Ұлы ойшыл, хәкім Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген өсиетін негізге ала отырып, қасиетті қазақ халқы қиын-қыстау кезеңдерде тағдырдың тәлкегімен келген бізді бауырына басқан болатын. Соның нәтижесінде көптеген этнос өкілі өз Отанын қазақ жерінен тауып, осы өлкеде өсіп-өніп, ұрпақтарын жалғастырып келеді.
1944 жылғы репрессия кезінде жарты миллионға жуық шешен ұлты Қазақстан мен Қырғызстанға күштеп көшірілген. 100 мыңға жуығы жолда көз жұмған. Сол кезде ата-әжем Түркістан облысына, қалған туыстары Семей өңіріне тұрақтайды. Әкем 5 жасқа толғанда әжем дүние салыпты. Ол кісінің бейіті қазір Түркістан облысының Төле би ауданында. Әжем қайтыс болған соң әкем Семейдегі туыстарының жанына көшіп барады. Сол жерде анаммен танысып, отау құрған. Менің туған жерім – Шар қаласы. Үйде төртеуміз. Әпкем және екі інім бар. Мектепті сонда бітірдім. Қазақ тілін бала кезден білемін. Өйткені айналамдағы араласатын достарым қазақтар еді. Алматыға 1986 жылы көшіп келдім. Содан бері осындамын.
Негізінде шешен-ингуш ұлтына ең жақыны – қазақ халқы. Өйткені біздің тарих қиын кезеңдерден құралған. Сол кезде бізге барынша қолдау көрсеткен – қазақтар. Сондықтан Шешенстанда тұратын кез келген шешен-ингуш халқы Қазақстанды екінші Отаным деп есептейді. Тіпті сапарлап барып жатсаңыз, бірден қазақтардың жағдайын сұрайды, кейде естеліктерін айтып, жылап та қалады.
Менің ұлтым шешен болғанымен, Отаным – Қазақстан. Сондықтан отбасымда, айналамда қазақ тілінде сөйлеуге тырысамын. Осылайша тілді дамытуға күш салып жүрмін. Бұл – еліме деген патриоттығымның айғағы.
Қалай десек те, Отанға деген сүйінспеншілік сезім мәдениетпен астасып жатыр. Қазақ халқының тәлім-тәрбиеге арналған қаншама дәстүрі, ұлттық мерекесі бар. Сол құндылықтарымызды паш ету арқылы жастарды тәрбиелейміз. Спортта да жетістікке жеткен азаматтарымыз өте көп. Димаш Құдайбергеннің өзі барша әлемді мойындатты. Міне, осындай ұлт жанашырларын ел аралатып, халықпен кездестірсе, жас ұрпаққа үлгі болар еді. Одан кейін ауылдардағы Мәдениет үйінде өзге этнос өкілдерінің қазақ тілінде дайындаған бағдарламалары қойылса, Отанға деген сүйіспеншілік одан сайын арта түседі. Осындай игі бастамалар жастар рухын тазартады. Сол арқылы ұлттық иммунитет қалыптасады.
Биыл ел тәуелсіздігіне 35 жыл толады. Бұл – осы жылдар ішінде ғана емес, қаншама ұрпақ бойы ата-бабамыз армандап келген азаттыққа қол жеткізуге еңбегімен де, өмірімен де үлес қосқан отандастарымызды еске алуға арналған кезең. Олардың алдында тағзым етіп, еңбегін дәріптеу – бүгінгі ұрпақ үшін парыз. Сонау ғасырлар тереңінде мемлекетшілік дәстүрі мен тәуелсіздік туралы арманын ұрпағының жадына сіңіріп, осы күнге дейін жеткізген біздің ата-бабаларымыз зор құрметке лайық. Соның ішінде, өткен ғасырдың басындағы қиыншылық уақытта азапты өмірді қайыспай көтерген ата-аналарымыз үшін де басымызды иеміз.
Мені Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні – 1 наурыздың Алғыс айту күні болып бекітілгені қуантады. Өйткені «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес» демекші, өздері қиналып отырса да, репрессия мен соғыс жылдарында мыңдаған адамды аман алып қалған қазақтардың ерлігі ешқашан да ұмытылмайды. Дала дәстүріне адалдық, кемел данышпандық, терең адамгершілік, кең қонақжайлылық қазақ халқының әлем алдындағы беделін асқақтатты. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында «Біздің алдымызда халқымыздың жаңаша даму парадигмасы мен ұлтымыздың жаңаша сапасын қалыптастыру міндеті тұр», – деген болатын. Ал «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Заманның сындарлы талаптарына бейімделген жаңа сападағы ұлттық сәйкестік қалыптастыру» тапсырмасын қойған еді. Бұл – біздің бірлігіміз үшін маңызды бағыт. Мемлекет басшысы бәрінен бұрын ел тарихын жаңаша ғылыми жетістіктерді ескере отырып, ұлттық мүдде тұрғысынан жазып шығуды міндет етіп қойды. Сонда қоғамды біріктіре түсетін тарихи таным үдесі қайта жаңғырмақ. Ол жерде біздің көздің қарашығындай сақтап отырған жер, тіл, бірлік атты құндылықтарымыз көрініс табуы тиіс. Бұл бағытта алдымызда тарихи сабақтастық пен қазақстандықтардың мүддесіне сәйкес келетін орасан зор топономиялық және ономастикалық жұмыстар тұр. Сондай-ақ ұлтаралық сөйлесу тілі етіп біріктіргіш фактор ретінде қазақ тілін нығайта түсу де – бүгінгі ұрпақтың міндеті. Отандастарымыздың бір-біріне қазақ тілін үйренуге көмектескені өте маңызды. Бұл тек этносаралық емес, қоғамдық келісімді де нығайта түспек.
Жақында қоғам талқысына салынған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасындағы преамбуланың алғашқы жолдарынан-ақ Қазақстан халқының өзін біртұтас саяси қауымдастық ретінде тануы, мемлекеттіліктің тарихи сабақтастығын сақтау ниеті айқын сезіледі. «Біз, біртұтас Қазақстан халқы» деген тұжырым халықтың егемендіктің бірден-бір қайнар көзі ретіндегі рөлін нақтылай отырып, азаматтық бірегейлікті алдыңғы орынға қояды. Бұл – этностық немесе әлеуметтік айырмашылықтарға емес, ортақ тағдыр мен ортақ жауапкершілікке негізделген саяси ұлт тұжырымдамасының көрінісі. Сонымен қатар преамбулада Ұлы даланың мыңжылдық тарихына сілтеме жасалуы ұлттық мемлекеттіліктің терең тамырларын, тарихи жад пен қазіргі заман арасындағы сабақтастықты айқындайды. Қазақстанда туғаныма, Қазақстанда өмір сүретініме мақтанамын. Жүрегімді мақтаныш сезімі билейді. Қазір де елімізде оң өзгерістердің болып жатқанын байқаймыз. Билік саясатына сенім үлкен. Көптеген қоғамдық ұйымдар құрылуда. Халықтың арасында азаматтардың ел мәселесін еркін көтеруі қуантады. Бәріміз бірлессек, сол мақсатқа жетеміз деген ойдамын.
Адам Бойсаев,
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі




