра, барымен бөліскені жайлы естеліктерін жадынан шығармайды. Олар Қазақстанда өздерінің ана тілін, салт-дәстүрі мен мәдениетін дамытып отыр. Еліміздегі барлық этнос өкіліне осындай жағдай жасап отырған кең пейілді қазақ халқына алғысымыз шексіз, – дейді қалалық корей этномәдени орталығының төрағасы Галина Ким.
Осындай ынтымақты тірлікке әлемнің көптеген елдері қол жеткізе алмай отырғанын көз көруде. Сондықтан Алғыс айту күнінің басты мақсаты – өзге этнос өкілдерінің қазақ халқының кең пейілі мен мейірімділігіне ризашылық білдіруі. Бұл мерекенің ел бірлігін бекемдеумен қатар, әлемге үлгі болып отырған татулығымыз бен ынтымағымызды жаңа белеске жетелейтіні сөзсіз.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
Қонаев қаласы




