Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан халқына арналған кезекті Жолдауын болашаққа деген зор сеніммен қарсы алдым десем, артық айта қоймаспын. Бұл жолғы Жолдау алдағы бес-он жылдың жобасы ғана емес, мемекетіміз үшін кемел келешектің болжамы екені айқын аңғарылды. Мұнда жалпыәлемдік мәселелерден бастап, еліміздегі әр саланың даму жоспары айшықталғанын айтқым келеді.

Соның ішінде еліміздегі әлеуметтік салада қалыптасып отырған жағдайға да терең талдау жасалынып, мемлекеттік көмек шын мұқтаж адамдарға ғана берілуге тиіс екені ескертілген.
– Жалпы, бұл салада өзекті мәселелер аз емес,– дейді өз Жолдауында Мемлекет басшысы. Сондықтан бұл күрделі мәселені «өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай», байыппен, салмақты көзқараспен шешу қажет. Артық қыламын деп, тыртық қылуға мүлдем болмайды. Кез келген реформа терең сарапталып, мұқият зерттеліп, азаматтардың жағдайын мейлінше ескере отырып жүргізілуге тиіс.
Алдағы уақытта әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдерін, соған қатысты ақпараттық жүйелердің қызметін алдын ала мұқият тексерістен өткізу жұмыстары тұр. Ең дұрысы, ондай жобаларды әуелі пилоттық режимде іске қосып, тиімділігі расталған соң ғана кең ауқымда қолдану керек. Түптеп келгенде, әлеуметтік мемлекет дегеніміз – азаматтарды әлеуметтік төлемдерге тәуелді ету емес, бұл, ең алдымен, халықтың тұрмыс сапасын, әл-ауқатын арттыру деген сөз. Сондықтан адам капиталының сапасын жақсартуға және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауға баса мән берілетін болады.
Президент Қазақстанда жеті миллионға жуық бала бар екенін, бұл халқымыздың 34 пайызы болатынын да тілге тиек еткен. Жыл сайын 330 мыңнан астам сәби дүниеге келеді десек, осы арқылы елімізде халық саны қарқынды өсуде. Сондықтан денсаулық сақтау инфрақұрылымын жүйелі әрі жедел дамыту – өте маңызды міндет. Ауқымды құрылыстың алғашқы кезеңінде еліміз бойынша сегіз заманауи перинаталды орталық салу жоспарлануда. Соның бірі Қаскелеңде бой көтермек.
– Қайталап айтамын: мемлекеттік көмек шын мұқтаж адамдарға ғана берілуге тиіс. Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі – осы. Қазір қоғамда осы мәселелер бойынша қызу талқы жүріп жатыр. Азаматтар өздерін алаңдатқан мәселелерді ашық айтуда. Сондықтан бұл күрделі мәселені «өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай», байыппен, салмақты көзқараспен шешу қажет. Артық қыламын деп, тыртық қылуға мүлдем болмайды,– деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда кез келген реформа терең сарапталып, мұқият зерттеліп, азаматтардың жағдайын мейлінше ескере отырып жүргізілуге тиіс екенін біз де құптаймыз.. Әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдерін, соған қатысты ақпараттық жүйелердің қызметін алдын ала мұқият тексерістен өткізу арқылы жүзеге асырылуы керек.
Ұлтусын БАРХИНОВА,
«Асыл ана» қоғамдық ұйымының төрайымы
Қарасай ауданы

