Жаңа Конституцияның толықтырылған жобасы жарияланды. Жаңа өзгерістер толықтай көңілден шығады. Алда өтетін референдумда көпшілік өз таңдауын жасап, жаңа Ата Заң жобасын қолдайды деп ойлаймын.
Жалпы, жаңа Конституция қабылдау уақыт талабынан туындап отыр. Конституция жобасы 11 бөлім, 95 баптан тұрады. Онда адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктері күшейтілген, зайырлы қоғам қағидаттары толық сақталған. Құжаттың негізгі баптарында адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің басты басымдығы ретінде айқындалады, білім мен ғылым, азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғау негізгі құндылық ретінде көрсетіледі. Заңдағы негізгі ерекшеліктерді атап өтер болсақ, Вице-президент институты енгізіледі және екіпалаталы Парламент тарап, 145 депутаттан тұратын біртұтас «Құрылтай» деп аталатын бірпалаталы заң шығарушы орган құрылады. Оның өкілеттілігі кеңейтіліп, рөлі күшейеді. Бұл реформа заң қабылдау процесін жылдамдатып, билік құрылымын жаңғыртуға бағытталған.
Сондай-ақ жаңа заң жобасында «Әділетті Қазақстан» құндылықтары мен «Заң мен тәртіп» қағидаттары бекітілген. Бұл – әділ мемлекет құруға, заңдылықты нығайтуға және мемлекеттік институттарға деген сенімді арттыруға бағытталған маңызды бағдар. Сонымен қатар этносаралық және конфессияаралық келісімге, мәдениет пен экологиялық жауапкершілікке ерекше мән берілуі қоғамның орнықты дамуына негіз қалайды. Бір сөзбен айтсақ, жаңа Ата Заң еліміздің алдағы дамуына бағдарланған. Ол азаматтардың жан-жақты қорғалып, еркін әрі Тәуелсіз елде өмір сүруіне жол ашады.
Амангелді Беспаев,
облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы
жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы




