Мейірбек әріптесім, әріптесім ғана емес, жаныма соншалықты жақын болып кеткен бауырым жайында сөз бола қалса, 2000 -жылдар ойыма оралады.
Сол жылдары, нақтырақ айтатын болсақ, 1998 жылы Алматы облыстық «Жетісу» газетіне жаңа басшы Жақыпжан Нұрғожаев тағайындалды. Көп уақыт өтпей, жаңа бастықтың орынбасарлары да ауысты.
Бірінші орынбасар қызметіне студенттік кезден, тіпті одан арғы шақтан бергі дос, жақсы жолдас болып келе жатқан Кәдірбек Құныпияұлы келсе, енді біраз уақыттан кейін тағы бір орынбасар лауазымына Мейірбек Оспановтың тағайындалғаны мәлім болды.
«Мәлім болды» деп отырғанымның да мәнісі бар. Ол кезде мен «Жетісу» газетінің Балқаш ауданындағы меншікті тілшісі ретінде Бақанаста тұратынмын. Сол ауданның орталығы саналатын ауылымыз Алматыдан 200 шақырымдай қашықтықта.
Газеттің штатында саналғаныммен редакцияға айына бір рет, онда да жалақы, қаламақы алуға ғана барамын. Сол кезде газет басшыларымен, бөлімдегі әріптестеріммен тілдесіп, құшақ-құшақ тапсырма алып қайтамын. Өйткені меншікті тілшіге бәрі бастық, журналистердің қай-қайсысы да телефон шалып, тапсырма беруге құқықты. Кабинетте сегіз сағат отырмай, ауылда еркін жүрген соң аздаған қысылу сезімі де бар ғой, сондықтан қай тапсырманы да уақытында сапалы орындауға тырысасың.
Бастықтар түгелдей ауысқан кездегі меншікті тілшінің қандай көңіл-күйде болатынын шамалай беріңіз. Кәдірбек досымның менің сөзімді сөйлейтіні былай да белгілі. Ал енді жаңа бастық не дейді? Соған орай көңілде «Шағын ауданға меншікті тілші керек емес» деп жүрмей ме деген де алаң туындады.
Екінші орынбасар Мейірбек Оспановты сырттай ғана білетінмін. Өзім туып-өскен Жамбыл ауданындағы Жамбыл ауылының жігіті екен, ол да болса көңілге медеу. Әйтсе де онымен ара қатынасымыздың қалай өрілетініне сенімім болмады. Қандай азамат, қандай басшы екенін білмеген соң көңілде осындай күмән, алаң да туындайды.
Осы жерде бұрынғы басшымыз Баймолда Мұса жайында бірер сөз айтып өтпей болмайды. Алматы, Жетісу өңіріне ғана емес, бүкіл республикаға белгілі, беделді қаламгермен ара қатынасымыз өте жақсы болды. Жазғаныңды, сол қабілетіңе орай өз басыңды бағалап тұрған соң жерлес ағама аздап еркелеп те жүретінмін. Байағаммен жұмыс барысында ғана емес, аға-іні ретінде қызметтен тыс уақытта да сыйласып кеткендіктен редакцияда өзімді қай кезде де еркін сезінетінмін.
Бірден айта кетейін, басшылардың ауысуына орай туындаған алаңның сейілуіне көп уақыт қажет болған жоқ. Оған да Мейірбек інімнің өзі себепкер болды. Редакциядан Кәдірбек досым телефон шалып, жаңа орынбасар Мейірбек Нұрділдаұлының аудан көлемінде өтетін ауқымды іс-шараға қатысу үшін Бақанасқа іссапармен бара жатқанын айтты.
Басшыны күтіп алу, соның ішінде бұрын көрмеген жаңа басшыны күтіп алу – өзгеше сын. Сол сыннан мүдірмей өту үшін қапысыз дайындалған болдық. Әйтсе де «Үйдегі бағаны базардағы нарық бұзады» демей ме, бұл сценарийіміз аяқ астынан бұзылды. Дәл Мәкең келетін күні аяқ астынан көрші ауылға баратын болып, жолға шығып кеттік.
«Бәрін айт та, бірін айт» дегендей, сөйтіп жаңа басшыны ауылдың сыртынан қарсы алып, құрметтеп үйге әкелу жоспары, жұмсарта айтқанда, іске аспай қалды. Жаңағыдай себеппен жаңа орынбасар баяғыда үйге келіп, шай ішіп болып қалғанда ғана төбе көрсетіппіз.
Әдетте жаңа басшы мұндайда өзінше мінез танытып, тіпті болмағанда сын-ескертпесін айтып, реніш білдіріп жатады ғой. Мәкең болса бұрыннан араласып жүрген танысын, тіпті туған бауырын көргендей бірден құшағын жайып, ақ көңілімен ақтарылып сала беріп еді. Басшылық емес, бауырлық қатынасын танытып: «Бақанаста ағам тұрады деп асығып келдім. Манадан бері жеңешем екеуміз біраз әңгіме айтып тастадық», – деп аңқылдап тұрған азаматты көргенде: «Нағыз сырбаз жігіт екенсің-ау, бауырым! Жаның неткен дарқан, көңілің неткен кең еді?!» – деп қалай тебіреніп кеткенімді өзім сезбей қалдым.
Мейірбек інім сол қатынасын, інілік ықылас-құрметін содан кейінгі кезде де титтей өзгерткен жоқ. Жалғыз маған емес, жақсы ниетпен келген жолдас-жора, ағайын-туыстың бәріне аңқылдап тұратын жайсаң жан «Жетісуда» өзгеше сыйлы болды. Кәдірбек екеуі газет жұмысына қаншама жақсы жаңалықтар енгізіп, басылым бетін өзгеше түрлендіріп жіберді.
Облыстық әкімдіктің газеті болғаннан кейін ресми жиналыстардан, өңірлерде өтіп жатқан іс-шаралардан хабар бермей тұра алмайсың. Әйтсе де көпшілік оқырманның басылымнан негізінен әдеби-көркем жарияланымдарды, сыни мақалаларды оқығысы келетіні белгілі. Редакция қоржынына ондай материалдар түскенде, Мейірбек бауырым айрықша құлшынып, жанып кететін еді. Материалдың айдары мен тақырыбын, тіпті әр абзацын дерлік автормен бірге талқылап, мазмұнын дәл беретін тақырыптарды ұсынып, оқырманға ұтымды, қызықты болып жеткенше тағат таппайтын.
«Іштен шыққан шұбар жылан» болғаннан кейін әр мақалаң өзіңе керемет көрініп тұрмай ма? Содан кейін де оның өзгертілгенін оншама қаламай, өзгерткен адамды жақтырмай тұрасың. Бірақ жаңағыдай жақсы айдар, ұтымды тақырып ұсынылғанда іштей мойындап, амалсыз келісуге тура келеді.
Әрине, бас редактор орынбасарының тақырып пен айдарды автормен келіспей-ақ өзгерте беретіндей құқығы бар. Дегенмен өзіңмен келісіп, дұрыстығын мойындатып барып өзгертсе ішің оншама аши қоймайтындай сезіледі. Сол сәтте «Мына айдар мен тақырыпты өзім неге таппағанмын, неге ізденбегенмін?» деп іштей өзіңді кінәлай бастағаныңды да байқамай қаласың. Мейірбек Нұрділдаұлының мақала авторының өзін шығармашылық ізденіске құлшындыратын осындай да ұтқыр қырлары көп болатын. Содан кейін де газет беттері тартымды, қызықты болып шығатын.
Кейін газет редакциясы Талдықорғанға көшкенде бас редактордың қос орынбасары Кәдірбек пен Мейірбек Алматыда қалды. Мен бауыр басып қалған қимас мекен – Бақанастан жаңа облыс орталығына көштім. Сөйтіп меншікті тілшіліктен сатылап өсіп, әр жылдары бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, бас редактор лауазымына дейін жоғарыладым. Сол кездері алдымдағы ағаларым мен Кәдірбек, Мейірбек сияқты інілерімнен алған өнегем, жинақтаған тәжірибем қажетке жарады деп мақтанышпен айта аламын.
Мейірбек бауырыммен бұдан кейін де бірнеше рет жолықтым. Ауыл қашықтап кеткенімен көңіл алыстамағандықтан, сағынысып көрісіп жүрдік. Ренжу дегенді білмейтін жайдары мінезі мен өзім дегенге өзегін жұлып беретіндей азаматтығы оны қашанда қатарынан биіктетіп тұратын.
Осындай асыл азамат жайында өткен шақпен сөйлеу қандай ауыр еді?! Тағдырдың жазғанына шара бар ма, Мейірбек бауыр өмірден өткелі бері сол шақпен сөйлеуге мәжбүрміз. «Жаман адам өмірден өткенде дүние кеңіп қалғандай болады, жақсы адам өмірден өткенде дүние кеміп қалғандай болады» дегендей, онсыз жарық дүниенің бір бөлшегі, бұрышы кеміп қалғандай, орны ойсырап қалғандай күй кешіп жүрміз.
Қайран бауырым кейде бір қызу әңгімеге түсіп бара жатқанда өзін күрт тоқтатып: «Көп сөйлеп кеттім-ау деймін. Бірақ Екейдің баласы болғандықтан ағыл-тегіл ақтарылмай да тұра алмаймын ғой», – деп жарқылдай бір күліп алатын еді. Қазір сол күлкісін де сағынып жүрміз.
Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
Қазақстанның Құрметті журналисі




