«Ағырап – жұмақ пен тозақ арасындағы мекен. Қиямет таразысында жақсылығы мен жамандығы тең тартқан құлдар жұмаққа бара алмайды». Екі әлемнің шекара шебінде шерменде күйге түскен жандардың оқиғасы Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам» туындысының арқауына айналған.
Шығарма басында темір тордан еркіндікке шыққан кейіпкер жылжып бара жатқан пойыз жүрісімен бірге жылжып өткен өмір елестерін есіне түсіреді. 14 жыл бойы бір рет те іздеп келмеген ата-анасын, өзінің түрмеге тоғытылуына себепші болған бауырын ойлайды, оларға деген өкпесі өзегін өртейді. Балалық шағындағы оқиғаларды әр жерде көшіп-қонып жүрген пәтерлерімен байланыстыра ой елегінен өткізеді. Қиындығы мен қуанышы қатар жүрсе де, өмірінің нағыз жұмағы сол кез бе дерсің?! Әркімнің үйін жағалап жүріп, өз үйлеріне де қол жеткізеді. «Әлі есімде, шатырды жауып жатқанбыз. Әкемнің балғасы шегеден қиыс кетіп, қолына тиді. Қан саулап, тоқтамай қойған соң, киіз күйдіріп басып жатырмыз.
– Кейін мен өлгенде бұл үйді әкемнің қанымен салғанбыз деп еске алып жүріңдер, – деді әкем жарақатын ауырсынып. Күнге тотығып, қап-қара болып күйіп кеткен әкемнің жүзінен жұмыстан емес, ауыр тірліктен қажығанын байқадым. Маңдайынан шып-шып аққан тер кірпігін дымқылдап, әкем көзіме жылап тұрғандай көрініп кетті», – дейді аты жоқ кейіпкер. Үй тек материалдық дүние емес, отбасының бақыты мен берекесін ұйытқан мекен. Әкесі Кененнің: «Үй дегеннің түбі «үю» дегеннен шыққан. Қарашы, көршілеріміз тапқан-таянғанын бір жерге үйіп жатыр. Өстіп үйе берсе, ол үй болады», – дейтіні бекер емес. Бірақ үміттің үйіндісі үрейдің үлесіне айналарын кім білген?!
Романнан биліктің қатыгез ойынында допша домалаған «кішкентай адамдардың» тағдыр талайын жүрегіңмен сезінесің. Әділетсіздік шоқпары маңдайға тірелгенде, бірігіп қарсы тұрған көпшілік әрекетіне сүйінесің. Жан сауғалаймын деп жүріп, соқыр сенімнің жетегінде кеткен әкенің, серттен тайған жігіттің әрекетіне күйінесің. Тәнін азаптап, рухын сындырып, бауырының «айыбын» ашуға мәжбүр болған, ақыры жындыханадан бір-ақ шыққан Елдестің елеусіз тағдырына егілесің. Шығарманың басында: «Бақыт әр адамның есігін өмірде бір рет болсын қағады. Алайда кейбіреулер үйінде болмай, есіктің қағылғанын естімейді», – деген Марк Твеннің сөзі берілген. Бұл туынды кейіпкерлері бақыттың келуін сарыла күтті. Бірақ оларға үйінде болуға мүмкіндік берген жоқ. Естімейін деген жоқ, оларды қасақана керең етті. Бақытын ұрлады. Бірақ автор әр адам белгілі бір деңгейде өз ісіне жауапкершілік арқалайтынын да еске салады. Мысалы, басты кейіпкердің Әнияға берген уәдесінде тұрмай, Құдай жолын насихаттаушылардың кебін киіп қашып кетуі кейіпкер өміріндегі өшпес өкінішке айналады. Нұршыққа қайта келіп, ғашығын іздеп жүргенде полицияның қолына түсіп сотталуы сол сатқындықтың өтеуі сияқтанады. Кейіпкер қашпай-ақ сүйгеніне тіреу болып, сертіне селкеу түсірмегенде оның бейнесі ғашығының алдында да, оқырман алдында да биік болар ма еді?! Бірақ автор басты қаһарманын ондай әулиелік деңгейге көтермейді, шынайылық шегінен шықпады. Адам кейде бойындағы қорқыныш пен күдік сияқты сезімдер әсерінен санасы сан саққа сенделіп, сағы сынып, дәрменміз күйге түседі. Бір жағынан, кейіпкерді айыптағанымызбен, екінші жағынан, түсіністік танытқымыз келеді.
Шығармада әйелдердің аянышты өмірі жүрек тебірентпей қоймайды. Басты кейіпкердің анасы тағдырдың бар ауыртпалығын арқалап, күйеуінің ұрып-соғуына да шыдап, кеудесінде әлсіз ғана тұтанған соқыр үміт желкесінен жетектеп, пәтерден пәтерге, бір бейнеттен екіншісіне бой ұсынып жүріп, өз үйіне де жетеді. Енді ғана төрт құбыласы түгенделгендей күй кешкенде қаралы қырғын қара түннің түндігін қайта ашқандай болады. Сол күні көппен бірге айы-күні жақындап қалған ауырлығына қарамастан, жаны шырқырап, қарсылық танытады. Оны байқаған полицей ішін таяқпен әдейі ұрып, туылмаған шақалақты іште тұншықтырып өлтіреді. Осымен бірге үміт сөнеді, отбасы мүшелерінің де жақсы өмірге талпынған арман-мұраты көміледі, бір отбасының шаңырағы ортасына түседі. «Шешем мәтелдеп, «дүниенің кеңдігін қайтейін, етігің тар болса» деп отырушы еді. Сол айтпақшы, дүние кең болғанымен, етігім тар болды. Он төрт жыл бойы тар қапаста жатып, дүниенің кеңдігін сезе алмадым. Біздің отбасы ұшы-қиыры жоқ жері бар осы елден бір үй салатын ұлтарақтай жер ала алмай зарлады-ау», – дейді аты жоқ адам.
Романдағы бейкүнә құрбан – басты кейіпкердің ғашығы Әния. Әкесін түрмеден құтқарамын деп тәнін сатуға мәжбүр болады. Соның «арқасында» әкесі тұтқындалмай, екінші рет әйел алып, балалары да дүниеге келеді. Ал Әния арқыраған аждаханың аузына өзін-өзі лақтыра салады. Ақыр соңында ауруға шалдығып, қатыгез тағдыр бар сұлулығын сорып, өңіне кешірілмес өкпенің ізін қалдырады. Уәдесін орындамаған «ғашығы» он төрт жылдан кейін қайтып оралғанда бұл жеккөрініш айқын сезіледі. Бірақ ертесі бірден өмірмен қош айтысады. Тап бір соның ғана келгенін күтіп отырғандай. Бірақ бұл сонау жылғы махаббаттың ұшқынынан туған сағыныштың ізі емес. Бұл Германияға сатылып кеткен перзентті өз әкесіне аманаттап, ана жүрегінің мәңгілік тыныш тапқаны еді.
Пойызда кездескен Әлияның бейнесі өзгешелеу. Оның мінезінен еркіндік сезіледі. Бірақ автор оның тағдырына тереңдемейді. Әлия тек оқиғаны байланыстырушы бейне ретінде, кейде басты кейіпкердің тас-талқан болған өміріне енген үміт сияқты көрінеді.
Романда: «Бар қазақтың проблемасы осы жерде шешілді». «Үкімет адамдары менбілемдік жасап, қарашаның үйін бей-берекет қиратып тастауға болмайтынын түсінді. Сол жолы біз қарсы тұрмасақ, Ағыраптың айналасындағы шағынауданның бәрі күрелер еді», – дейді Әнияның әкесі Қабыл. Иә, бейбіт те тыныш өмір қашанда жазықсыз жандардың қанға бөккен қасіретінен туады. Бақытты ғұмырдың артында азап шеккен адам атаулының тағдыр табы жасырынып жатады. Алма-кезек ауысқан өмірдің заңы – осы.
Романда басты кейіпкердің аты мүлде аталмайды. Себебі бұл тек бір адамның басындағы қасірет емес, ағыраптың таразы тасында теңселіп күн кешкен көпшіліктің жан айқайы, арман күнді аңсап айтқан жоқтауы. Елдестің есінен айырылып, жарымжан күйге түскенде де өткен шақтың белгілері сөзі мен іс-әрекетінен көрініс табатын тұсы бар. Ғұмыр жолында көңілде қалған, тәнде таңбаланған ауыртпалық адам жанынан өшпейді. Жанның жарасын кеудеден ешкім суырып ала алмайды.
Сөзіміздің соңын Қанат Әбілқайырдың мына сөзімен түйіндегіміз келеді: «Біздің елді дәл қазір жұмаққа теңей алмайсың, тозақта жүрміз деуге де ауыз бармайды. Мемлекетіміз сіз айтып отырған Ағырапқа ұқсайды екен», – деді. Оның тәпсірлеуіне қарағанда дамыған Батыс елдері жер бетінің – жұмағы, соғыс болып жатқан елдер – тозақ. Ал біз Ағыраптамыз! Мен ол оқырманның пікірімен мүлде келіспеймін. Қазақстан жер бетіндегі жұмақ мекенге айналуы керек. Солай боларына сенейік!»
Гүлзат БАЙҚОНЫС




