Бүгін Іле ауданы Өтеген батыр ауылындағы «Прогресс» колледжінде жаңа Конституция жобасының мазмұнын түсіндіру, ондағы өзгерістердің ел болашағына әсерін қоғамның белсенді бөлігі болып саналатын жастарға жан-жақты жеткізу мақсатында студенттер және мұғалімдермен кездесуі өтті. Кездесуге облыстық және аудандық коалиция мүшелері қатысты.
Жалпыұлттық коалиция мүшелері Конституция жобасына енгізіліп отырған негізгі өзгерістер мен толықтыруларды жан-жақты түсіндіріп, олардың қоғамды демократияландыруға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нақты кепілдендіруге бағытталғанын атап өтті.
Референдумға ұсынылған өзгерістер мемлекеттік басқаруды заманауи талаптарға сәйкестендіруге, сот және құқық қорғау салаларының жұмысын күшейтуге, адами капиталды нығайтуға, сондай-ақ гендерлік теңдікті ілгерілетуге бағытталған. «Отбасы – қоғамның берік негізі. Гендерлік теңдік те осы негізді нығайтуға қызмет етуі тиіс. Ер мен әйелдің тең мүмкіндігі отбасындағы татулықты, тәрбиенің сапасын және қоғамдағы үйлесімділікті арттырады. Азаматтық неке, ата-ана жауапкершілігі, бала тәрбиесі – бәрі де мемлекет дамуына тікелей ықпал ететін маңызды ұғымдар».
Коалиция мүшелері мұндай ашық диалог алаңдарының азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және елдің болашағына бағытталған реформаларды терең түсінуге зор мүмкіндік беретінін атап өтті.
Айта кету керек, 15 наурызда Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі республикалық референдум өтеді.




