«Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері Жамбыл ауданындағы Жамбыл ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиында 2026 жылғы 15 наурызға белгіленген республикалық референдумға ұсынылатын жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары жан-жақты түсіндірілді. Коалиция мүшелері Президенттің бір реттік жеті жылдық мерзімі, партия мүшелігіне шектеу, кадрлық шешімдерді Құрылтай келісімімен қабылдау және билік тармақтарының теңгерімі мәселелеріне тоқталды.
Коалиция мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ардақ Назаров реформаның мәнін кеңінен тарқатты. Ол өз сөзінде: «Жаңа Конституция жобасы билікті күшейтуге емес, оны шектеуге бағытталған. Президент бір рет қана жеті жылға сайланады және бұл норма өзгертілмейтін қағида ретінде бекітіледі. Өкілеттік кезеңінде партия мүшесі бола алмайды, ал жақын туыстары саяси мемлекеттік қызмет атқара алмайды. Бұл – биліктің бір қолға шоғырлануына жол бермейтін нақты құқықтық тосқауылдар. Сонымен қатар заң шығару билігі толықтай сайланған Құрылтайға беріледі. Бұл – халық еркінің тікелей көрінісі», – деді.
Өз кезегінде ақын атындағы ауылдың тұрғындары да сөз алып, алда болатын референдумның ел болашағы үшін маңызды екенін атап өтті.
Серік САТЫБАЛДИЕВ,
Жамбыл ауданы




