Кеген ауданы Саты ауылындағы А.Түркебаев атындағы мектеп-лицейде осы өңірдің тумасы, белгілі журналист, Желтоқсан көтерілісіне қатысқан қазақтың қайсар қызы Шолпан Жүнісбайқызының өмірі мен шығармашылығына арналған еске алу кеші өтті. Шараға қаламгердің туған-туыстары, мектеп оқушылары, ұстаздар мен ата-аналар қатысты.
Кеш барысында көпшілік Шолпан Жүнісбайқызының есімі берілген кабинетке барып, оның шығармалары топтастырылған арнайы бұрышпен танысты. Онда журналистік еңбегі, өмір жолы мен жазушылық қыры көрініс тапқан.
Қалам иесінің бауырлары – Бақыт Жүнісбайұлы мен Рая Жүнісбайқызы сөз сөйлеп, іс-шараға қатысқан он оқушыға қаржылай сыйақы табыс етті. «Саналы ғұмырында қазақ баспасөзінің дамуына зор үлес қосқан Шолпанымызды еске алып, осындай шараны ұйымдастырған мектеп ұжымына алғыс білдіреміз», – деді олар.
Шолпан Жүнісбайқызы ҚазПИ-дің тарих факультетін тәмамдап, республикалық «Дәуір» баспасында, «Алматы ақшамы» және Алматы облыстық «Жетісу» газеттерінде еңбек етті. Ол қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді көтеріп, ел мен жер тарихын дәріптеуден жалықпады.
Оның қаламынан туған еңбектер қатарында «Ауыл деп соққан жүрегім», «Біздің елдің жігіттері», «Әкелер мен балалар», «Қырық шырақ», «Найзағай намыс» атты кітаптар бар. Бұл шығармалар оқырманды адамгершілікке, достыққа, патриоттыққа тәрбиелейді.
Қаламгердің өмір жолы, кәсіби адалдығы және қоғамға қызмет етуге деген ынтасы бүгінде оқушылар мен жас журналистер үшін үлгі болып отыр. Әріптесіміздің жарқын бейнесі жадымызда сақталатыны сөзсіз.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы





