Ерте, ерте, ертеде, әдемі гүлдермен көмкерілген алқапта Жарықай есімді кішкентай көбелек өмір сүріпті. Ол күн сайын аспанның шексіздігіне ғашық болып, өмірге мейірлене қарайтын. Жарықайдың бір ерекше арманы бар еді, ол өмірдің ең ұлы құпиясы – махаббаттың не екенін білгісі келетін. Бір күні Жарықай өзінің ең жақын досы қоңыр қоңызға келіп:
– Қоңыз, сен көпті көрген жансың. Маған айтшы, махаббат деген не? Ол қандай сезім? – деп сұрады.
– Махаббат бұл жай ғана сөз емес, оны жүрегіңмен сезіну керек. Менің ойымша махаббат – қамқорлық пен шынайы жақындық. Сен оны біреуге немесе бір нәрсеге шын жүректен қамқор болғанда түсінесің, – деп қоңыз күлімсіреп жауап берді.
Жарықай ойланып, алқаптың әр жерінде махаббатты іздей бастады. Алдымен ол нәзік гүлге барып:
– Гүл, сен өте әдемісің, мен сені қатты жақсы көремін! Сен менің махаббатымсың ба? — деп сұрады. Гүл басын изеп:
– Сен маған қамқор боласың, мені суарып, маған күннің шуағын сыйлайсың. Бірақ нағыз махаббат тек сыртқы сұлулықта емес, жүректегі жылы сезімде, – деді. Содан кейін Жарықай биік ағашқа келіп:
– Ағаш, сен мықтысың, мен сені жақсы көремін! Сен менің махаббатымсың ба? – деп сұрады. Ағаш жылы жүзбен жауап берді:
– Сен менің көлеңкемде тынығып, күлімсірегеніңе қуанамын. Бірақ махаббат бұл тек жылулық алудан емес, сонымен қатар оны арнаудан да тұрады, – деді ағаш.
Сол сәтте ол кішкентай құстардың балапандарына қалай қамқорлық жасап жатқанын көріп, ойға батты. Жарықай құстарға жақындап:
– Бұл махаббат па? Сендер бір-біріңді қатты жақсы көреді екенсіңдер, – деді. Құстар жылы жүзбен күлімсіреп:
– Иә, бұл – махаббат. Біз бір-бірімізге қамқор боламыз, қуанамыз, бір-бірімізді қолдаймыз. Нағыз махаббат – бұл өзгені өзіңнен артық көру және оны бақытты етуге тырысу, – деп жауап берді құстар.
Сол сәтте Жарықай махаббаттың не екенін түсінді. Ол өзінің достарына, алқаптағы әрбір гүл мен ағашқа, жануарлар мен құстарға деген шексіз қамқорлық пен сүйіспеншіліктің бар екенін жүрегімен сезді. Махаббат тек бір адамға немесе бір нәрсеге байланысты емес екендігін, ол әлемді сезініп, өзіңді және өзгелерді шынайы жақсы көруден туындайтынын ұқты. Содан бері Жарықай бұрынғыдан да әрбір сәтті бағалауды үйренді.
Ажар Сұлтан




