Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлығы – еліміздің ішкі қарым-қатынасын нығайтуға арналған саяси құжат. Онда көрсетілген бағыттар мен міндеттер қоғамдағы барлық саланы қамтып, тың серпілістерге бастайды. Сондықтан Жарлық мазмұнын дұрыс түсіну баршамыз үшін маңызды. Осыған орай бір топ білікті азаматты ашық әңгімеге шақырған едік. Пікірлесу алаңына Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын Мақпал Мыса, Білім беру саласының үздігі, ақын, сазгер Камнұр Тәлімұлы, облыстық мәслихат депутаты, Іле ауданының Құрметті азаматы, белгілі кәсіпкер Нұрлан Түймелиев және облыстық орталық әмбебап кітапханасының директоры Ғалия Тоқабаева қатысты. Сондағы айтылған ойларды оқырман назарына ұсынып отырмыз.
–Мақпал ханым, пікірсайыстың әлқиссасын сізден бастасақ. Президент Жарлығында Абайдың «Қара сөздері» ұлттық кітап нышаны деп аталды. Мұның мәнін қалай түсіндірер едіңіз?
Мақпал Мыса: – Менің аңғарғаным, Мемлекет басшысының Жарлығы нақты және терең мазмұнға ие. Қоғамдағы қордаланған мәселелерді реттеудің тетігін дәл тапқан. Бәрін өзара сабақтастыра отырып, елдік мүддеге қалай қызмет етудің жаңашыл жолдарын көрсетеді. Саяси құжатта Абайдың «Қара сөздеріне» жіті назар аударылған. Оны ұлттық кітап нышаны деп мәртебелеген. Президент мұндай ұйғарымды бекер белгілеген жоқ. Ұлттық кітап нышаны – халықтың рухани коды, ойлау жүйесінің айнасы, тарихи жадтың мәйегі.
Ұлы ақынның «Қара сөздері» – әдеби жанрдың аясынан шығып, биіктеп кеткен шығарма. Ол – құбылыс! Қазақ қоғамының диагнозы. Мінезді түзетуге бағытталған рухани реформа. Ақын поэзиясында сезім басымырақ рөл атқарса, қара сөздерінде сана сөйлейді. Ондағы басты бағдар мен нысана – адам! Адамның иманы, еңбегі, ғылымға ұмтылысы, мінезі, жауапкершілігі.
Мәселен, «Бірінші қара сөзінде» Абай: «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік», – деп жеке адамнан бастап, тұтас қоғамға заманауи сұрақ қояды. Бұл – рефлексия мәдениеті. Ұлттың өзін сынай алу қабілеті.
«Үшінші қара сөзінде» ру таласы, партияшылдық, бақастық мінезді сынайды. Ақынның өткірдің жүзіндей пікірлері XIX ғасыр ғана емес, бүгінгі қоғам үшін де өзекті мәселе. Демек, мәтін мәңгілік қуатқа ие деген сөз.
«Жетінші қара сөзінде» Абай баланың табиғи таным құмарлығын атап өтеді: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Бірі – ішсем, жесем, ұйықтасам десе, екіншісі – білсем, көрсем дейді». Осы жерде Абай білімге ұмтылуды адам болмысының негізі деп таниды.
«Отыз сегізінші қара сөзінде» ғылым, иман, ақыл мәселесін таразыға салып, тереңнен талдайды. Бұл – теологиялық, философиялық еңбек деңгейіндегі түсінік. Яғни қара сөздер тек әдеби емес, мінсіз өрілген интеллектуалдық еңбек.
Абайдың «Он жетінші қара сөзінде» ақыл, қайрат, жүрек үшеуін таластырып, соңында жүрекке төрелік бергізуі – қазақ ұғымындағы гуманистік модель.
Бұл – мораль философиясы. Бұл – ұлттық этиканың формуласы.
Ұлттық кітап нышаны дегеніміз – ұлттың адам туралы түсінігін айқындайтын еңбек болса, Абай бұл талаптарға толық жауап береді.
Абайдың: «Ғылым таппай мақтанба», «Адам бол» деген өлеңдері бүгінгі қоғамның ұлттық идеологиясына әсер береді.
Ұлттық кітап нышаны болу үшін шығарма тілдік қуатқа, философиялық тереңдікке ие болып, ұлттың мінезін айқындауы керек, уақыт сынынан ойдағыдай өтуі керек. Абайдың қара сөздері осындай қасиеттерімен бізді биіктерге жетелеуде.
Бұл – қазақтың өзін-өзі тану кітабы. Бұл – ар мен ақылдың оқулығы. Бұл – ұлт санасын тәрбиелеудің кемел бағдарламасы. Қара сөздерді ұлттық кітап нышаны ретінде тану – Абайды ғана ұлықтау емес, өзімізді дұрыстап тануға қадам жасап, алға ұмтылудың негізгі шарты деп білемін.
– Рахмет, Мақпал ханым! Пайымдарыңыз бәрімізді толғандырады. Ендігі сөз кезегін Камнұр ағамыз жалғастырсын. «Қара сөздер» қазақ болмысындағы жақсы мен жаманның арасалмағын жіктей отырып, қоғамға, адамға қандай тағылым береді деп ойлайсыз?
Камнұр Тәлімұлы: – Адамды бағалау, ар-ожданды алға шығару арқылы Абай – ұлтына ұстаздық еткен ұлы тұлға. Қазақтың бойындағы жағымсыз мінез бен жайсыз әрекеттерді дәл бейнелеп, жасқанбай көрсеткен. Жаман қылықтардан арылуға шақырған. «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық», – деп өзінің «Он сегізінші қара сөзінде» тайға таңба басқандай етіп көрсетеді.
Қазақта «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деген тәмсіл бар. Сол тұрғыдан келгенде Абай – қазақтың нағыз досы, шынайы жанашыры. Ұлтына, жұртына жаны ашыған соң, ащы да болса жасырмай, жаппай ақиқатты айтты. Сыр сандығындай ашылып, шеберлікпен айтты. Ешкімді кемсіткен жоқ, намысына тимеді. Бірақ ұялтты, сергітті және қамшылады. Ұят – қоғамды да, адамды да алға бастыратын күш. Ол өзінің «Отыз жетінші қара сөзінде»: «Хикмет сөздер өзімшіл наданға айтқанда, көңіл уанғаны да болады, өшкені де болады. …Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, Пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол көп. Ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та жөнге сал… Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болатын болса, оның замандасының бәрі виноват. Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болуға болмайды деген кісінің тілін кесер едім», – деген.
Ақыл-парасатымен ұстаз ұлағатын ұлықтаған асыл тұлға: «Аз ба, көп пе, адам баласы бір түрлі мақтаннан аман болмағы қиын іс. Сол мақтан деген нәрсенің мен екі түрлісін байқадым: біреуінің атын үлкендік деп атаймын, біреуін мақтаншақтық деймін», – депті «Жиырма бірінші қара сөзінде». «Үлкендік – адам ішінен өзін-өзі бағалап есеп қылмақ. Яғни надан атанбастығын, әдепсіз, арсыз, байқаусыз, пайдасыз, сұрамшақ, өсекші, өтірікші, алдамшы, осындай жарамсыз қылықтардан сақтанып, сол мінездерді бойына қорлық біліп, өздерін ондайлардан зор есептемек. Бұл мінез – ақылдылардың, арлылардың, артықтардың мінезі. Олар өзімді жақсы демесе, мейлі білсін, жаман дегізбесем екен деп азаптанады. Екіншісі, мақтаншақ деген біреуі «демесін» демейді, «десін» дейді. Бай десін, батыр десін, қу десін, пысық десін, әрдайым не түрлі болса да, «десін» деп азаптанып жүріп, «демесінді» ұмытып кетеді» – дейді толғауын толықтыра түскен данышпан.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай сыншылығына бүгінгі күннің биігінен көз салып, өзегіне жете мән беріп отыр. Оның басты дәлелі – «Қара сөзді» ұлттық кітап нышанына жатқызғандығы деп білеміз. Бұл науқандық шараға жатпайды. Аса ұзақ мерзімді қамтитын маңызды құжат. Ұлттық идеологиямыздың басты бағыты мен сарқылмайтын қайнар бұлағы. Бәлкім, Абай тағылымы мен тәрбиесін ұлтты өз қалыбына түсіретін айнымас қағида деп біліп, өзіміз жиі айтып, өнеге тұтып жүрген жапондық тәрбиенің әдіс-тәсілдеріне балама ретінде қарастырған шығар. Жапон елінің үлгісі аз емес. Олар өркениеттің өріне шықса да халқын, ұрпағын ұлттық рухының уызынан айырмай келе жатқан көшелі мемлекет. Бұл реттегі мықтылығына әлдеқашан көзіміз жетіп, көңіліміз тоғайғаны белгілі. Сондықтан тәуелсіз қазақ елін, жас мемлекетіміздің ішкі саясатын дамытуда Абайдың ұстаздығына жүгінудің жөні бөлек. Батыл қолға алынған саяси үрдіс бәрімізді ерекше қуандырады.
«Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос», – деген Абай даналығына жүгінген жұрт ұтылмайды. Хәкімнің әр сөзінен ғибратты ой түйетін ұлтжанды тұлғаларды қалыптастыра алсақ – ерлегеніміз емес пе?! Абайдың ақылы мен нақылы, даналығы мен даралығы ғана дамудың даңғыл жолына бастайтын рухани күш екеніне еш күмәніміз болмасы анық.
– Саналы ұлт – сапалы ұлт. Оның іскерлік иммунитетінің артқаны, бәсекеге қабілетінің күшейгені нан табуынан ғана емес, танымынан, мәдениетінен, тектілігінен көрінсе екен дейміз. Адамның ойы байыса, тұрмысы да жақсарады. Осы қағидалар «Қара сөзде» қалай баяндалады? Нұрлан мырза, бұл сұрақ сізге арналады.
Нұрлан Түймелиев: – Қазір әлемдік алыс-беріс күн сайын жаңа қырымен жалт қаратады. Сондай үрдістерге жастардың араласқаны мені қуантады. Халықаралық қатынастар негізінде олар тіл үйрену мәдениетін меңгереді. Бірақ Абай атасының кітабын Абайдың тілінде оқып үйренгенді ұмытпаса деймін. Өйткені «Қара сөздер» – ең алдымен қазақ үшін жазылған кітап.
Хәкім ХІХ ғасырдың өзінде далалық тұрмыстағы пайда табу тәсілдерін басқалардың озық тәжірибесімен байытқысы келді. Халқын іскерлікке, кәсіпкерлікке, шынайылыққа үндеді. Бос мақтанудың сусыз шелектей даңғырлайтынын ескертеді. Өзің өнім өндірмесең, өзгенің қолына қараудың елді кіріптарлыққа ұрындыратынын дәлелдеп, бойкүйездікке, жалқаулыққа, бейқамдыққа ызаланады. Оны мысқылмен суреттейді. Осы тектес сөйлемдерге көз жүгіртіп көрелік. «… Қарап тұрсам, сарттың екпеген егіні жоқ, шығармаған жемісі жоқ, саудагерінің жүрмеген жері жоқ, қылмаған шеберлігі жоқ. …Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың өлісінің ақыреттігін, тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды. Орысқа қараған соң да, орыстың өнерін бізден олар көп үйреніп кетті. Үлкен байлар да, үлкен молдалар да, ептілік, қырмызылық, сыпайылық – бәрі соларда. Ноғайға қарасам, солдаттыққа да шыдайды, кедейлікке де шыдайды, қазаға да шыдайды, молда, медресе сақтап, дін күтуге де шыдайды. Еңбек қылып, мал табудың жөнін солар біледі, салтанат, әсем де соларда… Оның бәрі – бірін-бірі қуып қор болмай, шаруа қуып, өнер тауып, мал тауып зор болғандықтың әсері», – дейді Абай «Екінші қара сөзінде». Сондықтан хәкім айтқан қағидалар қазіргі күнге де толығымен жарайды.
Бүгінде елімізге инвестицияның келгені – жақсылықтың белгісі. Осы мүмкіндікті оңтайлы пайдалануға баса назар аударуымыз қажет. Түсінікті тілмен айтқанда, шетелдік технологияны жерсіндіргеніміз абзал. Ондай кәсіпорындар күні ертең келісімшарт аяқталған соң қазақтың мүлкіне айналады. Сонымен қатар бұл ортада жергілікті кадрлар шыңдалады.
Менің де кәсіпкерлікпен айналысып жүргеніме жиырма жылдан асты. Қоғамдық тамақтану мен туризм саласын дамытуға ден қойып келемін. Әрине кәсібімді одан әрі жандандыру үшін шетелге шығып, олардың озық технологиясына, қызмет көрсету сапасына мән бересің. Қажетті тұстарын өз бизнесіңе пайдаланасың. Абай атамыздың айтып отырғаны да сол ғой. Өнері бар жұрттан үйренген артық етпейді.
Әрине қазақтың қабілетін ешкімнен кем деп айта алмайсың. Жері байтақ әрі бай. Оны игерудің кілті – адал еңбекте. Бизнес деген – адал еңбекпен келетін ырыздық. Абайдың «Қара сөздерінде» адал еңбекке шақыратын өсиет сөздер аз емес. Іскерлікті осылай түсіну Абайдың талабы. «Майданға түспей бәйге алма», – дейді. Баюдың теориясын алыстан іздеп әуре болудың қажеті жоқ. Қолыңнан келсе, түбіне жетіп түсінетіндей халде Абайды оқы!
– «Соңғы түйенің жүгі ауыр» дегендей, түйінді сұрақты өзіңізге қойсақ дейміз. Абайдың жаңашылдығы жайында не айтасыз? Абайтануды дамытқаннан біз не ұғамыз және не ұтамыз?
Ғалия Сламбайқызы: – Ғасырлардан асып бізге жеткен сөз – ескірмейтін асыл сөз. Мұндай тіркестер уақыт өткен сайын жарқырайды, әр дәуірдің сұрағына жауап беріп, жаңа мағынамен толығады. Абай сөзі – феномен! Оның әрбір жолы, әрбір ойы – қабат-қабат болып жатқан, таусылмайтын рухани кеніш. Бір қабатында – адам мінезі, екіншісінде – қоғам дерті, үшіншісінде – ұлттың болашағына қатысты көрегендік ойлар оқыған жанды толғандырады. Сондықтан Абай мұрасы әдеби құндылық ғана емес, ұлттық ойлау жүйесінің өзегіне айналып отыр.
Қазақ халқының тарихында билер мен шешендер, дала данышпандары аз болмаған. Алайда осынау мол мұраның ішінен мемлекет жаңа толқынды тәрбиелеудің негізгі рухани арқауы ретінде Абайдың «Қара сөздерін» ұсынуы – кездейсоқтық емес. Бұл – Абайдың жаңашылдығы мен әмбебаптығын мойындау. Абай – ұстаз. Бірақ ол мектеп сыныбында ғана дәріс оқитын мұғалімдік дәрежеде емес. Ол – тұтас ұлтты тәрбиелейтін, адамгершілікке, жауапкершілікке, еңбек пен ой мәдениетіне үндейтін рухани ұстаз.
Абайдың басты жаңашылдығы – қазақты өзіне сын көзімен қарауға үйретуі. Ол халқын жалаң мадақтаған жоқ, керісінше, мінін көрсетті, бойындағы кемшіліктерді жасырмай айтты. Бұл – өз заманы үшін өте батыл, тіпті ауыр қабылданатын қадам еді. Абай «Біз кімбіз?» деген сұрақтан гөрі, «Біз қандай болуымыз керек?» деген сауалды алға тартты. Мәселен, он «Сегізінші қара сөзіндегі» мына бір бөлік менің әрдайым негізгі өмір сүру қағидама айналды: «…Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық».
2020 жылы Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарияланып, абайтануға жаңа серпін берді. Президент: «Жаңғыру – өткеннен қол үзіп, тек жаңа құндылықтарға жол ашу деген сөз емес. Бұл – ұлттық мұраларымызды бүгінгі оң үрдістермен үйлестіре дамытуды көздейтін құбылыс. Бұл ретте біз Абайды айналып өте алмаймыз», – деп атап көрсетті. Бұл ой Абайды бүгінгі қоғамдық санаға бейімдеп, рухани құбылыс ретінде қарастырудың маңызын айқындады.
Осы бағытта Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасы соңғы жылдары абайтануды жүйелі, мазмұнды және заманауи форматта дамытуға басымдық беріп келеді. 2025 жылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған іс-шаралар – соның айқын дәлелі.
Мұхтар Әуезовтен бастап, Мекемтас Мырзахметов, Ғарифолла Есім сынды ғалымдар дәлелдегендей, Абай – қазақты әлемдік ой кеңістігіне алып шыққан тұлға. Ақындықтың хакімдікпен ұласуы, шығыс пен батыс танымын сабақтастыруы – абайтанудың таусылмас қайнары. Осы үрдіс бүгін кітапханалар арқылы жалғасып отыр.
Абайдың мерейтойлары уақытша белес болғанымен, абайтану үрдісі ешқашан тоқтамайды. Өйткені Абай – бір күндік тақырып емес, үздіксіз рухани бағдар. Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасы үшін Абай – жылдық жоспардың ғана емес, идеялық миссияның өзегі. Абайды түсінген ұрпақ – сөзге тоқтайтын, ойға жауапкершілікпен қарайтын, қоғамға бейжай қарамайтын ұрпақ.
Осы тұрғыдан алғанда, абайтануды дамыту – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа салынған саналы инвестиция. Ал кітапхана – сол инвестицияның ең сенімді, ең тұрақты, ең нәтижелі алаңы.




