Рухани, мәдени иммунитеті мықты елдің іргесі де берік, сапасы да жақсы болары сөзсіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастама көтеріп, халықты кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға шақырғаны белгілі. Содан бері Ұлттық кітап күнін ұлықтауға арналған шаралар жиі өтіп, әсіресе жастарды кітап оқуға баулу қарқын алған.
Көктемгі әскерге шақыру науқаны саябырсыған күндердің бірінде ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментіне қарасты Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының Ақжардағы оқу базасына жолымыз түскен. Мұнда 400-дей сарбаз шекарадағы шеберліктерін шыңдауға кірісіп кеткен. Мақсат – солардың ішінен кітапқұмарларды іріктеп, Ұлттық кітап күніне арналған кешімізге тарту. Сондықтан, біздің: «Араларыңда кітапқұмарлар бар ма?», деген сауалымызға қол көтерген сарбаздарды командирлері саптан шығуға бұйрық берген.
Сұрастырып көрсек, бір сарбаз «Абай жолын» оқыпты. Өзінің тым жастығына қарамастан. Ал екінші жас жігіт жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық, мол жылдар» деген танымал шығармасын оқығанын айтқан кезде сәл «тосылып» қалғанымыз шындық. Мұның соңғы оқыған кітабы екенін айтқанда неге екенін, осы бір қазақтың қара домалағына деген ризашылығымыз кемерінен асып төгіліп еді. Сосын «Кім Сәуле Досжан деген жазушыны біледі» деп сұрадық. Мұндағы ойымыз алда болатын кештің қонағы танымал қаламгерді Жаңа Қазақстанның жастары біле ме деген сұрақ еді. Тағы қол көтерген бірнеше жауынгердің бірінен: «Жарайсың, білетініңе күмән жоқ. Айта қойшы, Сәуле апаңның қай кітабын оқыдың?» деп сұрадық. Ол тосылған жоқ, бірден: «Ауылдан шыққан миллионер», деп сақ еткізді.
Тәрбиелік, идеологиялық және кадрлар жұмыс басқармасы мен «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы қалалық филиалы бірлесіп ұйымдастырған «Кітап – ұлттың рухани өзегі» атты кештің жүргізушісі Салтанат Биғабылова жиналған қауымға көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс салаларының ардагері, «Жаным садаға» атты ғұмырнамалық кітаптың авторы, Халық Қаһарманы, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев бастаған құрметті қонақтарды таныстырды. Әрі қарай, кешті департамент бастығының міндетін уақытша атқарушы полковник Айдос Алиев ашқан соң алғашқы сөз Ұлттық қауіпсіздік органдарының ардагері отставкадағы генерал-майор Шаймұрат Отарбаевқа берілді. Тәуелсіздікке тізесі бүгілгенше қызмет еткен кеш қонағы «Кітап – бұл тек параққа түскен сөз ғана емес, Бұл – ұлттың жаны, халықтың жады, тарихтың тірі куәсі, қай кезеңде де елді алға сүйреген – білім, ал білімнің қайнар көзі – кітапта» екеніне ерекше тоқталды.
Ұлттық кітап күнін ұлықтауға арналған кештің тағы бір маңыздылығы, «Көктем-2026» шақырылымының кітапқұмар һәм өнерлі сарбаздар қатысып отырған кештің көркін Сәт Бесімбайұлының аяулы жары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, сәулелі қаһармандардың авторы Сәуле Досжан кіргізе түсті. Ал мұндай әсерлі басқосуды танымал әнші, «Құрмет» орденінің иегері Сұлушаш Нұрмағамбетова мен жас орындаушыларды тәрбиелеп жүрген педагог, дәстүрлі әнші Сәуле Жампейісовалар өздерінің әсем әндерімен әрледі. Қос өнер дүлдүлінің шеберлігіне үндестік танытқан біздің жауынгерлердің бірі – Асқар Қожабек те С.Тұрысбектің «Ақ жауын» күйін орындап, кештің көркін аша түсті.
Алдымен Сәт Бесімбайұлы мінберге көтеріліп, өзінің ел қауіпсіздігі жолындағы әскери қызметі туралы әріден әңгіме қозғап, әсіресе жеке құрамды жақсы әсерге жетелеп отырды. Бұл орайда, Сәуле Мағазбекқызының да айтары аз болған жоқ. Жас сарбаздарға өзінің аналық ақылын айтып, әскери өмірдің қиындығына мойымауға шақырды. Өз өмірінің сәулелі тұстарын тілге тиек етіп, оқырмандарының жүрегіне нұр құйғандай әсер қалдырған…
Айтпақшы, қатардағы жауынгер Димаш Шәйлін Халық Қаһарманы Сәт Тоқпақбаев пен жазушы Сәуле Досжанға арнауын жеті тілде әсерлі жеткізсе, сарбаз Александр Дуденко өз армандарын ана тілімізде жатық та көркем өрнектеп, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Осылайша, кітапқұмар шекарашылардың көзайымына айналған кеш еркін форматтағы сұрақ-жауапқа ұласқан. Бұл орайда, біздің сарбаздар да тартынып қалмаған. Алдымен Сәт Бесімбайұлына, сосын Сәуле апайға қатардағы жауынгерлер: Бекнұр Айдарбеков, Ильяс Нұрислам, Еркін Абзал, Жақсылық Мақсаттардың қойған сауалдары да ой саларлық еді…
Иә, департаменттің кітапхана меңгерушісі Мырзайым Өтебаеваның игі бастамасымен өткен кеш Ұлттық кітап күнін ұлықтау ғана емес, қаламы қарымды жазушыларға да көрсетілген зор құрмет!
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА
ҰҚК Шекара қызметі
Алматы облысы бойынша департаменті



