Кеген аудандық әкімдігінде ауыл шаруашылығы саласындағы тауар өндірушілерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету, кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жиын өтті. Онда осы саладағы өзекті мәселелер талқыланып, мемлекеттік қолдау шаралары түсіндірілді.
Басқосуға Алматы облысының Еңбек мобильділігі орталығының бөлім басшысы Олжас Нұржұмаұлы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының егін, тұқым шаруашылығы және техникалық бақылау бөлімінің бас маманы Алмас Ақылбеков, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты білім тарату орталығының басшысы Сейіткәрім Қалтаев, Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми кеңесшісі, академик Виктор Әбділдә, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Алматы филиалы директорының орынбасары Нұрмәди Нұрланұлы, «ҚазАгроҚаржы» АҚ Алматы филиалының кредиттік маманы Думан Нұрхатұлы, «Белагротех» компаниясы коммерциялық операциялар жөніндегі директорының орынбасары Әмір Несіпбергенов, тиісті мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, шар-уа қожалық төрағалары мен кәсіпкерлер қатысты.
Жиынды ашқан Кеген ауданы әкімінің орынбасары Мұхтар Батырханұлы ауыл шаруашылығы саласындағы тауар өндірушілерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау түрлерін кеңінен түсіндіру, қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларды таныстыру және саладағы өзекті мәселелер бойынша ұсыныстар қабылдау мақсатында сала мамандары арнайы келіп отырғанын жеткізді.
Кездесуде кәсіпкерлікті бастау, бизнес-жобаларды несиелендіру, кепілдікті қамтамасыз ету турасында сөз қозғалды.
– Кеген ауданында 30,3 мың гектар егіс алқабы бар. 63 мың тонна тұқым дайын, облысымызда жалпы 20 тұқым өсіруші және 9 тұқым өткізуші субъектілер жұмыс атқаруда. Тұқымды отырғызу және материалдарды сұрыптау, егістік сапасын анықтау қызметіне әкімдік тарапынан 52 млн теңге бөлінді. Қазіргі уақытта аталған қызметті көрсететін кәсіпорын конкурс рәсімдері арқылы анықталуда, – деген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының егін, тұқым шаруашылығы және техникалық бақылау бөлімінің бас маманы Алмас Ақылбеков тұқым шаруашылығын дамытуға биыл жергілікті бюджеттен 502 млн теңге субсидия қаражаты, минералды тыңайтқыштарды субсидиялауға 1,1 млн теңге бөлінгенін атап өтті.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Алматы филиалы директорының орынбасары Нұрмәди Нұрланұлы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына арналған «Кең дала» бағдарламасы туралы баяндаса, «ҚазАгроҚаржы» АҚ Алматы филиалының кредиттік маманы Думан Нұрхатұлы лизингтік бағдарламалар, қаржыландыру тетіктері мен қатысу талаптарын түсіндіріп берді.
Жиында көктемгі егіс науқаны мен егін жинау жұмыстарына қажетті техника түрлері, су үнемдеу технологияларын енгізу мүмкіндіктері, сондай-ақ ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту сынды өзекті мәселелер талқыланды.
– Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының маңызды салаларының бірі. Мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану арқылы саладағы түйткілді мәселелер шешіліп, өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуеті одан әрі арта түсетіні сөзсіз, – деп аудан әкімінің орынбасары Мұхтар Батырханұлы жиынды қорытындылады.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы




