Қаскелең қаласында жаңадан бой көтерген Жастарға қызмет көрсету орталығының базасында «Shamshyraq» заманауи ұстаздар HUB-ы ашылды. Жоба Қарасай аудандық білім бөлімінің бастамасымен қолға алынып, облыстық жастар ресурстық орталығымен бірлесіп жүзеге асырылды.
Салтанатты жиында Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбекұлы ұстаздар қауымын жаңа HUB-тың ашылуымен құттықтады.
– Біз бүгін Қарасай ауданының білім беру кеңістігінде жаңа серпін беретін маңызды оқиғаның куәсі болып отырмыз. Бұл педагогтің кәсіби дамуына, шығармашылық ізденісіне және тәжірибе алмасуына жол ашатын алаң болмақ. Ауданда 8 мыңға жуық педагог еңбек ететін болса, олардың мыңға жуығы жас маман екені рас. Осы орайда, бұл орталық жас ұстаздардың кәсіби бейімделуіне, тәжірибе алмасуына және жаңа жобаларды жүзеге асыруларына ықпал етеді деп сенемін, – деді ол.
Келесі кезекте сөз алған Қарасай ауданының Құрметті азаматы, «Асыл ана» ұйымының төрағасы Ұлтусын Амангелдіқызы тәуелсіз мемлекетімізде жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру мәселесінің маңызы туралы айта келіп, жас ұстаздардың алдында тұрған жауапты әрі мерейлі міндеттерді жүзеге асыруда жаңадан ашылып отырған орталықтың тигізер пайдасына тоқталды.
Өз кезегінде ардагер-ұстаз Нағима Сағатқызы бүгінгідей еркін де ерікті елде еңбек етіп жатқан жас ұстаздардың қаншалықты бақытты екенін айта келіп, болашақ үшін осындай мүмкіндіктер жасап отырған облыс және аудан басшыларына жұртшылықтың алғысын жеткізді. Қаншалықты жаңа технологиялар пайда болып, ғалам көз ілеспес жылдамдықпен дамыса да мұғалімнің жылы жүрегі мен ақыл-қайратын алмастыра алмайтынын айтып, баланы жақсы көріп, өз ісін шынайы сүйгенде ғана еңбегі еселеп қайтатынын жеткізді.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағат Мәсімақынұлы ұлтымыздың ежелгі дәстүрі бойынша жаңа орталықтың табысты жұмыс жасауына ақ батасын берсе, облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Мақсат Кеңешов пен Қарасай аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаева өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Салтанатты жиыннан кейін орталыққа келген жас ұстаздар арасында «HUB лабиринті» атты квест ойыны ұйымдастырылды. Технология, логика және ауданға қатысты сұрақтарға жауап беріп, білім мен біліктіліктерін көрсеткен жеңімпаздар тиісті марапаттарын алды.
«Shamshyraq» заманауи ұстаздар HUB-тың қызметі кәсіби менторлық қолдау көрсетуге, әдістемелік көмек ұйымдастыруға, психологиялық бейімделуді қамтамасыз етуге, инновациялық технологияларды енгізуге және көшбасшылық дағдыларды дамытуға бағытталған. Мұнда жас мамандар үшін семинарлар, тренингтер, кездесулер мен жобалық жұмыстар өткізіліп тұратын болады. Сонымен қатар «Жайдарман», «Дебат клубы», «Podcast» алаңдары жұмыс істейді. Шеберлік сабақтары, көрмелер мен үйірмелер және басқа да іс-шаралар өткізіп тұру жоспарланған. Аталған шаралар ұстаздардың кәсіби дамуына, шығармашылық әлеуетін арттыруға, тың идеяларды жүзеге асыруға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталғанын айта кету керек.
«Shamshyraq» заманауи ұстаздар HUB-ының ашылу салтанатына келген қонақтар ғимарат ішін аралап, осындағы «Айна» шешендік өнер клубының жұмысымен, Абай атындағы мектеп-гимназия оқушыларының робототехника саласында жеткен жетістіктерімен танысты.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы




