☀️
12°C
Қонаев
Сенбі, Наурыз 28, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Әдебиет

    ӘЛДЕРБАЕВ ӘЛЕМІ

    28.03.2026
    in Әдебиет, Барлық жаңалықтар, Руханият
    ӘЛДЕРБАЕВ ӘЛЕМІ
    0
    SHARES
    0
    VIEWS

    Алғашқы таныстық

    Ат тұяғының дүбірі аулаға кіре бере саябырлады. Шайға осы әзір ғана отырған әкем:
    – Қарашы, түн қатып жүрген кім екен? – деп маған бұрылды.
    – Тәйірі, жалғыз үй емеспіз ғой. Жолаушылап жүрген біреулер болар? Бала да картоп түптеп, жылқыларды тұсап келгені жаңа ғана. Мазасын ала берме, – деп анам жаны ашып, маған араша түсті.
    Сөздің соңын күтпестен, тысқа жүгіріп шықтым. Ауланың жарығын жарқ еткізіп жаққанымда, аттарын мама ағашқа байлап жатқан екі кісіні байқадым. Екеудің бірі – еңгезердей, қапсағай денелі, қара мұртты адам маған қарай жүрді де:
    – Әкең үйде ме? – деп сұрады.
    – Үйде! – деп тақ ете түстім.
    – Жол болды деген осы, – деді екінші жолаушы. – Бәрекелді, жарық жаққаныңа қарағанда, осы үйдің үлкенісің-ау, сірә?
    – Иә, дәл солай, – деп қойып, бейтаныс кісілермен қол алысып, амандастым.
    Меймандар сулықтарын жүре шешіп, табалдырықты аттай-маттай кірер-кірместен: «Үйде болғаныңыз қандай жақсы болды», – деп сөйлей енді. Әкеме қол беріп амандасып, бірден әзіл араластыра, жөн сұраса бастады.
    – Жездеке, түнделетіп жүргеніміздің себебі ертең Екіаша жайлауына мәртебелі меймандар келмекші. Солар жол-жөнекей түстеніп кететін үй – өзіңіздің үй деп ұйғардық. Сіздің үйден бір малдың басын жегізіп, аттандырсақ деген ой ғой.
    Сөздерінен бұлардың анама бауыр болып келетінін аңдадым.
    – Әй, сендердің қонақтарыңды қол қусырып қарсы алатын мен емес, – деді әкем балдыздарына батыра айтып. – Көнбесеңдер, әпкелерің, міне, отыр, мінгестіріп алып кетсеңдер де ренжи қоймаспын.
    – Жоқ, жездеке, әпкеміз жаныңызда қалсын, – деп күлісті олар. – Дегенмен, бұл жолғы қонақтардың жөні бөлек. Елге Молдан ініңіз бен Дәулет бауырыңыз келмекші. Қалғанымыз – солардың қолпаштаушыларымыз.
    – Солай ма?! – деп қасын керді әкем. – Е, Молдан келсе, дастарқанымыз дайын ғой. Шақырып келтіре алмайтын қадірлі адамдар ғой. Олай болса, әкеле беріңдер қонақтарыңды!
    – Е, бәсе, – деді қара мұртты кісі. – Өзіміз де жөн білетін адам ғой деп ат басын бұрып, сізге арнайы келіп отырмыз. Мына Меркінің көпірін тасқын алып, өр жолды жырымдап кетіпті. Мәртебелі меймандар автокөліктерін Кеген айналдырып, өздері ат көлікпен өтпекші. Біздің де жүк тиеген көлігіміз Кеген айналып келетін болды. Екіаша жайлауына үй тігіп, сол жерде қонақ күтпекшіміз. Қазіргі бет алысымыз – сол жайлау.
    Мән-жайға қаныққан әкемнің көңілі жайланайын деді. Ендігі сәтте оның ойы – асыққан жүргіншілерге түнде сапарлаудың қауіптілігін айтып, қондырып, ертесіне аттануға көндіру.
    – Жата-жастанып, таң ата аттаныңдар. Қазір әпкелерің тамақ салады, – деп еді ана екеуі:
    – Ойбай, жездеке, рахмет! – деп ат-тонын ала қашып, ақталғандай жағдайды түсіндіріп бақты. – Жайлау жаңбырсыз болғай деген ізгі тілеумен кетіп барамыз. Сондықтан, түнделетіп жетіп алып, дереу дайындық қамына кіріспекпіз.
    Осыны айтып, түнгі жолаушылар сыртқа беттеді. Оларды аттандырып салып, үйге оралғанымда:
    – Көрші Қадыржан мен Мәкенді, Мәрия мен Мұратты шақыр! – деді әкем бұйыра сөйлеп.
    – Отағасы, не боп қалды? – деп олар үйге үрпиіп, үрке кірген. – Суыт шақырдыңыз ғой? Түнделетіп жүргендер кімдер?
    Әкем қолындағы шай құйылған кесесін қойып жатып:
    – Ертең екі министр бастаған бір қауым қонақ келмекші, – деді сабыр сақтап. – Соларды дұрыстап күтіп жіберуіміз керек. Сондықтан да, келіндер үйдің тазалығы мен ас қамына кірісіп, біз сойыс малын реттеп қоюымыз қажет. Таң атқанша көз ілмей, әзірлікке кірісіңдер. Сатушы қыз ауылда ма екен, оны біліңдер. Дүкендегі барын әкелсін аямай. Гүлсімді де қонақ күтуге шақырыңдар.
    Осылайша, түнделетіп, қонақ күтудің қамына кірісіп кеткенбіз. Әйелдер қауымы үй жинап, ас мәзірін қамдауды қолға алса, біз соятын малды әзірлеп, қазан-ошақты дайындап, түні бойы тыным таппадық. Өңірге жарық түскенде, мен атты ерттеп мініп, Орта Меркіде бие байлап отырған ағайындардан екі мес қымыз әкеліп үлгердім. Сөйтіп, түске дейін қонақтарды күтіп алуға әзірлік толығымен орындалды.
    Көп кешікпей, бірнеше атқа мінген жүргіншілердің қарасы да көрінді. Топ алдында тұлғалары өзгелерден ерекшеленіп екі адам келеді. Бұлар – сол кездері екі министрлікті басқарып отырған Молдан Әлдербаев пен Дәулет Серікбаев екенін кейін білдім. Оларды аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Үмбетжан Нұрғазиев, аудандық атқару комитетінің төрағасы Сәдуақас Серкебаев, Көлбастау кеңшарының бас маманы Разақов және атқосшы жігіттер жолдан күтіп алып, бастап келеді. Сүт пісірім уақыттан соң жолаушылар үйдің жанына жетіп, аттарынан түсе бастады. Оларды әкем бастаған ауыл ағалары қарсы алып, сәлемін беріп жатыр.
    Дастарқан басында ел мен жер жайлы, мал мен жан хақында біраз әңгіме ағытылса керек. Шыны керек, менің кіріп-шығып жүргенім болмаса, көбіне сыртта жүрген соң не жайлы айтылып жатқанын ести қоймадым. Десе-дағы, мен кеңшарды былай қойып, аудан басшыларының өзі қонақтарға көрсеткен сый-құрметіне қарап, Алматыдан келгендердің тегін адамдар емес екенін қапысыз ұқтым.
    Түстеніп болып, жайлауға аттанар алдында қонақтар тыста тұрып, біраз сөйлесіп қалды. Жанындағы жігіттер мама ағашта байлаулы тұрған аттарды әкеліп, қонақтардың алдына тосып жат­қанда, әкеме аттардың тұрқы ұнамай қалғанын қабағына қарап сездім. Әсіресе, Дәулет аға мінген ат тым майда, бойы кішіректеу көрінген. Хас батырдың тұлғасындай кескіні ересен Дәулет аға атқа мінгенде, мәстектің үстінде отырғандай әсер қалдырады екен. Соны көргенде, әкем шыдамады, білем:
    – Әй, осындай атпал азаматтарға есек мінгізгендей болып мына дайындап қойған аттарың не өзі? Тұлпар мінгіз­сеңдер, жараспай ма? Жарайды, бұл кемшілікті мен түзетейін. Әй, Жақыпжан, ана айғырды ерттеп әкел демде! – деді бұйырып.
    Әкенің айтқанына қарсы тұруға бізде қауқар қайдан болсын? Малдың да, жанның да иесі – өзі. Есік пен төрдей керілген керемет келбетті, мүсінді, жылқы­мыздың құты іспетті күрең айғыр­ды ерттеп әкеліп, алдарына тостым. Дәулет аға соған мінгенде, аты мен адамы үйлесіп, баяғының батырларындай кейіпті көз алдымызға келтірді.
    – Міне, енді жарасты, – деді әкем сүйсіне сөйлеп. – Қазақтың асыл азаматтары осындай сәйгүлікке мініп жүрсе болмас па?!
    Әкем күрең қасқаның жалынан сипалап тұрып:
    – Сырты түк, іші боқ бір жануарды сенен несіне аяп қалайын? Дәулет, інім, мына ат саған жасаған сыйым болсын, игілігіңе мін, – деді.
    – Өй, рахмет, аға, – деп Дәулет аға аттан түсіп, күректей алақандарымен әкемнің қолын қысып, сілкілей берді. – Бұл жақсылығыңызды ұмытпаспын.
    Ауылдағы қарапайым қариядан мұндай ірілікті ешкім де күтпесе керек, бәрі де ризалығын жасыра алмай, жарыса алғыстарын айтып жатыр. Дәулет ағамен бірге Молдан аға да әкеме ыстық ықыласын білдірді. Осылайша, сый-құрметке бөленіп, қонақтар жолға шықты.
    Жайлауда қымыз жоқтай екі месті теңдеп алып, мен келемін тепеңдеп. Жолда ат шалдырып тоқтағанда, қонақ­тарға қымызымды ала жүгіремін.
    – Әй, бала, қымыздан гөрі, аштылау бірдемең бар ма? – деп сұрады бірі. Қонақтардың құлаққасын түсіне қойған атқосшылар дастарқан жая қойды.
    – Бұл жерді Көктөбе деп атаймыз, – деді Үмбетжан, төбесі үшкіл биікті иегімен нұсқап. – Мұның басына ұлы Мұхтар Әуезов шығып, Құлагер ақын Ілияс Жансүгіров жырға қосқан. Мына қарсы алдымызда көрінген – Екіаша, Беркіаша жайлаулары, басында бұлт ойнап тұрған Баржық тауы. Асып түссе – Меркі аңғары. Артта қалған қара тау – Қулық тауы. Әнеубір Бестөбенің аңғарында Мұқаң үй тіккізіп, «Қилы заманды» жазған. Сойысын жеткізіп, күнбе-күн қымызын жаңалап, Қолтыққа келген елдің игі жақсылары мен жайсаңдары Албан көтерілісінің қыры мен сырын Мұқаңа құлағдар жасаған.
    Осыны бір айтып, Үмбетжан сөзін сабақтай түсіп:
    – Жаңағы біз түстенген үйдің иесі Нұрғожа Тезектің аспалы көпірі арқылы Мұқаңа қымыз бен құрт-май тасыған бозбаланың бірі болған, – деді. – Ол кісінің ақын Сара мен Біржан Салды құйқылжытып айтатын өнері де бар. Мұқаңды сергітуге әнші, жыршы жас­тарды да жиі жіберіп отырған.
    Міне, Молдан Әлдербаевпен алғашқы таныстығым осылай басталған-ды.
    Жылдың төрт мезгілінде төрт түліктің күтімімен жүретін ауыл баласы нені армандайтын еді? Дегенмен, ол кездің жастары тым арманшыл болатын. Қарапайым ауыл баласының арман-мақсаты қалай асқақ еді?!
    Мен алғашқы еңбек жолымды ауыл мектебінде мұғалімдіктен бастап, әскерден келгеннен кейін білім қуып, Алматыға аттанғанмын. Сонда оқып жүргенде Молдан аға жайлы білетінім арта түсіп, құрметім еселеп өскен. Еліне адал еңбек ете білген Молдан ағаның еліміздегі зиялылар қауымының көшін бастаған кезі сол екен.

    Қонаевтың министрі

    Сонымен, Молдан Әлдербаев деген кім еді?
    1925 жылы Кеген ауданына қарасты кішкентай Қарабұлақ ауылында шаруа отбасында дүниеге келген сәбидің өмірі өзгелерден ерек болды деп айта қоймаспыз. «Кішкентай ауыл» демекші, осы тұста Молдан ағаның өзі әркез мақтанышпен еске алатын мына бір оқиғаны айтпай кетуді жөн көрмедік. Бірде Қонаев сол ауылдың үстімен өтіп бара жатқанда біреу: «Мынау кішкентай ғана ауыл Қарабұлақ деп аталады», – депті. Сонда сырбаз Қонаев жұмсақ, қоңыр дауысымен: «Министр Әлдербаев туып-өскен ауылдың кішкентай болуы әсте мүмкін емес», – депті.
    Балалық шағы ұжымдастыру нау­қанымен тұспа-тұс келген Молданның өзі тұрғылас балалармен бірге ерте бастан еңбекке араласып, тіршілік үшін күреске түскені белгілі. Ашаршылық бұл ауылдың жұртын баудай қырмаса да, адамдардың өмірін ауырлатып, тұрмысын тұралатып кеткен. Сондықтан, бала Молдан да сауат ашу мен еңбекті қатар ұштастырып, қиындықтарда шыңдалған ұрпақтың қатарынан табылған. Әкесі мен анасына көмектесе жүріп, артынан ерген інісі мен қарындасына бас-көз болу да өзіне бұйырыпты.
    Ел еңсесін енді көтеріп, ес жиып, етек жапқан кезде қарғыс атқыр соғыс келіп жеткен іргемізге. Әкесі Әлдербай алғашқылардың қатарында әскерге алынып, Отан қорғауға аттанып кете барғанда, үй мен түздің ауыртпалығын анасы Қайша мен әлі де буыны беки қоймаған Молданның иығына түскені тағы белгілі. Ол аз болғандай, 1942 жылдың күзінде жасы 18-ге толар-толмастан мұны да әскер қатарына шақырған еді. Бойы мен салмағы талаптарға сай келе қоймаған бозбаланы бірден майданға салмай, ең алдымен, Қиыр Шығысқа аттандырғаны да қанды қасаптан аман қалуына сеп болды ма, кім білсін?! Фашистік Германияның Шығыстағы одақтасы – милитаристік Жапония шабуыл жасайды деген қауіппен Қарулы Күштердің біраз бөлігін осында ұстауға мәжбүр болған еді ғой. Молдан осы жақта әскери қызметін бастап, соғыс өнерінің қыр-сырын меңгерген. Жапония Кеңес одағына шабуыл жасамайтыны белгілі болғаннан кейін ғана әскери құрамдарды Германиямен соғысқа бағыттап, жауынгерлер мен әскери техника тиелген эшелондар батысқа қарай ағылған. Осылайша, Молдан Әлдербаев 252-мамандандырылған арнайы батальон құрамында 3-Украин майданына ұрысқа кіріп, Одесса қаласынан Венаға дейін соғыстың сұрапыл жолымен жүріп өтеді. Көрер жарығы болды ма екен, жанынан суылдап өтіп жатқан қорғасын оқтар мен айналасында үздіксіз жарылып жатқан минаның жарықшақтары бұған тимепті. Жеңіс күнін Венада қарсы алып, енді үйге қайтамыз деп отырғанда, жас жауынгерлерді Болгария мен Румынияда біраз ұстап, 1948 жылы әскери-теңіз флотының құрамында Финляндияның Порккала-уд түбегіндегі әскери құрамаға орналастырған болатын. Осы жерде 1950 жылға дейін қызмет етіп, араға сегіз жыл салып, елге оралған.
    Екінші дүниежүзілік соғыс аяқтал­ғаннан кейін бес жыл өткенде, бойы да, ойы да өскен сақа жігіт шағында елге оралған Молдан ағайын-туғанмен қауышып, сағынышын басқасын, тір­шілік қамына кіріскен. Алайда ауылда жас жігітке лайықты қызмет жоқтың қасы болатын. Содан ол «Тау шелек леспромхоз» деп аталатын орман шаруа­шылығына орналасып, таудан ағаш дайындаумен айналысқан. Осы шаруа оның болашақ мамандық таңдауына әсер етті десе де, болады. Молдан Ресейдің Красноярск қаласындағы орман-техникалық инсти­тутына түсіп, орман және ағаш өңдеу өнеркәсібінің маманы болып шығады. Бұл ол кезде қазақ жастары үшін өте сирек кездесетін кәсіп еді ғой. Институт бітіріп келгесін Молдан еңбек жолын бастаған «леспромхозда» бас инженер болып біраз қызмет етіп, ақырында «леспромхоздың» жабылуына байланысты Алматыға ауысады. Мұнда алғашында ағаш өңдеу комбинатында цех бастығы болып орналасып, аз уақыт ішінде өндіріс жұмысын жолға қойып, басшылардың назарына ілігеді. Осы жерде жүріп, Мәскеудегі инженер-құрылысшыларды даярлайтын Бүкіл­одақтық сырттай оқитын институтқа түсіп, оны қызыл дипломмен бітіріп шығады. Молданның қызмет бабындағы өрлеу жолдары осы кезден басталғанын байқаймыз.
    Өзі еңбек еткен саласын табысқа бастап, сенім үдесінен шыға білген білікті маманды әбден кетеуі кетіп тұрған өндірістерге жіберіп сынап байқаған сыңайлы. Алдымен «СМУ-17» (құрылыс-монтаждау басқармасы) мекемесінің бастығы болған Молдан ұйымдастырушылық қабілетімен һәм білім-білігімен көзге түседі. Ұзақ уақыт әскери қызметте қатаң тәртіпке қалыптасып қалған дағды, жеке басының асқан жауапкершілігі мен еңбекқорлығы тапсырылған саладағы табыстарға бастаған. Мұның еңбегін бағалаған жоғары басшылар алдымен орысша «Госплан» деп аталатын Мемлекеттік жоспарлау комитетіне, соңынан Қазақстан Компартиясы орталық комитетіне жұмысқа шақырады. Орталық комитетте өзі жақсы білетін құрылыс саласына жетекшілік жасап, маңызды саланың өркендеуіне сүбелі үлес қосқаны анық. Бұл жерде де жеткен жетістіктері бағаланып, Қазақ ССР Орман және ағаш өңдеу министрлігінің басшысы – министр лауазымына тағайындалады.
    Елімізде әр жылы жоғары қызметтер атқарған азаматтар жетерлік. Мемлекет басшысы, министр болғандардың есім-сойларын іздеп тауып алуға болады. Ал аты-жөні халықтың жадында жатталып қалғандары некен-саяқ. Міне, осы «некен-саяқтардың» қатарына біз әңгіме етіп отырған Молдан Әлдербаевты әбден қосуға болады деп сенімді түрде тұжырымдай аламын. Неге дейсіздер ғой? Айтайын.
    Молдан Әлдербаев министр болып тұрған кезде Қазақстанда жиһаз жасай­тын бірнеше фабрика іске қосылып, мұнда жасалынған өнімдер КСРО республикаларына ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де шығарылғаны жұрт жадында және де бұл жиһаздар шетелдік өнімдермен бәсекеге түскені де айдай шындық. Орманы ойсыраған, ағашы да аз республикада ағаш өңдеу өнеркәсібі өркен жайып, бұрын-соңды жасалынбаған «ДСП», «ДВП» атты өнімдер пайда болғаны да – осы кез. Дегенмен, Молдан ағаның министр орынтағында отырғандағы ерекше бір қызметі – қазақтың киіз үйін өте сапалы әрі өндірістік жолмен мың-мыңдап шығара бастағаны деп атар едік. Ол енді – жеке бір әңгіменің тақырыбы. Бұл – Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінде туфлиін шешіп алып, «Мен сендерге шаяндардың қайда қыстайтынын көрсете­мін!» деп тоқпақтайтын бас хатшы Никита Хрущевтің кезі болатын. Бір жолы Қазақстанға жасаған сапары барысында Никита Сергеевич малшылардың ескі киіз үйлерді паналап отырғанын көріп: «Коммунизм құрылысшылары мұндай лапастарда тұрмауы керек. Дереу заманға лайықты жылжымалы баспана салуды жолға қойыңдар! – деген пәрмен береді. Айтты, бітті. Осы тапсырманы орындау үшін небір қасқабастар жұмыс істейтін Одақтық деңгейдегі бірнеше жобалау институты іске кірісіп кеткен. Дөңгелек үстіне орнатылған жылжымалы үйлердің ондаған нұсқасы комиссияның назарына ұсынылып, көрмеге қойылады. Бірақ бұлардың біреуі де көңілге қонбайды, өйткені бәрі де біздің жағдайымызда пайдалануға жарамсыз болып шығады.

    Киіз үй өндірісін өркендетті

    Елімізге ширек ғасыр бойы жетекшілік жасаған кемеңгер басшы Дінмұхамед Қонаев ойлана келе, мыңдаған жыл бойы сынақтан өтіп, ата-бабаларымызға құтты пана болған, киелі қара шаңырақтың рөлін атқарған киіз үйдің негізінде сапалы әрі сәнді үйлерді өндірістік негізде шығаруды қолға алу жайлы тапсырма береді. Бұл жауапты да күрделі жұмыс жаңадан тағайындалған Орман және ағаш өңдеу министрі Молдан Әлдербаевқа жүктеледі.
    Қонаев өзекті мәселені жан-жақты талқылай келе:
    – Жолдас Әлдербаев, сен барған министрліктің жетісіп тұрған жері жоқ, оны жақсы білеміз, – деп оған нақты тапсырма береді. – Ағаш дайындау, оны өңдеу өндірістерің тек шығын әкеледі. Жиһаздарың да мардымсыз, жиһазды басқа республикалардан тасымалдап жүрміз. Сені халық шаруашылығының осы саласын көтерсін деп жібердік. Осы тапсырманы мүлтіксіз орындау қажет. Бірақ қазіргі жағдайда басқа жұмысты қоя тұрып, ең алдымен, киіз үй мәселесін шешуді қолға аласың. Саны да, сапасы да республикамыздың сұранысын толық қанағаттандыратын өндіріс орнын іске қосуың керек. Бұл міндетті орындау жауапкершілігін сізге министр ретінде тапсырамын. Сіздің министрлік қабілетіңізге бағаны осыған қарап беретін боламыз!
    Десе-дағы, Димекең бұл маңызды істе оны жалғыз қалдырмайтынын, Орталық комитет пен үкімет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін қоса жеткізді.
    Тапсырма түсінікті. Тек оны жүзеге асырудың жолдары беймәлім. Демек, жаңаша ойлап, мәселені шешудің тың жолдарын қарастыру қажет. Осылайша, Молдан аға, ең алдымен, Үштөбе қаласында орналасқан киіз үй фабрикасына барып, ондағы жағдаймен танысады. Өндірістің аумағы өте үлкен, теміржол тораптары бар болғанымен, екі цехқа орнатылған станоктардың тозығы жеткен, ағаштар сапасыз екені байқалады. Тақтайдан тіліп жасалған уық, керегелердің ұзақ пайдалануға жарамайтыны түсінікті. Ал, оған қажетті талдарды дайындау ұзақ уақыт пен қол еңбегін қажет етеді. Министрліктің білікті мамандарының есептеуі бойынша үкімет талап етіп отырған деңгейге шығып, жылына 20-25 мың киіз үй шығару үшін 2 мың гектар жердің ағашын кесу керек екен. Ал елімізде ондай мүмкіндіктер қайдан болсын? Оның үстіне, талмен жұмыс істеу тек қол еңбегін талап етеді. Демек, механикаландырылған жолмен өңделетін материал табу аса маңызды.
    Осыны талқылау кезінде министр қарамағындағы инженерлерден ағаш­тан жасалса да өте төзімді, өзі майысқақ, формасы түзу емес шаңғыны неден жасай­тынын сұрады. Отырғандардың бәрі бір сәт ойланып барып, оны ақ қайыңнан жонып алған шпоннан, оның бірнеше қабатын желімдеп, пресс-формаға салу арқылы иіп жасайтынын баяндайды. Ендеше, неге киіз үйдің кереге, уық, шаңырағын осы тәсілмен жасамасқа деген ой бірден қолдау тапты.
    Киіз үйдің сүйегі тек талдан жаса­лынсын деген қаулыны кері қай­тарып, жаңа технологияны қорғап шығу оңай болмағаны белгілі. Сонымен бірге, киіз үй жасауға қажетті бөлшектердің әрқайсысы туралы зерттеу жүргізіп, оны ғылыми негіздеу де инженер-ғалымдар мен экономистердің қажырлы еңбегін қажет еткені рас. Бұл орайда Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың абырой-беделі үлкен рөл атқарды.
    Тапсырылған істі жүзеге асыру үшін Молдан Әлдербаев күндіз күлкіні, түнде ұйқыны ұмытып, сенімді ақтау жолында ерен еңбек сіңірген болатын. Киіз үйдің сүйектерімен бірге киіздің өзін табиғат құбылыстарына төзімді, су өтпейтіндей етіп жасау өзекті мәселелердің бірі болып қала берді. Бұл ретте, көшпелі елдің мәдениетін паш етерліктей, сәні мен сапасы сәйкес келетін алты және сегіз қанатты ақшаңқан үйлер жасауды Молдан Әлдербаев өзінің жеке жауапкершілігіне алған. Жұмсалған ұжымдық еңбектің нәтижесінде, Үштөбе қаласында ірі өндіріс орны пайда болды. Бірнеше өндірістік корпус салынып, комбинатта бес жүз адам еңбек етуі – мақтанарлық іс. Киіз үйді жасау технологиясы толығымен механикаландырылды. Киіз үй жасауға қажет талдың орнына бағасы әлдеқайда арзан, ақ қайың мен теректен алынатын өте сапалы, әрі төзімді шпондар пайда­ланыла бастады. Ең бастысы, еліміз­дің малшылар қауымы ұзақ мерзім пайдалануға жарайтын, көшіп-қонуға ыңғайлы, сапасы мен сәні келіскен қазақ үйлермен қамтамасыз етілді. Сөйтіп, аты күллі Кеңес одағына, шетелге де белгілі болған министр Әлдербаевтың жігері мен іскерлігінің арқасында бір жаппаға жарымай жүрген малшылар жаңа киіз үйлерге қарық болған.
    Димекең оның осындай құнды қасиеттерін, үлкен адамгершілігін қатты бағалайтын. Өзінің басына туған сын сағаттарда кісілігін көрсетіп, қасынан табылған жалғыз министр осы Әлдербаев болатын. 1987 жылдың жазында өткен Қазақстан Компартиясының әйгілі пленумында есеп беруші обкомның басшылары мінберге шығып алып, Қонаевты жабыла жамандайды ғой. Сонда пленум үзілісінде Молдан аға Димекеңе сәлем беріп, оны жалғызсыратпай, «ертеңім не боладысын» бір сәт те ойламай, «халық жауына» айналдырғысы келген жанмен қатар тұрған. Содан кейін көп ұзамай-ақ министр Әлдербаев қызметінен алынады. Шамасы, оны «Қонаевтың қойған адамы», «Қонаевтың министрі» деп санаса керек.
    Асылы, азаматтың тағдырында әйел затының алар орны орасан зор ғой. Ақылды әйел ерінің жандүниесін ұғады, қадір-қасиетін үстей түседі. Молдан ағаның өмірлік жары Клара өн бойында осындай шуағы мол, жүрегі кең жан еді. Молданның анасы Қайшаны қолдарына алып, бар мейірімін төгуінің өзін жыр қылып айтуға болушы еді. Молдекеңе Дастан, Асан есімді екі ұл сыйлап қана қоймай, алғашқы әйелі Галинадан туған Әсия мен Әсетті де жанына жақын тартып, жүрегінен орын беруін аналық махаббат десе жарасатындай. Үйдің тазалығы, жұбайының киімі мен келбетін келіс­тіруі, меймандарға жасайтын қошемет-құрметі, ағайын-туысты сыйлауы мін тапқызбайтын.
    Бірде Клара жеңгей: «Молдан маған сүйікті отбасын асыраушы ғана болған жоқ. Парасат биігіндегі тұлға болып, өмірлік тағылымдарды үйрете білді. Шіркін, Молдекеңнің өмір жолы ақ қағазға қатталса, өнегесінің тұнық бастауынан әркім-ақ сусынын қандырар еді», – дегенде, «Өткен шақта сөйлеп отырғаны қалай» деген ой келсе де, аса мән берген жоқ едім. Сонда ол өзінің бақилық боларын білген екен. Атпал азаматтың асыл жары аяқ асты ауру меңдеп, бұл дүниемен ерте қоштасады деп кім ойлаған? Ғажап, ғазиз жан дерті жанына батқанын білдірместен, Молдекеңнің 70 жылдық мерейтойын өткізіп барып, бақилық болды. Сыңарынан айрылған аққудай аңырап асыл жары, бағып-қағып, жеткізген балалары ардақты анасын жоқтап артында қала берді. Әрине, ешкім де мәңгілік емес, бәріміз де мына дүниенің қонағы сияқты, ерте ме, кеш пе, түстеніп болғандай, алыс сапарға аттанып кете барамыз. Маңдайға жазған ғұмырымызды жасап, мәңгілікке кетеміз.
    Бүгіндері Молдан аға қасымызда жоқ. Бәлкім, тірі болса, оның жүз жасқа толғанын дүрілдетіп атап өтер ме едік?! Қайран ағам-ай, есіл ерім-ай, жалт еттің де, жоқ болдың, жүрегімізді сағыныш сазына тербетіп, біз отырмыз. Алайда өнегелі ісімен, ақыл-парасатымен еліміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып, соңынан өшпес із қалдырған асыл да ардақты азаматтың жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгілік жасай береді.

    Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВ,
    жазушы

    Соңғы жаңалықтар

    «Көктем-2026» шақырылымы – шекарада!
    28.03.2026
    Шекарашы ардагерлер Наурызды тойлады
    28.03.2026
    Махаббат мәні
    28.03.2026
    Домбыраның үнін ұққан
    28.03.2026
    Түтін жұтқан тұншығады
    28.03.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>