Алматы облыстық мәслихат депутаты Нұрлан Түймелиев жаңа Конституция қабылдауға қатысты өз таңдауын жасады. Іле ауданындағы №401 учаскеге келіп, дауыс берген Нұрлан Лесұлы өңірдегі референдумның өту барысына тоқталып, алда күтіп тұрған өзгерістер жайында пікір білдірді.
«Бүгінгі өзгерістердің түпкі мақсаты – мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайту. Жаңа Конституция басқару жүйесін жаңғыртуға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтуге бағытталған. Референдум – әр азаматтың өз ұстанымын білдіретін маңызды саяси кезең. Бұл – ел тарихындағы маңызды белес. Мен халыққа қызмет етіп жүрген депутат және кәсіпкер ретінде Президентіміздің ашық әрі әділетті экономика құру керектігі жайлы айтқан сөздерін толықтай қолдаймын. Тұғыры берік ел болуымыз үшін экономикамызды дамытып, бәсекелестікті күшейтуіміз керек. Ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Тәуелсіз Қазақстанның даму жолында жұмыла еңбек етсек, экономикасы мықты мемлекет құра алатынымызға сенімім мол. Жаңа Қазақстанды бәріміз бірге өркендетейік!» – деді депутат.
Ерзат Асыл,
Іле ауданы




