Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ғылым саласында еңбек етіп жүрген ғалым әйелдерге тұрғын үй сертификаттары салтанатты түрде табысталды. Бұл бастама – отандық ғылымды дамытуға үлес қосып жүрген жас ғалымдарды қолдауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Пәтер иегерлерінің қатарында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің оқытушысы, ғылыми қызметкері Айым Зейнуллина бар. Ол ғылым саласында белсенді еңбек етіп, зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген жас ғалымдардың бірі.
Айым Ерболқызы бұл күннің өз отбасы үшін ерекше мәнге ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау жас ғалымдарға жаңа мүмкіндіктер беріп, ғылыммен еркін әрі терең айналысуға жол ашады.
«Бүгінгі күн біздің отбасымыз үшін ерекше мерейлі күн болып отыр. Мемлекетіміздің жас ғалымдарды және ғылым саласын қолдауының арқасында біз пәтер иесі атанып отырмыз. Бұл – біз үшін үлкен қолдау әрі зор мүмкіндік. Мұндай қолдау болашақта ғылыми зерттеулермен тереңірек айналысуға, жаңа нәтижелерге қол жеткізуге үлкен жол ашады. Мен үшін бұл – еңбегіміздің жоғары бағалануы деп білемін», – деді ол өз ризашылығын білдіріп.
Айта кету керек, ғылымдағы әйелдерді қолдауға бағытталған мұндай бастамалар еліміздегі ғылыми әлеуеттің дамуына, сондай-ақ жас зерттеушілердің ғылымға деген қызығушылығын арттыруға үлкен серпін береді.



