Биыл қазақ поэзиясының заңғар биігі, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толып отыр. Қарасазда дүниеге келген дара дарынның өлеңдерінде туған жерге деген сүйіспеншілік, адам жанының терең сезімі мен ұлттық рух ерекше көрініс тапқан. Мерейтойға орай өңірде бірқатар тағылымды шара қолға алынып, Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығында ақынға арналған онкүндік өтті. Онкүндік аясында «Тіл» орталығының Алатау, Ұйғыр, Қарасай өңірлік филиалдарында ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған кездесулер, байқаулар мен әдеби кештер ұйымдастырылды.
Алатау қалалық филиалы мен 6654 және 3660 әскери бөлімдері бірлесіп, «Мұқағали жыры – ұлттың үні» атты байқау жариялады. Байқау үш кезеңде өткізіліп, қатысушылар өлең оқып, арнау жазып, сахналық қойылымдар көрсетті. Жеңімпаздар анықталып, І орынға 3660 әскери бөлімінің сарбазы Жақыпбек Ерсұлтан, ІІ орынға 6654 бөлімінің сарбазы Құралбек Рахым, ІІІ орынға 3660 бөлімінің сарбазы Жұмадулла Нұрхан ие болды. Басқа қатысушылар да Алғыс хаттармен марапатталды.
Ұйғыр аудандық кітапханасында өткен «Жырлайды жүрек» атты әсерлі кеште аналар кеңесі, ардагерлер ұйымы және Ұйғыр аудандық филиалының қызметкерлері бас қосты. Кешке ақынның көзін көрген Ноғайбек Хасенұлы мен оның жиені Серік Қаппасов қатысып, жүрекке жылы естеліктерімен бөлісті. Ардагер-ұстаз Рая Сартолова орындаған «Сарыжайлау», «Есіңе мені алғайсың», «Сәби болғым келеді» әндері тыңдарманның көңілінен шықты. Қатысушылар ақынның өлеңдерін оқып, поэзия әлеміне терең бойлады.
«Тіл» орталығының Қарасай аудандық филиалы «Мұқағали – поэзия падишасы» атты әдеби кеш өткізді. Іс-шараны филиал меңгерушісі Жанар Өмірзаққызы ашып, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қарасай ауданының Құрметті азаматы, ұстаз Ақлима Көсемова сөз сөйледі. Кеш барысында Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы мағлұматтар беріліп, тыңдаушылар «Сарыжайлау» әнін орындап, өлеңдерін мәнерлеп оқып, тақырыпты жан-жақты ашты.
Мұқағали – қазақтың жаны, мұңы мен қуанышын өлеңге айналдырған ұлы тұлға. Оның әрбір жыры – халқымен бірге мәңгі жасайтын асыл мұра, ұрпаққа рух берер шынайы сөз. Ақын рухы мәңгілік, ал жыры – жүректе!
Ақжарқын БЕЙБІТҚЫЗЫ,
Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік
орталығының бөлім басшысы




