Перейти к содержимому
Главная страница » Қонаевта бидай өңдейді

Қонаевта бидай өңдейді

     Былтыр қараша айында Мемлекет басшысының өңдеу үлесін арттыру тапсырмасы аясында Қонаев қаласындағы «Қапшағай бидай өнімдері» зауыты қайта жаңғыртылып, іске қосылды.

Мұнда бидайды терең өңдеп, дайын өнімді экспортқа шығарады. Солтүстік облыстардан келетін бидайдан ұн, жем және өсімдік майы өндіріледі. Атыраудан әкелінген пластикті өңдеп, одан алынған жіптен ұн мен жем салынатын қап жасалада. Зауыттың толық циклді өндіріс жүйесіне элеватор, ұн, құрама жем, қап және өсімдік майын шығаратын цехтар, шикізат пен дайын өнім қоймалары, зертхана, қазандық, локомотив депосы және асханасы бар әкімшілік корпус кіреді. Қапталған өнімді бір мезгілде 5 контейнерге дейін тиеу мүмкіндігі бар. Тәулігіне шамамен 1500 тонна жем, 300 тонна өсімдік майы, 120 контейнер өнім алынады. Өнім Қытай мен оңтүстік-шығыс Азия елдеріне экспортталады. Шикізат Ақмола облысынан жеткізіледі. Кәсіпорында 400-ге жуық адам тұрақты жұмыс істейді, жаңа өндірістік желілер іске қосылғаннан кейін олардың саны 500-ге дейін артпақ.
– «Қапшағай бидай өнімдері» компаниясы дәнді және майлы дақылдарды өңдеп, буып-түю материалдарын шығарады. 2024-2025 жылдары жүргізілген жаңғырту кезінде ескі ғимарат, элеватор толығымен жаңғыртылып, жанына жаңасы бой көтерді. Құрама жем мен май цехтары салынды, сондай-ақ контейнерлік терминал, қойма және теміржол инфрақұрылымы пайдалануға берілді. Жабдықтардың 90%-ға жуығы жаңадан орнатылды. Кәсіпорынның жылына 1 млн тоннаға дейін өнім шығаруға мүмкіндігі бар. Оның 90%-ы сыртқы нарыққа экспортталады. Дамудың келесі кезеңі – тазартылған өсімдік майын өндіруді дамыту. Жабдықтарды сатып алу және құрылыс жұмысын бастау осы жылға жоспарланған. 2026-2030 жылдар аралығында жүгеріге арналған кептіру кешенін орнату, 5 км темір жол салу және астық пен майды ауыстырып тиеу базасын дамыту жоспарлануда. Қосымша инвестиция көлемі 56 миллион АҚШ долларына бағаланды. Зауыт қызметі өңірдің агроөнеркәсіптік және логистикалық әлеуетін дамытуға ықпал етеді, – деді компания басшысы Ринат Тоқпанов.


Кәсіпорын қызметкері Асхат Белесаров жұмыс барысы жайлы баяндап берді. «Өндіріс ашылғалы бері жүк тиегіш техникасын тізгіндеп, қызмет етіп келемін. Күндізгі, түнгі ауысыммен жұмыс істейміз. Жүк тиегіштің ішінде күн суық мезгілге арналған пеш орнатылған. Жалақымыз да жақсы, уақытымен түсіп тұрады. Қызметтік көлік және тегін тамақтану қарастырылған. Мұндай кәсіпорындардың көптеп ашылуы халықтың жұмыспен қамтылуына, әлеуметтік жағдайының жақсаруына септігін тигізеді деп ойлаймын», – деді ол.
Сөзімізді түйіндесек, ауыл шаруашылығы саласында Алматы облысындағы екінші ірі кәсіпорын – «Қапшағай бидай өнімдері» болашақта астық өңдеу мен отандық өнімді экспорттауды дамытуда жаңа мүмкіндіктерге жол ашатыны сөзсіз.

Гүлзат БАЙҚОНЫС

Қонаев қаласы