Қонаев қаласында тұрғындарға дауыс беру учаскелеріне кедергісіз жету үшін қоғамдық көліктер тегін қызмет көрсетеді. Бұл бастама азаматтардың референдумға белсенді қатысуына бағытталған.
Қонаев қаласы әкімдігі аппаратының өкілі Рахман Шахарбектің айтуынша, қала аумағындағы барлық қоғамдық көлік бүгін кешке дейін тегін қызмет көрсетеді.
«Бұл – азаматтардың учаскелерге еркін барып, өз таңдауын жасауына бағытталған шара. Қала тұрғындары осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып жатыр», – деді ол.
Мұндай бастама тұрғындардың саяси науқанға қатысуына қолдау көрсетіп, олардың азаматтық белсенділігін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар қала әкімдігі тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қоғамдық көлік қозғалысын бақылауда ұстап отыр. Жолаушыларға қажетті жағдай жасалып, көлік қатынасы қалыпты режимде жұмыс істеуде.
Жалпы Қонаев қаласында референдум күні ұйымдастырылған тегін қоғамдық көлік қызметі тұрғындарға маңызды науқанда мерекелік көңіл-күй сыйлап қана қоймай, референдумның жоғары деңгейде өтуіне өз үлесін қосуда.
Құралбек Сәбитов




