Бүгін Іле ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кезекті сенбілік ұйымдастырылды. Тазалық шарасына аудан басшысы Қайыржан Жақсымбетов, «Damu Logistic» компаниясының ұжымы және Байсерке ауылының жергілікті тұрғындары белсене қатысты.
Аталған игі іске 150-ден астам адам жұмылдырылып, көтеріңкі көңіл күй сыйлаған мазмұнды шара өтті. Сенбілік барысында аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, 120 түп ағаш отырғызылды, сондай-ақ ағаш түптері әктелді.
Айта кету керек, «Таза Қазақстан» акциясын аудан аумағындағы кәсіпорындар мен компаниялар да белсенді қолдауда. Бұл – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мен туған жерге деген жанашырлығының айқын көрінісі.
Сонымен қатар, акция аясында бірқатар кәсіпорындар демеушілік танытты. Атап айтқанда, «Galanz Bottlers» компаниясы қатысушыларға сусындар ұсынса, «Damu Logistic» компаниясы арнайы мерекелік дастархан жайды.
Мұндай шаралар қоршаған ортаны таза ұстау мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, қоғам, билік және бизнестің ортақ жауапкершілігін нығайта түседі.



