1 наурыз – Алғыс айту күніне орай Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 6654 әскери бөлімінде «Алғыс – елдіктің белгісі» атты кең ауқымды акция бастау алды. Іс-шараның басты мақсаты – әскери ортада өзара сыйластықты нығайту, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрін дәріптеу, сондай-ақ Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп жүрген сарбаздардың жүрекжарды лебіздерін көпшілікке үлгі ету.
Акция аясында жеке құрам өкілдері бөлім командиріне, офицерлерге, тәлімгерлерге және ата-аналарына алғыс білдіріп, өз ризашылықтарын жеткізуде. Солардың бірі – қатардағы жауынгер Ербулан Асар Оралұлы. Ол өз сөзінде әскери өмірдің әр күні үлкен жауапкершілік пен тәртіпке негізделетінін атап өтті.
– Әскери бөлім табалдырығын аттаған сәттен бастап бізге бағыт-бағдар беріп, әскери тәртіпке үйреткен бөлім командиріне және офицер мырзаларға шынайы алғысымды білдіремін. Сіздердің талапшылдығыңыз бен әділдігіңіз бізді шыңдап, нағыз ер-азамат болуға тәрбиелейді. Әрбір берілген тапсырма – біздің болашағымызға салынған іргетас, – деді сарбаз.
Сонымен қатар, Ербулан Асар Оралұлы ата-анасына деген ыстық ықыласын жеткізіп, олардың сенімі мен тәрбиесі өзін жігерлендіріп, алға жетелейтінін ерекше атап өтті. «Ата-анамның ақ батасы мен қолдауы – менің ең үлкен күшім. Осындай ұл тәрбиелеп өсіргендері үшін оларға мәңгі қарыздармын», – деп тебірене сөйледі ол.
Жауынгер өз тәлімгерлеріне де ризашылығын білдіріп, әскери өмірдің қыр-сырын үйретіп, рухани қолдау көрсетіп жүрген аға буын өкілдерінің еңбегін жоғары бағалады. Тәлімгерлердің ақыл-кеңесі мен өмірлік тәжірибесі жас сарбаздардың бойына сенімділік ұялатып, ел қорғау жолындағы жауапкершілікті терең сезінуге ықпал етеді.
6654 әскери бөлімінде өтіп жатқан Алғыс айту акциясы – тек мерекелік шара ғана емес, бұл – әскери ұжымдағы ауызбіршілік пен өзара құрметтің айқын көрінісі. Осындай тағылымды іс-шаралар сарбаздардың бойында патриоттық сезімді арттырып, әскери қызметтің маңызын терең түсінуге жол ашады.
Алғыс айту күні – ризашылық пен ізгіліктің мерекесі. 6654 әскери бөлімінің жеке құрамы бұл күнді ерекше мәнмен қарсы алып, ел тыныштығын күзетіп жүрген әрбір азаматтың еңбегі бағалануы тиіс екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.




