Қонаев қалалық Мәдениет үйінде облыс жастарының қатысуымен «Есірткісіз өмір – мықтылардың таңдауы» атты форум өтті. Мақсаты – қоғамда салауатты өмір салтын насихаттап, нашақорлықтың алдын алу.
Шараға қатысқан облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жастардың құқықтық мәдениеті мен жауапкершілігін қалыптастыру қоғамның тұрақты дамуы мен қауіпсіздігінің негізгі шарты екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Маңызды міндеттердің бірі – есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес. Бұл – ұлттың генетикалық кодын аман сақтап қалу мәселесі деген сөз. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек», – деген болатын. Осы орайда жас буынға сапалы білім беріп, қолайлы әлеуметтік орта және қауіпсіз қоғам қалыптастыру – біздің ортақ мақсатымыз. Бүгінде облыста 433 мыңға жуық жас бар. Бұл – аймақ халқының 28 пайызы. 66 мыңнан астамы қала, қалған 366 мыңы немесе 85 пайызы – ауыл жастары, – деген Марат Елеусізұлы Мемлекет басшысының бастамасымен әзірленген «Заң мен тәртіп» қағидаты және Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары негізінде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Айтуынша, «Парыз еріктілері» қоғамдық бірлестігі «Сақтан» жобасы аясында 200-ден астам еріктінің атсалысуымен 1000-ға жуық заңсыз есірткі жарнамасын жойған. Жастардың психологиялық тұрақтылығын қалыптастыру мақсатында 1200 адамның қатысуымен 35 тақырыптық семинар өткізіліп, 600 ақпараттық парақша таратылған. 40 бейнеүзінді жарияланып, тікелей эфирлер, 100 ақпараттық іс-шара мен 70-тен астам түнгі рейд өткізілген. Жоба аясында ұйымдастырылған спартакиадада 1700-ге жуық спортшы сайысқа түсіп, жеңімпаздар түрлі сыйлықтармен марапатталған. Сондай-ақ жастар орталығы жанынан есірткіге қарсы арнайы қылмыстық кеңсе ашылып, ол заңбұзушылықтың алдын алуға, БҰҰ стандарттарына сай белсенділерді даярлауға мүмкіндік берген.
Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Мейрам Әбікеев соңғы жылдары тәркіленген синтетикалық есірткінің көлемі 10 есеге артқанын, осыған орай Президент тапсырмасына сәйкес тиісті шаралар өткізіліп жатқанын айтты. Жыл басында облыстық полиция департаментінің жанынан есірткі құқықбұзушылығының профилактикасы жөнінде кеңес құрылып, жұмысын бастаған. Соның негізінде жыл бойы бес есірткі лабораториясы жабылып, он тоннадан астам есірткі тәркіленген. «Қазіргі таңда Қазақстан халқының үштен бірі – жастар.
Біз білім, денсаулық сақтау басқармаларымен, жастар ресурстық орталығымен, еріктілермен, үкіметтік емес ұйымдармен тығыз жұмыс жүргізіп келеміз. Жалған достар мен дұрыс таңдау жасамаудың салдарынан темір торға тоғытылып немесе ауруханада өмір үшін арпалысып жатқан жандар көп. Біз жастарды жазалау үшін емес, қорғау үшін жұмыс істейміз. Өзін және болашағын ойлайтын азамат бір сәттік рахаттан бас тартып, қоғамға пайдасын тигізуді қалайды. Сондықтан олар жеңіл жолды емес, дұрыс жолды таңдауы тиіс», – деді ол.
Шарада нашақорлыққа қарсы өткізілген іс-шараларға белсене қатысқан жастар марапатталып, есірткі құқықбұзушылығының профилактикасы жөніндегі кеңес құрамына жаңа мүшелер қабылданды.
Марапатқа ие болғандардың бірі Абзал Ғарифуллин зиянды әдеттерден аулақ болуға шақыратын фильмнің түсірілуіне үлес қосып, онда полицияның рөлін сомдаған. «Алғыс хат табыстап, еңбегімізді ескеріп жатқанына қуаныштымын. Полиция қызметкерлері заңсыздықпен күнделікті арпалысып келеді. Бірақ бұл тек тәртіп сақшыларының ғана міндеті емес. Әр адам өз тағдырына жауапты. Ең бастысы, жастар нашақорлықтан аулақ болуы керек», – деді ол.
Форум барысында Кинологиялық орталықтың қызметтік-іздестіру иттерінің қойылымы көрсетілді. Сондай-ақ орталық алаңда жедел әрекет ететін арнайы жасақ жауынгерлері қоян-қолтық ұрыстың тәсілдері мен қарулы қылмыскерді құрықтау барысын түсіндіріп, арнайы техникамен таныстырды. Қатысушылар олардың кәсіби шеберлігіне тәнті болды.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА
