Перейти к содержимому

Қырағы шекарашылар

59 қаралым

Түн. Шекараның бойы. Ауада лүп еткен жел жоқ. Тып-тыныш, бейқам тіршілік. Тек шекарашылар мұндай тыныштыққа сенбейді. Мұның қауіпті тыныштық екенін білгендіктен де сақтық пен қырағылықты одан сайын күшейте түседі…

…ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты «Қалжат» шекара бөлімшесі. Мұнда тыным жоқ, бір шекара наряды ел шебіне аттанып бара жатса, екіншісі қызметтен оралып келе жатады. Жылдар бойы қалыптасқан осы көрініс бүгін де айна-қатесіз қайталануы мүмкін еді… Тек, бұлай болмай шыққан. Дабыл қағылған. Кеш түсіп, ел орнына отырған кезде. Дәлірегі, сағат 21-ден 35 минут кеткен кезде бөлімшенің сол қапталы бұзылғаны белгілі болды. «Қаруға!» дабылы іске қосылысымен басталып жүрген жанталас кешкі тыныштықты бұзған…

Әп-сәтте дайын болған топты бөлімше бастығы капитан Дамир Жақыпов өзі бастап, шекараға аттанып кеткен. Шекара шебінің жүрдек көлігі де офицер бастаған топты оқиға орнынан тез-ақ жеткізген. Енді қалғаны, мемлекеттік шекарадан 3 жарым шақырым жерде орын алған оқиғаның мән-жайы тез арада анықталуға тиіс. Көп ұзамай шекара бұзу белгілері де «мен мұндалап» шыға келген.

Көрші елге қарай өтіп, кері оралған адамның іздері сайрап жатыр. Бірақ бақылау-із кесу жолағының бойында шекарашылардан басқа тірі жан жоқ еді. Бұл – шекара бұзушының оқиға орнынан ізін суытып үлгергенін білдіретін. Бірақ бұл да қаскөйді тоқтата алмайтын…

…Ақыры ізді зерделеп, зерттеп алған шекарашылар әдіске кіріскен. Осы кезде көмекке келген қызмет иті Табидің арқасында шекара бұзған белгіліс адам да құрықталып еді. Сөйтсек, шекара арқылы көрші елдің аумағына өтіп, кері оралған адам… Қалжат ауылының елулерді еңсерген тұрғыны болып шықты. Шекараның бойынан із қуалап келген «Дабыл» тобын көріп, алғашында не істерін білмей сасқалақтап қалған отандасымыз шындықты айтпаса, жағдайы мүшкіл екенін түсінген болуы керек, бірден «сырын» жайып салыпты. Айтуынша, жоғалған малын іздеп табу үшін шекара арқылы өтіп, кері қайтқан.

«Шекараны бүкіл халық қорғайды» деген қағиданы ұстанатын өңірдің байырғы тұрғыны осындай заңсыз қадамға барғаны үшін әкімшілік жағаға тартылып, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалады.

Ал капитан Д.Жақыпов басқарған топтың құрамында болған әскери қызметшілер: қызмет итінің аға нұсқаушысы кіші сержант Жалалдин Жамалдинов, бөлімшенің жүргізушісі қатардағы жауынгер Талипжан Асамдунов, электр құрылғыларының шебері қатардағы жауынгер Расул Радиков және мерзімді қызметтің қатардағы жауынгері Саутжан Аутовтар шекарашылық шеберліктің биігінен көріне білді. Виват, шекарашылар!

Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,

ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы

↑