Іле ауданы Жәпек батыр ауылында орналасқан «BTK Group» ЖШС кәсіпорнында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау бойынша өтетін референдумға қатысты ақпараттық-түсіндіру жиыны өтті.
Шараға конституциялық комиссияның мүшесі, облыстық мәслихаттың төрағасы Қуат Байғожаев, облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ерболат Тұрымбетов, сондай-ақ «BTK Group» ЖШС-ның басшылығы мен 100-ге жуық қызметкері қатысты.
Алғашқы болып сөз алған Қуат Сұлтанұлы жаңа Конституция жобасы туралы кеңінен әңгімеледі. Референдумның қоғамдық-саяси маңызы, дауыс беру тәртібі және азаматтардың құқықтық жауапкершілігі жөнінде де жан-жақты сөз етті. «Референдум – әрбір азаматқа өз ойын білдіру мүмкіндігін беретін маңызды құқықтық процесс. Бұл тек жаңа Конституция жобасын талқылауға ғана емес, сонымен қатар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға және билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға берілетін мүмкіндік», – деді ол.
Келесі кезекте Іле ауданының Құрметті азаматы, облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ерболат Сапарұлы сөз сөйлеп, бұл үлкен саяси науқанның әрбір адам үшін маңызды екеніне тоқталды. Көпшілікті референдумнан тыс қалмай, өз таңдауларын жасауға шақырды. Ол бұл шешімнің елдің болашағын қалыптастыратынын және Ата Заңымызды тұғырлы ететінін атап өтті.
Кездесу барысында кәсіпорын қызметкерлері қойған сұрақтарына нақты жауаптар алды. Ашық форматта өткен жиын өзара пікір алмасуға ұласып, маңызды конституциялық өзгерістердің мән-маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік ашты.
Алма ТОПАНТАЙҚЫЗЫ
Іле ауданы




