Перейти к содержимому

Орманға қорған болайық!

Орман – табиғаттың ең маңызды байлығы. Ол адамзатқа таза ауа, жан-жануар мен аң-құстарға, өсімдіктерге алтын ұя болса, жалпы жер бетіндегі экологиялық тепе-теңдікті сақтайтын бірден-бір орта саналады. Сондықтан орман байлығын көздің қарашығындай қорғау әрбір азаматқа айрықша міндет жүктейді.

Орман өртінің пайда болуына адам­­дардың қоршаған ортаға деген немқұрай­дылығы, табиғат құбы­лыстары – найзағайдың түсуі, қатты құрғақшылық пен аптап ыстық көбіне негізгі себеп болады. Серуеннен кейін отты сөндірмей кету, темекіні өшпеген күйінде тастай салу, қоқысты немесе құрғақ шөпті жағу сияқты демалу­шылардың қауіпсіздік ережесін сақта­мауынан орын алған өрт оқиғалары жиі кездесіп жататыны жасырын емес.
Орман өртінің табиғат пен қоғамға әкелетін шығыны да шаш етектен. Жіпке тізіп айтар болсақ, ағаштар мен өсімдіктер жойылады, бүлінген орманды қалпына келтіру ондаған жылды қажет етеді. Ормандағы жануарлардың, аң-құстардың өміріне қауіп төнеді. Олар өрт құрсауынан қашып құтыла алмайды немесе басқа өңірге ауып кетеді. Өрт кезінде ауаға көп мөлшерде түтін мен улы газ тарайды. Бұл адамдардың денсаулығына да кері әсерін тигізеді. Топырақ эрозиясын күшейтіп, климаттың өзгеруіне әкеп соқтырады.
Осы орайда мына мәселелер әрбір азаматтың ойында болғаны жөн: от белгілі бір орында жағылып, толық сөндірілуі тиіс. Темекі тұқылын немесе өздігінен тұтанатын заттарды орманда қалдыруға болмайды. Орман шаруашылығы қызметкерлері өрт қауіпсіздігі жоғары болатын маусымда өздеріне бөлінген аймақтарға тұрақты түрде бақылауды күшейтіп, жауап­кершілікті арттырғаны абзал. Сонымен қатар өртті тез арада анықтайтын спутниктік бақылау жүйелері кеңінен қолданылуы тиіс. Тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, мектептерде, бұқаралық ақпарат құралдарында және қоғамдық орындарда орманды қорғау туралы үгіт-насихат жұмыс­­тарының аясын кеңейту – адам­дардың жауапкершілігін арттырады.
Орман – болашақ ұрпаққа қалатын табиғи мұра. Табиғатты ұқыпты пайда­лану, қауіпсіздік ережелерін сақтау, қоршаған ортаға жанашыр­лық таныту маңызды. Әрбір адам осы талапты бұлжытпай орындаса, орманның орынсыз от алып, отқа күймеуіне жол бермесе, табиғат бай­лығын келешек ұрпаққа аманаттау­дың мүмкіндігі зор болмақ.

Ербол ЖҰМАҚАНОВ,
«Нарынқол орман шаруашылығы» КММ орман қорғау инженері
Райымбек ауданы