Қонаев қаласы Шеңгелді ауылдық округінің Сарыбұлақ ауылында әкімдік ғимараты қайта жаңғыртылып, қызмет көрсету үйі ашылды. Салтанатты шараға қала әкімі Асхат Бердіханов қатысты.
«Бүгінгі қызмет көрсету үйінің ашылуы – игі бастамалардың нақты нәтижесі деп ойлаймыз. Мұнда домбыра, вокал, би, қолөнер үйірмелері жұмыс істеп, ұлттық өнерімізді насихаттайтын болады. Ауылымыздың әрқашан берекесі мен бірлігі арта берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!» – деді шаһар басшысы.
Нысанның қызыл лентасын қиған ауыл ақсақалы Исахан Үскембаев тұрғындар атынан сөз алды.
«Балалар үшін үйірмелер ашылып жатқанына қуаныштымыз. Олар біздің болашағымыз, ал ұлттық өнерді бойына сіңірген оқушылар ел іргесінің мығым болуына ықпал етпек. Ауылымыз дамып, көркейіп, өсіп-өркендей берсін! Ауыл ақсақалы ретінде әрдайым тілекшіміз», – деді ақсақал.
Айта кетейік, Шеңгелді ауылдық мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Одан бөлек, биыл үш елдімекенде балалар ойын алаңы салынады деп жоспарланып отыр.




