Өскемен қаласындағы Оралхан Бөкей атындағы орталықтандырылған кітапханада «Болашаққа батыл қадам: кітапхана – жасанды зерде кезеңінде» атты Орталық Азия кітапханашыларының халықаралық конференциясы өтті. Шараға Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының, Талғар аудандық балалар кітапханасының, Райымбек ауданы Тегістік ауылдық кітапханасының кітапханашылары қатысып, тәжірибе алмасып қайтты.
Конференцияның алғашқы күні кітапхана қызметкері Сетерхан Үмітхан және Башай Таңнұр қатысушыларды заманауи кітапхана жұмысымен таныстырды. Шараның ашылуында Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Болатбек Мамарбаев сөз сөйлеп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Баяндамалар легі жасанды интеллект пен цифрлық трансформацияның өзекті бағыттарын қамтыды. Атап айтқанда, «Жасанды интеллект саласындағы мемлекеттік саясат: Қазақстан Республикасының цифрлық болашағының архитектурасы» баяндамасында жаппай цифрландыру стратегиясы және Жасанды интеллектіні дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының жүзеге асырылу бағыттары жан-жақты түсіндірілді. Ал «Жасанды интеллектінің эволюциясы мен даму перспективалары: идеядан интеллектуалды супер агенттерге дейін» атты баяндамада ЖИ-дің қалыптасу тарихы, даму кезеңдері, әртүрлі салаларда қолданылуы және болашақ даму үрдістері кеңінен талданды.
RFID технологиясын кітапхана ісіне енгізу мәселелері де назардан тыс қалмады. «RFID «Кітапхана» – заманауи коммуникация орталығы» тақырыбындағы презентацияны «РСТ-Инвест» компаниясының өңірлік директоры Дмитрий Сазонов ұсынды. Ал «Жасанды интеллект, тарих және мәдениет» атты баяндамада инклюзия, тең мүмкіндіктер, цифрлық экожүйе, тілдің визуализациясы және болашақ кітапхананың 100 мүмкіндігі сияқты маңызды бағыттар қозғалды.
Халықаралық деңгейдегі спикерлер де өз тәжірибелерімен бөлісті. «Ресей кітапханалары үшін жаһандық жасанды интеллект платформасы» тақырыбында Саха Республикасынан (Якутия) Василий Борисов Zoom платформасы арқылы байланысқа шығып, баяндама жасады. Ал Ресей Федерациясынан Владимир Лютецкий «Жасанды интеллект агенттері және олардың кітапхана ісінде қолданылуы» тақырыбында MCP-серверлер, ReAct-суперагенттер және олардың кітапхана ісінде қолданылу мүмкіндіктерін жан-жақты талдап берді.
Қорытынды бөлімінде Вадим Степанов «Жасанды нейрондық желілердің жұмыс істеу принциптері» тақырыбында тренинг өткізді. Бағдарлама соңында қатысушыларға арналған таныстыру кеші ұйымдастырылды.
Конференцияның екінші күні де мазмұнды баяндамалармен жалғасты. Вадим Степанов «Ғылым және білім саласын интеллектуалды ақпараттық қолдау құралы ретінде жаһандық библиографиялық платформалар» тақырыбында дәріс оқыды. Кітапханашылар да өз тәжірибелерін ортаға салды.
Бұдан соң авторлық шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Жасанды интеллект көмегімен цифрлық контент жасаудың практикалық қадамдары үйретілді. ChatGPT арқылы афиша әзірлеу, Arena AI, PixVerse, Qwen.ai және Google Labs платформаларында бейнегенерациялау, сондай-ақ NotebookLM құралымен жұмыс істеу жолдары көрсетілді.
Жоғары деңгейде ұйымдастырылған екі күндік конференция қатысушыларға ерекше әсер қалдырды. Шара жасанды интеллект кітапхана мамандарын алмастырмайтынын, керісінше олардың жұмысын жеңілдетіп, жаңа шығармашылық мүмкіндіктерге жол ашатынын айқын дәлелдеді.
Қорытындылай келе айтарымыз, қатысушылар конференциядан тек жаңа білім мен тәжірибе алып қана қоймай, жасанды интеллект технологияларын өз жұмысына енгізуге шабыттанып, кәсіби байланыстарын нығайтып қайтты.
Гаухаржан Оразымбетова,
Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасы кітапханаларды дамыту және қоғаммен байланыс бөлімінің әдіскері


