Қонаев қаласында Канададағы Lakehead University-дің профессоры, білім беру саласындағы халықаралық сарапшы, доктор Сет Агбомен кездесу ұйымдастырылды. Шараға ағылшын тілі пәні мұғалімдері мен оқушылар қатысты.
Мақсаты – облыс бойынша өткізіліп жүрген «Speaking club» жобасының деңгейін жақсарту, жас ұстаздар мен ғалымдардың, оқушылардың ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыру.
Доктор Сет Агбо Канададағы Lakehead University-де білім берудің әлеуметтік-мәдени негіздері, салыстырмалы және халықаралық білім беру пәндерінен дәріс береді. Қазіргі таңдағы ғылыми зерттеуі посткеңестік елдерде ағылшын тілін шет тілі ретінде оқытуға бағытталған. 2011 жылдан бері Қазақстан мен Қырғызстанда оқытушылар мен магистранттарға ғылыми зерттеу жүргізу және рецензияланатын журналдарда мақала жариялау тақырыптарында тәжірибесімен бөлісіп келеді. Оның қолдауымен Lakehead University-дің халықаралық кеңсесі Қазақстанмен студенттер мен оқытушылар алмасу бағытында ынтымақтастық байланыс орнатқан.
Жиын барысында профессор ағылшын тілін шет тілі ретінде оқытудың заманауи педагогикалық тәсілдерін түсіндіріп, ұлттық бірегейлікті сақтаудағы тілдің маңызы жайлы баяндады, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы транслингвизм ұғымы, жастармен мәдени байланыс орнатудың маңызы жайлы мазмұнды баяндама жасады.
– Қазақстандағы білім беру туралы көп зерттеу жүргіздім, мақалалар жарияладым. Осы уақытқа дейін Тараз қаласындағы оқу орнында, одан бөлек ҚазҰУ, СДУ университеттерінде түрлі семинарларға қатысып, дәріс оқыдым. Қонаевқа алғаш рет келіп тұрмын. Мұнда жұмыс істейтін Альмира Нұрланова есімді әріптесімді білемін. Ол бірнеше жыл бұрын менің студентім болған. Қазақстанға келгенімді естіп, жас буынмен кездесу өткізуімді сұрады. Мен келісімімді бердім.
Қазақстан білім беру саласында айтарлықтай дамып келеді. Мұндағы оқыту жүйесі маған ұнайды. Мысалы, «Болашақ» бағдарламасы әлемнің ең үздік университеттерінде білім алуға мүмкіндік береді. Осыған қарап, Үкімет бұл салада жақсы бастамаларды қолға алып, нәтижелі жұмыс істеуде деп ойлаймын. Көпшілігі Қазақстанда үздік оқыту жүйесі бар екенін түсіне бермейді, – деді профессор.
Кездесу соңында қатысушылар спикерге сұрақтарын қойып, ашық пікір алмасты.
Гүлзат БАЙҚОНЫС
Қонаев қаласы




