Іле ауданында қазақ өнерінің алып тұлғасы Нұрғиса Тілендиевтің туған күніне орай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Рухани шара Өтеген батыр ауылында, композитор есімімен аталған мәдени нысан жанында ұйымдастырылды.
Шараға аудан басшылығы, мәдениет саласының өкілдері және тұрғындар қатысып, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаға құрмет көрсетті.
Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов өз сөзінде композитордың қазақ өнеріндегі орны айрықша екенін атап өтті. «Нұрғиса Тілендиев – қазақ даласын сазға бөлеген ұлы тұлға. Оның мол мұрасы – халықтың рухани байлығы. Біз оның есімін ұлықтау бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береміз», – деді ол.
Рәсім барысында қатысушылар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікте ұлы тұлғаны еске алды. Шара соңында Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар әні» орындалып, көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады. Одан әрі мәдени бағдарламамен жалғасып, композитор мұрасын насихаттауға бағытталған іс-шаралар сериясына ұласты.





