Мәдениет пен әдеп, тәрбие мен тәртіп, заң үстемдігі мен құқықтық сауат болмаса, қоғам құлдырап, ел егемендігіне қауіп төнуі ғажап емес. Оған қазіргі әлемдегі саяси ахуал айқын дәлел. Осы орайда ел тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігіне қызмет етіп, қылмыс пен зорлық-зомбылықсыз орта құруға үлесін қосып жүрген жандардың еңбегі ерекше. Солардың бірі – Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасы тергеу бөлімінің аға тергеушісі Баубек Ахметов.
Баубек Орынбасарұлы жеке рейтинг нәтижелеріне сәйкес, өңірдегі «Үздік тергеуші» атанды. Облыстық полиция департаментінің 2025 жылғы қорытындысы бойынша, қызметтік міндетін адал әрі сапалы атқарған қызметкерлерді марапаттау рәсімінде көрсетілген бұл құрмет тергеушінің жетістігінен хабар береді. Сондай-ақ аталған ұжымдық көрсеткіштер бойынша да ауданымыз жоғары нәтиже көрсетіп, Еңбекшіқазақ ауданы полиция басқармасының тергеу бөлімшесі «Үздік тергеу бөлімі» деп танылды.
Бұл марапат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мемлекеттік құрылыстың басты қағидаты, кемел демократияның тірегі әрі құқықтық мемлекеттің негізі» деп атап көрсеткен заң мен тәртіпті қоғамда берік орнатуға жасалып жатқан қадамдардың анық айғағы іспеттес. Олай болса, жерлесіміздің жетістігімен бөлісіп, жақыннан танып-білуге тырыстық.
Баубек Ахметов Еңбекшіқазақ ауданы Қазақстан ауылында дүниеге келген. Баубектің бойындағы әскери әдеп пен мықты мінез әкесі Орынбасар Төлегенұлынан берілген. Ол кісі отансүйгіш, рухты жастарды тәрбиелеуге үлес қосып, ұзақ жыл білім беру саласында алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі болып қызмет еткен. Анасы Динагүл Нұрлыбаева да білікті ұстаз. Бүгінде екеуі де зейнет демалысында.
«Әділдікке, заң үстемдігіне қызмет етуді мақсат етіп, осы мамандықты таңдадым», – деген Баубек Орынбасарұлы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін тәмамдаған соң, еңбек жолын 2009 жылы облыстық полиция департаментінің Шелек полиция басқармасында бастаған.
Иә, әр мамандықтың өзіндік қиындығы мен қызығы бар. Соған сай мамандық иесіне қойылатын талап та әрқалай. Біріне шығармашылық қабілет, ой ұшқырлығы керек болса, енді бірі бәсекеге қабілетті, тағы біреуі қарапайым адамгершілікті талап етеді. Ал тергеуші болу үшін мұның барлығы да керек. Одан бөлек, жоғары жауапкершілік, әділдік пен мықты мінез, кәсіби білік бірінші орында тұрады. «Тергеуші болу үшін адамға бұдан басқа қандай қасиет қажет?» – деген сұрағымызға «Тергеуші сабырлы, жауапты, ісіне адал, ойын сараптай алатын және психологиялық тұрғыда төзімді болуы керек», – деп жауап берді кейіпкеріміз.
«Өйткені қызмет барысында жағымсыз жайт, оқыс оқиғалар, неше түрлі адаммен бетпе-бет келеміз. Сондықтан тергеуші үшін психологиялық тұрақтылық, эмоцияны бақылау және кәсіби салқынқандылық аса маңызды. Күдіктімен, жәбірленушімен және куәгермен қарым-қатынас барысында олардың күйі мен сезіміне бой алдырмай, объективтілікті сақтай білу керек. Қысым, күйзеліс, моральдық ауыртпалық жағдайында да логикалық ойлау қабілетін жоғалтпай, заң талаптарын қатаң ұстану – тергеушінің кәсіби шеберлігін айқындайтын негізгі фактордың бірі», – дейді Баубек Орынбасарұлы.
Тергеушілердің атқаратын жұмысы азаматтардың тағдырымен тікелей байланысты. Қылмысты ашу, дәлелдерді толық жинақтау, күдіктіні анықтау, жедел әрекет ету, істі әділ әрі табандылықпен жүргізу жоғары кәсіби шеберлік пен күш-жігерді талап етеді.
«Тергеу ісінде ұстанатын негізгі қағидаларым – заңдылық, әділдік, объективтілік және бейтараптық. Қылмысты ашуда дәлелдердің нақтылығына, әрбір дерекке мұқият қарау аса маңызды», – деген тергеушіден қызмет барысында ең есте қалған ісі туралы сұрадым. «Әрине, қызметтік құпия принципіне сай тергеу барысы жарияланбайды. Адам тағдыры шешілген, күрделі әрі көп еңбекті талап еткен істер әрдайым есімде. Десе де, біреуін айта кетейін, 40 эпизодтық алаяқтық туралы қылмыс бойынша әділ шешім қабылданып, шындық толық ашылған бір ешқашан іс ұмытылмайды», – дейді.
«Жылдың үздік тергеушісі атану – маған көрсетілген сенім мен еңбегіме берілген жоғары баға. Сонымен қатар жауапкершілікті одан әрі арттыратын үлкен мәртебе. Бұл жетістік – тек менің ғана емес, бүкіл ұжымның ортақ еңбегінің нәтижесі», – дейді аға тергеуші Баубек Ахметов.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы




