Алматы іргесіндегі Қарасай ауданында өнер мен мәдениет қайраткерлері көптеп тұратыны белгілі. Халықтың өнері мен рухани дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан азаматтар еліміздің болашағына тікелей ықпал ететін жаңа Конституцияны қабылдау референдумына да бір кісідей атсалысуда. Солардың бірі – театр және кино актері, Қазақстанның халық әртісі Болат Әбділманов.
– Кез-келген мемлекетті өзгелермен тең ететін – экономикасы мен ішкі-сыртқы саясаты ғана емес, ең алдымен оның өнері мен мәдениеті. Осы орайда қазақ елі қайталанбас құндылықтарымен, өрелі өнерімен ерекшеленіп келеді. Соңғы жылдары театр және кино саласында айтарлықтай биіктерді бағындырғанымыз белгілі. Ал осы үрдістен жаңылмай, алдағы уақытта да озық туындыларымызбен көріне беру үшін елдегі тұрықтылық пен татулық ауадай қажет. Міне, азаматтардың бостандығы мен құқықтарын қорғап, еркін дамуына кепілдік беретін Ата Заңымызды қолдау – біздің парызымыз, – деген актер өз таңдауын жасап, референдумда белсенділік танытты.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы




