Қазақ даласы әйгілі ақынның өлеңдерін майдалап соққан желмен, төбеден салған құстың үнімен жырлап тұрғандай болады. Мұқағали Мақатаевтың жырларында туған жер, заман тынысы, сайын дала, табиғат, сұлулық, әсемдік, тазалық, елдік, ерлік өлеңмен өріліп, тамаша жарасым тапқан.
Іле аудандық әдістемелік орталығының жұмыс жоспары негізінде М.Мақатаев атындағы №13 орта мектепте ақиық ақынның туғанына 95 жыл толуына орай бастауыш сыныптар арасында «Дариға, домбырамды берші маған» атты көркемсөз және ән байқауы өтті. Мұқағали мұрасын ұлықтаған өнер додасында оқушылар ақын сөзіне жазылған «Сәби болғым келеді», «Бақыт деген», «Сарыжайлау», «Есіңе мені алғайсың!» әндерін әуелете шырқады. Жыр жампозының өлеңдерін де мәнерлеп оқыды. Байқауға қатысқан оқушылар әділқазылар алқасының сынынан өтіп, жеңіс үшін барын салды. Соңында үздік деп танылғандар арнайы дипломмен марапатталды.
Шара соңында №13 орта мектеп директоры Аяулым Жақашбайқызы сөз сөйлеп, Мұқағали поэзиясының мәңгілік екеніне, оның өлеңдері ұрпақтан-ұрпаққа рухани қазына болып қала беретініне тоқталды. «Ақиық ақын қазақтың қара сөзіне жан бітіріп, оны өлеңмен өрнектегенде, жүректі тебірентпей қоймайды. Адамды өзіне баурап алатын құпия-сыр өлеңдерінде тұнып тұр. Мұқағали жырларының әр шумағында өмірдің бар шындығы есіп тұрғандай. Сол себепті біз ұлы ақынның шығармашылығына ғашықпыз. Мұқаңның өлеңдері – жылдар өтсе де, біздің өмірімізбен біте қайнасып, бірге жасасып келе жатқан туындылар. Сондықтан өміршең, өзекті. Биыл біздің мектепте ақын мұрасын зерделеуге арналған көптеген мәдени шара өтеді», – деді мектеп директоры Аяулым Жақашбайқызы.
Өз тілшіміз
Іле ауданы




