Шаңырақ көтерген әрбір отбасының түтіні түзу шығып, берекесі мен бірлігі жарасқан жылы ұяға айналуы алдымен ерге серік, елге көрік отанасының қолында. «Келіні жақсының – керегесі алтын». Осыған орай, Кеген ауданы Бөлексаз ауылындағы мектепте «Ана – отбасылық құндылықтардың жаршысы» атты келіндер байқауы өтті.
Түрлі салада еңбек етіп, шаңырақтың ұйытқысы болып отырған аяулы жандар көпшілік алдында өнер көрсетіп, нағыз қазақ келіндерінің үлгісін танытуға тырысты. Байқаудың ашылу салтанатында сөз алған Бөлексаз ауылының әкімі Серік Құныпияев қатысушыларға сәттілік тіледі.
Келіндер байқауына Кеген аудандық аналар кеңесінің төрағасы Бақытгүл Демежанқызы, аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Аслан Мерғалиұлы, аудандық «Атамекен» іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Бақытгүл Әлімбаева, аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы Еңлік Қаржаубайқызы төрелік жасап, қатысушылардың берілген тапсырманы тиянақты әрі тез орындауына, ой ұшқырлығына және сахна мәдениетіне аса мән берді.
Әр әулеттің инабатты келіндері жоғары деңгейде өнер көрсетіп, қазақтың салт-дәстүрін дәріптеді. Байқау бес кезеңнен тұрды. «Сәлем – сөздің атасы» атты бірінші кезеңде қатысушылар қысқаша бейнеүзінді арқылы өз отбасын, туған жерін таныстырса, екінші кезең – «Салауатты сананың бағыттары» бойынша отбасылық өмірге қатысты көрініс көрсетті. «Шығармашыл ана» кезеңінде келіндер ән айту, би билеу және басқа да қабілеттерін паш етті. «Ана – дана» атты төртінші кезеңде салт-дәстүрге және отбасылық өмірге қатысты логикалық сұрақтарға жауап берді. Соңғы кезеңде қазақтың ұлттық тағамдарынан сынға түсті.
– Келешек ұрпаққа ата-бабамыздан қалған бай мұрамызды насихаттап, жастар санасында жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған байқаудың өзіндік ерекшелігі бар. Мемлекетті шағын отбасы құраса, осы шаңырақтың ұйытқысы – нәзік жандылар. Ал жарыстың басты мақсаты – қазақтың келіндері қандай болуы керектігін өскелең ұрпақ санасына сіңіру. Сонымен қатар ата-енеге аянбай қызмет етіп жүрген тәрбиелі келінді үлгі ету, – дейді аудандық аналар кеңесінің төрағасы Бақытгүл Демежанқызы.
Бөлексаз ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Гүлнар Әкімжанова, Әлия Халелқызы, Самал Исаева, Роза Батырхановалар сөз алып, байқауға қатысып, бар өнерін ортаға салған келіндерге шын жүректен ризашылықтарын жеткізді.
Қатысушылар байқаудың әр кезеңінде тапқырлығы мен біліктілігіне қарай әділ бағасын алып, марапат төрінен көрінді. Нәтижесінде Сатымбай Әбдімомынұлы көшесі атынан бақ сынаған Талшын Ермекқызы бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынға Қожамберді Әбішұлы көшесінің келіні Ақмарал Түркімбекова лайықты болса, үшінші орынды Ораз Нүсіпов көшесінен қатысқан Жәмила Сыман иеленді. Жеңімпаздарға демеушілік жасаған ауыл әкімі Серік Құныпияев пен ауыл азаматы Дәурен Жәкейұлы тарапынан дайындалған арнайы диплом мен заттай сыйлықтар үлестірілді. Қалған қатысушыларға да арнайы номинациялар бойынша Алғыс хаттар мен сый-сияпат табысталды.
Салт-дәстүрді ұлықтап, ұмыт бола бастаған құндылықтарды қайта жаңғыртуда бұл игі шараның келіндерге берері мол болды.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы




