⛅
-3°C
Қонаев
Жексенбі, Ақпан 15, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар Әлеумет

    Үміт пен күдік

    14.02.2026
    in Әлеумет, Барлық жаңалықтар
    Үміт пен күдік
    0
    SHARES
    8
    VIEWS

    Өткен жыл соңында елімізде ең төменгі жалақы 99 мың теңге болады деп жар салды жаңалық жаршылары. Дәлелсіз емес еді. Бұл мәселе Сенатта қаралған болатын.

    99 мыңның жыры

    2024 жылдан бастап елімізде ең төменгі жалақы – 85 мың теңге. Тиісті министрлік өкілдері аталған сома Қазақстандағы еңбек өнімділігі мен медиандық жалақыны ескере отырып бекітілгенін жеткізген еді. Алайда Сенат төрағасы макроэкономикалық көрсеткіштерді емес, азаматтардың нақты қажеттілігін ескеру керек деген пайымды алға тартқан. Нәтижесінде Қазақстанда еңбек жағдайын жақсартуға арналған құжат – «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияны ратификациялауға қатысты» Заң Парламенттің жоғарғы палата отырысында мақұлданыпты.
    2024 жылы ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеге көтерілгенде, түрлі меншік нысанындағы кәсіпорындардың барлық салаларында еңбек ететін 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскердің, оның ішінде бюджет саласындағы 350 мың қызметкердің ақшалай кірістері өсетіні айтылған. Міне, содан бері жыл сайын инфляция көлемі артса да, жалақы біртабандап жылжыр емес. 2026 жыл бастала салысымен-ақ Қазақстанда жылдық инфляция жоғары деңгейде сақталып, қаңтар айында 12,2% – 2,3% болды. Сарапшылар жылдық орташа инфляцияны 8,6%-дан 12% аралығында деп болжауда. Негізгі себептер: ҚҚС-тың 12%-дан 16%-ға өсуі, тарифтердің көтерілуі және азық-түлік бағасының өсуі. Қарапайым азық-түлік бағасының өзі қаңтар айында 12,9 пайызға өсіпті. Қазіргі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев өз сөзінде «Әдістеме бар, конвенцияны ратификацияладық, енді ең төменгі жалақы жыл сайын қарастырылуы керек. Азаматтық қызметкерлерге біз 99 мың теңгеден көрсеткіш қойып, ақшаны қарастырып қойдық», – деген еді. Бірақ баяғы жартас сол жартас.

    «Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай…»

    Қазір елімізде қалай десек те айлығы шайлығынан артылмайтын отбасылар көп-ақ. Мағжан да – солардың бірі. Жалданып жұмыс істейді. Салықтық төлемдерін ұстап қалғаннан кейін қолына алатын жалақысы 74600 теңге. Яғни ең төменгі жалақымен жұмысқа қабылданған. Шығып кетейін десе, қазіргі медициналық сақтандырудың әлегі ол бар. Бірер ай жұмыссыз болған кезінде оның да азабын тартыпты. Емханаға барып қарапайым қан талдауын да тапсыра алмаған. Ал ақылы емханалар қалтаңды қандалаша сорады. Үш баласы бар. Біреуі мектеп жасында. Үшінші сәбиін дүниеге әкелген зайыбы бала күтімімен үйде. Ақыры үйдемін деп екіншісін балабақшадан да шығарып алған. Тағы сол тиынның жетіспеушілігі. Бір жарым жасқа дейінгі жәрдемақыға алатыны – 90 мың теңге. Сонда бұл отбасындағы кіріс небәрі 164600 теңге екен. Мағжанмен әңгіме барысында оның ер-азамат ретінде отбасын асырау үшін ескі көлігімен бос кезінде такси болып, одан қалса жалдамалы басқа жұмыстарды атқаратынын ұқтық. Әйтеуір нәпәқасын табу үшін бәрі де. Жәрдемақыға құжаты өтпейді. Себебі ата-анасымен бірге тұрады-мыс. Олардың зейнетақысы да табыс екен. Бірақ қарт адамдардың бір күн сау, бір күн сырқат екенін ескерсек, алатын дәрі-дәрмегі мен баратын өлім-жітім, той-томалағы бар. Оның бәрі сол зейнетақының жұмсалатын орны. Онсыз да отын-көмірін, біршама азық-түлігін алу үшін салмақ сол ата-ананың қалтасына түседі. Амалсыздан.
    Қазір бір айға жетер-жетпес азық-түлік алу үшін дүкенге кірсең, тірнектеп тапқан жалақың қош айтысады өзіңмен. Есептеп көрелік. Шамамен 25 келілік ұн – 10 мың теңге. 5 литрлік күнбағыс майыңыз 4500 теңге. 5 келі макарон 2500 теңге болса, жарты келі шайыңыз 2000 теңгенің айналасында. 2 литр сүтіңі – 1000 теңге. Одан екі қорабын алдыңыз. 1500 теңгеге шамамен 5 келі картоп аласыз. Пиязыңыз 200-250 теңгеден асып жығылады. Одан 2 келі алдыңыз. Сәбіз де олардан қалыспайды. Жарты келілік сары майыңыздың өзі 1500 теңгеден асып жығылады. Оны да алып қойыңыз. Дәретхана қағазы, 4,5 келілік кір жуатын ұнтақ, қол сабын мен тіс жуатын паста алдыңыз делік. Бұларға орташа есеппен 7000 жұмсайсыз. Базарда етіңіздің келісі 4000 теңге. 20 келі алсаңыз, 80 мың теңгеңіз көзден бұлбұл ұшады. Барлығын есептесеңіз 110 мың теңгеден асып кетті. Онда да бұл азығыңыз бір айға жетпейді де. Ал балалар үшін тәтті-тұрым, жеміс-жидек мүлдем алмайсыз. Қыдырып та ешқайда бармайсыз. Киім кимейсіз, көлікпен жүрмейсіз, сауық-сайранның не екенін де білмейсіз. Сонымен қатар азық-түлік пен күнделікті тұтынатын тауар бағасы жыл сайын көтерілуде. Қарапайым ауылдағы ағайын көмірдің осыдан екі жыл бұрын 1 тоннасын 21-23 мың теңге аралығында алған болса, биыл ол баға 30 мыңға жетті. Бір қыста кемі 3-4 тонна көмір жұмсалатынын ескерсек, мұны кім қандай қаражатқа алып жатыр деген сауал өзді-өзінен туындайды. Міне, біздің бүгінгі күнкөрісіміздің бір мысалы. Осылайша мемлекет белгілеп берген ең төменгі жалақы кедейдің жыртығына жамау да бола алмайды.
    Өткен жылы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Қазақстанда ең төменгі жалақы – 85 мың теңге айлық алатын адам жоқ деп айды аспаннан бірақ шығарған еді. «Ең төменгі жалақы – жай ғана көрсеткіш. Қазір 85 мың теңге. Менімен дауласуға да болар, бірақ Қазақстанда ондай жалақы жоқ шығар. Бәрі одан көп алады. Бізде орташа жалақы – 460 мың теңге, медиандық айлық 300 мыңнан асады. Ал 85 мың деген ол – статистиканың нәтижесі, яғни есептеуден шыққан көрсеткіш», – деген еді Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов. Ал Мәжіліс депутаты болған Елнұр Бейсенбаев елімізде дәл қазір үш миллион адам небәрі 200 мың теңге жалақы алса, 1 млн 800 мың ең төменгі жалақы – 85 мың теңгеге күн көріп отырғанын, сонымен қатар елімізде жұмыссыздық көрсеткіші соңғы 15 жыл бойы өзгеріссіз 5 пайыз екенін айтып, әлі күнге азаматтарымыздың жайлы өмір сүруіне жағдай жасай алмай, қауқарсыз халде отырғанымызды жеткізген еді. Иә, біріне-бірі қарама-қайшы дүние. Бірі халық тоқшылықта кекіруде десе, енді бірі жоқтықтан секіруде деуде. Қалай десек те ел ішінде әлі күнге осы мардымсыз, ауыз толтырып айтуға тұрмайтын жалақыны алушылар саны көбеймесе, азаймай тұр.

    Кімге сенейік?

    Айтпақшы, осы тұста тағы бір қайшы деректер қылаң ете түседі. Бірнеше жылдан бері жұмыссыздық деңгейін 5 пайыз деп келеді статистер. Ал Қазақстанда 9 млн-нан астам адам жұмыс істейді. Бұл – Ұлттық статистика бюросының дерегі. 2024 жылдың екінші тоқсанындағы жағдай бойынша 7 млн адам жалдамалы жұмыс істейді. Ал 2,2 млн адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған. Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі бойынша Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 4,7%. Немесе 451 мың адам екі қолға бір күрек таба алмай жүр деген сөз. Ал Президентіміз өз сөзінде 900 мың адамның жұмыссыз екенін айтқан болатын. Билік болса 2025 жыл еліміздің еңбек нарығы үшін нәтижелі болғанын, былтыр мемлекеттік бағдарламаларға 306 мыңнан астам адам қатысып, 912 мың азамат тұрақты жұмысқа орналасқанын айтып, риза. Ал тағы да сол өткен жылы, яғни 2025 жылы Жұмыспен қамтудың мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) арқылы жұмысынан айырылғаны үшін әлеуметтік төлем алған азаматтар саны 354,2 мың адам болыпты. Соның ішінде 311,9 мың адамға төлем дәл 2025 жылы тағайындалған екен. Демек, біздегі сандар қашанда қайшылық пен бір-бірінен алшақтыққа құралғандай болады да тұрады. Бірді айтып, бірге кеттік-ау шамасы. Дегенмен биліктегі азаматтар халықтың жағдайы жақсы, 85 мың деген жалақы жай сөз деп көпіргенде, ауылдағы ағайын бала-шағасын асырай алмай, шарадай басы шақшадай болуда.
    Экономистер мен сарапшылар елдегі ең төменгі жалақы мөлшері тым аз, жұрттың табысы кемінде 150 мың теңге болуы керек деп есептейді. Ал тиісті министрлік өкілдері жуық арада бұл сандар өзгермейтінін де айтып қалды.
    Әлемдік тәжірибеде ең төменгі жалақы деңгейін есептеудің қарапайым екі жолы бар екен. Біріншісі – медиандық жалақының тең жартысымен деңгейлес. Қазіргі кезде Қазақстандағы орташа медиандық жалақы 300 мың теңгеден асады. Демек, бұл ең төменгі жалақы 150 мың теңге болуы керек деген сөз. Ал екіншісі – елдегі орташа жалақының үштен бір бөлігінен кем болмауы керек деп талап қояды. Біздің елімізде қазір орташа жалақы 460 мың теңге деп есептеліп қойған. Оның да үштен бірі – 150 мың теңге. Демек, әлемдік тәжірибеге сүйенсек, біздің еліміздегі төменгі жалақы 150 мыңнан кем болмауы керек. Қандай іс бастасақ та «Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып жасадық» дейтін атқамінерлер төменгі жалақыға келгенде әлемге арқа сүйемей қалды. Өкінішті әрине!
    2024 жылы Мәжіліс депутаттары ең төменгі жалақыны 2025 жылы 100 мыңға жеткізуді ұсынған. Алайда бұл салаға жауапты министрлік елде ең төменгі жалақыны есептеуге қатысты жаңа әдістеме әзірленгенін айтып, ұсынысты қабылдамаған. Бір өкініштісі, одан бері екі жыл өтсе де, жаңа әдістемеден хабар жоқ, жалақыны көтеру мәселесі де шешілмей қалды.

    Түйін:
    Үш жылдан бері тұралап қалған 85 мыңды әлдеқашан көтеретін уақыт келді емес пе? Әйтеуір әр нәрсені сылтау етіп, бұл сандар қазықша қағылып қалды. Ең болмаса күннен-күнге аждаһадай аузын ашып, аспандап бара жатқан бағаны да бақылай алмай отырмыз. Қауқарсыздығымыздан! Дамудың даңғыл жолына түстік. Қуанамыз әрине. Бірақ елдегі есін жия алмай отырған қарапайым халықтың дамып жатқаны шамалы. Уақытша шығар деп жұбатамыз өзімізді. Солай болса игі!

    Ұсынымдар

    Жаңа жанр, жаңа кітап

    Жаңа жанр, жаңа кітап

    2 years ago
    Қонаевта 150 адам үйден дауыс берді

    Қонаевта 150 адам үйден дауыс берді

    1 year ago
    Асы жайлауындағы овсерватория маңынан 30 тоннаға жуық қоқыс шығарылды

    Асы жайлауындағы обсерватория маңынан 30 тоннаға жуық қоқыс шығарылды

    3 years ago
    Зайырлылық – еліміздің басты ұстанымы

    Зайырлылық – еліміздің басты ұстанымы

    2 years ago
    Білім мен тәрбие – егіз ұғым

    Білім мен тәрбие – егіз ұғым

    1 year ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>