Ата-бабамыз ежелден газет-журнал, кітапты «тасқа басылған сөз» деп әспеттеген. Осы салада қаншама адам еңбек етіп, өшпес ізін қалдырды. Солардың бірі һәм бірегейі – бұрынғы Алматы облыстық «Жетісу» газетінде еңбек еткен, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Желтоқсан көтерілісінің қаһарман қызы Шолпан Жұмаділова.
Шолпан Жүнісбайқызын ажал арамыздан ерте алып кетті. Егер тірі болғанда осы көктемде 60 жасқа толар еді. Ол өмірден өткенімен, оны көрген, әріптес болған жандардың шексіз құрметі, артында қалдырған мол мұрасы, жазған кітабы мен газет бетінде сақталып, мәңгілік тарихқа айналған отты мақалалары өшпек емес.
Шолпан мектепте оқып жүрген кезінен-ақ шығармашылыққа жақын болды. Алғашқы жазған хабар-ошарлары аудандық, облыстық басылымдарда жарияланды, мұның соңы журналистика деген алып кеме мұхитына әкелді.
Шолпан Жүнісбайқызының өмір жолына тоқталып өтер болсақ, ол 1966 жылы 15 наурызда Кеген ауданы Саты ауылында дүниеге келген. 1983 жылы Жалағаш қазақ орта мектебін бітіргеннен кейін, сол ауылдағы кәсіптік-техникалық училищеде оқиды. Сатының сырбаз қызы ауылдан Алматыға арман қуып, жаңа өмірге жол сілтеді. 1984 жылы Қазақ мемлекеттік Абай атындағы педагогикалық институтының тарих факультетіне күндізгі бөлімге оқуға түсіп, оны 1991 жылы сырттай бітіріп шығады. Еңбек жолын 1987 жылы республикалық «Дәуір» баспасында бастап, 1993 жылға дейін осында корректорлық қызмет атқарды. 1993-1998 жылдары Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде корректор, 1998 жылдан бастап осы газеттің қоғамдық-саяси өмір бөлімінде тілші болып жұмыс істеді. 2000 жылы Алматы облыстық «Жетісу» газетінің саясат және парасат бөлімінің тілшісі, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарып, өмірінің соңына дейін осы ата басылымда еселі еңбек етті.
Ол журналистік қызметімен қатар, бірнеше кітап жазып, рухани қазынамызды толтырды. «Ауыл деп соққан жүрегім», «Қырық шырақ», «Сағынғанды сағындым» жинақтары оқырманның ыстық ықыласына бөленді. Ал Желтоқсан көтерілісі жайлы жазған «Найзағай намыс» кітабы – қайсар қыздың қаһармандық жолының анық көрінісі. Қызметте әріптес әрі ақылшы әпкесі болған Жанкүміс Жәмеңке екеуінің бірлесе жасаған «Біздің елдің жігіттері» мен «Әкелер мен балалар» жобасы қос кітапқа айналды. Бұл – Шолпан Жүнісбайқызының қаламгерлік қуатын көрсететін тың дүниелер.
«Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?!» деп хәкім Абайша айтсақ, қысқа ғұмырында артында ізгі іс, соны із қалдырған Шолпан Жүнісбайқызының өмірден өткеніне де оныншы жылға аяқ басты.
«Жазылар естеліктер мен туралы» деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, Шолпан Жүнісбайқызының есімі ұмытылмады, керісінше ұлықталды. «Жетісу» газетінің 100 жылдық мерейтойында арнайы шығарылған «Ғасыр-ғұмыр» атты кітапқа қаламгер жайлы естеліктер жазылды. Одан бөлек, туған ауылы Сатыдағы Айтжан Түркебаев атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні кабинетіне білікті журналист Шолпан Жұмаділованың есімі берілді. Осы бастамаға мұрындық болған «Жетісу» газетінің бас редакторы Жұматай Оспанұлы мен ақын Мәди Алжанбай осыдан жеті жыл бұрын, мектепке арнайы барып, «Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы Шолпан Жұмаділова атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кабинеті» деп жазылған тақтайшаны іліп, бөлменің төріне қаламгердің шығармашылық өмірін бейнелейтін стенд қойып, қайсар қыз жайлы естеліктерін айтқан еді. Сондай-ақ, осы мектептің өлкетану мұражайына Шолпан Жүнісбайқызының естелік фотосуреттері қойылып, есімі жаңғыра түсті.
Саналы ғұмырында халқына адал қызмет еткен журналисті еске алып, игі шаралар ұйымдастыруда «Жетісу» газеті оқушыларға Шолпан Жұмаділова атындағы сыйақы беріп, спорттық жарыстар өткізіп келеді. Осы игі істің басында жүрген әріптес әрі қанаттас бауыры, ақын Жұматай Оспанұлының айтар естелігі өз алдына бір төбе.
Жұматай Әміреев,
ақын, Жетісу облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторыӘріптес әпкем еді
2004 жылдың маусым айында мен облыстық «Жетісу» газетіне жұмысқа орналастым. Оған дейін Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында актер болып жүргенмін. Сол ағаларымның қолқа салып, шақыруымен ойламаған жерден журналистика деген әлемге алғаш аяқ бастым. Сол күннен бастап, Шолпан әпкеммен тек әріптес қана емес, туған бауырдай болып араласып кеттік. Мен ол кісінің анасын көрдім, 70, 75 жылдық мерейтойларында қызмет етіп, тойын басқарып, қуанышын бөлісіп, өзімнің перзенттік міндетімді өтедім. Анасының тойы туралы айтып отырған себебім, сол кезде Шолпан әпкеміз сол әулеттегі ерекше баланың бірі болғанына көзім жетті. Шолпан әпкемнің қасында жүріп, бауырға деген жанашырлық, айналасына деген кеңдік, қазақы дархандықты көрдім. Ол журналист қана емес, қазақтың қайсар, рухты қыздарының бірі болды. Олай дейтінім, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде алаңда ер-азаматтардың қатарында біздің Тәуелсіздігіміз үшін күресті. «Қазақты қазақ басқарсын!» деп ұрандатып, басынан үлкен соққы алды, оңбай таяқ жеді. Қудаланды, кейін Аллаға шүкір, ақталды. Гұмырының қысқа болуына да сол кезде жаны мен тәніне жапсырып алған сырқат себепші болды-ау деп ойлаймын. Сол 1986 жылдың салдарынан ол қуғын көрді, оқуын тастап, ауылға қашты. Біраз жасырынуына тура келді, сөйтіп оқудан алыстап қалды. Сондай дүрбелеңдерді басынан өткере жүріп, кейін ағаларының қолтығына демеу, жанына сүйеу болуымен өзі армандаған журналистік жолға түсті. Осы жолдағы ол кісінің жанашыр жандарының бірі – сырласы әрі ақылшы әпкесі болған, Қазақ журналистикасының қайраткері Жанкүміс Жәмеңке. Екеуі бөлінбейтін жаңғақтай еді, бір кабинетте отырды. Бірлесе үлкен жобаларды жүзеге асырды. Кейін онысын кітапқа айналдырып, оқырманға ұсынды. Бұл – Шолпан әпкеміздің қатардағы тілші емес, шынымен де қаламгер, публицист-жазушы екенін дәлелдейтін қыры.
Әпкем жайлы айтар естеліктер көп, ол кісі менің көңілімде, жан дүниемде үлкен бір сағынышқа айналып қала берді. Жаны игі жанмен қаншама сапарлас болдым, ол кезде Алматы облысы үлкен бір шаралардың алаңы болса, бір жағы анау Хантәңірінің етегі Нарынқол, бір жағы анау Дегерес, Суықтөбенің баурайына дейін созылып жатты. Осы алып даланы Шолпан әпкеммен бірге сан мәрте араладым. Сол сапарларда оның адами болмыс, қасиетіне қанық болдым. Анасын керемет құрметтеді. Осы Алматы мен Талдықорғанның ортасында анасы үшін шапқылап жүрді. Анасына жиі барып тұруы үшін темір тұлпарды тізгіндеуді үйренді. Апамыз жанынан артық жақсы көретін Шолпанын өз қолымен қара жерге табыстады. Өзі кішкентай ғана апамыз Шолпан кеткенде тіпті шөгіп кетті. Өйткені, Шолпан қазақтың қара өлеңіндегі «Омыртқа ішіндегі жұлындаймын, қыз да болсам әкемнің ұлындаймын» деген бір әулеттің ұлындай, тірегіндей аяулы жан еді.
Ағасы Бақыт Жүнісбайұлы: «Шолпан өте бауырмал, жанашыр, көпшіл, отбасымыздың ортасынан ойып тұрып орын алар тұлға еді. Сатыда туып, ару Алматыда білім алып, еңбек еткен қарындасым ұлттың мақтанышына айналды. Небәрі 50 жасында өмірден озса да, оның жарқын бейнесі соңынан ерген ізбасарларының мәңгі жадында», – деп аяулы қарындасын еске алды.
Бүгінде көзден кетсе де, көңілден кетпеген Шолпан Жүнісбайқызын әріптестері мықты маман ретінде де қастерлейді, үлгі тұтады. Сағынышпен еске алады.
Иә, қаламы арқылы өзгелерге үлгі болып, адалдық пен адамгершілікке жол сілтеген Шолпан Жүнісбайқызының жарқын бейнесі баршаның жүрегінде жарқырап тұрары сөзсіз.
Кеген ауданы
