Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің бастамасымен ұйымдастырылған «Serpin Way 2»
керуені Алматы облысына атбасын бұрды. Ең алдымен Қонаевқа аялдаған керуен мүшелері қаладағы бірқатар орта мектептің жоғары сынып оқушылары және ата-аналарымен жүздесті.
Қонаев қаласындағы орта мектеп-гимназиясында өткен кездесуде университет өкілдері оқушыларға жоғары оқу орнына түсу, мамандық таңдау, ҰБТ талаптары туралы жан-жақты ақпарат берді. Қызығушылық танытқан қатысушыларға қосымша қолдау және кеңес алу үшін жеке байланыс нөмірі ұсынылды. Қазір аталған университет мамандарды бакалавриат, магистратура және докторантура бойынша үш деңгейде даярлайды, онда алты мыңға жуық студент білім алады.
«Кейбір мамандықта оқитын студенттер АҚШ-тың Тусон қаласындағы Аризона университетінде бір семестр оқиды. Барлық шығынды М.Қозыбаев университеті көтереді. 2025 жылдан бастап ІТ мен биотехнология бағдарламасы бойынша 40 студент Америкада білім алды. Ал биыл инклюзивті білім бағдарламасы қосылып, 131 студент мұхит асу мүмкіндігіне ие болды», – деді жоғары оқу орнының жетістігін сөз еткен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті студенттер қауымдастығының президенті Асанәлі Жанатұлы.
«Serpin way» бағдарламасын өткен жылы М.Қозыбаев университеті Қазақстанда алғаш рет жүзеге асырған. Бағдарлама аясында білім алушыға тегін оқу, жатақхана, стипендия, жолақы және жұмысқа орналасу мүмкіндігі беріледі. Биыл жоба өз жалғасын тапты. Осы жолы университет командасы Қарағанды, Жетісу, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Ақтөбе облысындағы 30-дан астам елдімекенді араламақ ниетте. Оның 14-і – қала. Сапар барысында арнайы топ 120-дан астам іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. «Сапардың мақсаты – ұлттық «Серпін» бағдарламасына жаңа серпіліс беру. Соңғы 10 жыл ішінде бұл бағдарлама мыңдаған жастың сапалы білім алуына септігін тигізді. Кадр тапшылығы бар аймақтарда жұмысқа орналасуға мүмкіндік берді. Жалпы «Serpin Way» бағдарламасы аясында біз қалалар мен шалғай ауылдардағы жергілікті әкімдіктермен, мектеп оқушыларымен және олардың ата-аналарымен кездесулер ұйымдастырамыз. Биыл 600 мың адамды қамтымақшымыз», – деді «Serpin Way» жобасының жетекшісі Ғабит Мүсірепов.
Бүгінде Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде «Серпін» бағдарламасы бойынша 130-ға жуық бірінші курс студенті білім алуда. Бұл көрсеткіш жобаның сұранысқа ие екенін және оның нақты тиімділігін айқын аңғартады. «Serpin Way 2» тек университет туралы таныстырып қана қоймай, оңтүстік өңірлердегі жастарға сапалы білімге, кәсіби дамуға және жаңа өмірлік мүмкіндіктерге бастайтын нақты жолды көрсететін жоба.
Солтүстік Қазақстан университетінің оқытушылары Қонаев қаласындағы Қ.Қайсенов атындағы № 4 орта мектептің 10-11 сынып оқушыларымен де кездесті.
– Біздің университетте туризмді қоспағанда, түрлі бағыт бойынша 150-ден астам білім беру бағдарламасы ұсынылады. Басқа жоғары оқу орындарымен салыстырғанда төменгі балмен грантқа түсу ықтималдығы жоғары. Бүгінде Солтүстік Қазақстан университетінде 6 мыңнан астам студент оқиды, әскери кафедра жұмыс істейді, жатақхана мен ғылыми зертханамыз да бар, – деді университет оқытушысы Әлібек Серіков.
Оқушылар спикердің сөзін қызығушылықпен тыңдап, өздері үшін ашылатын болашақ мүмкіндіктер, соның ішінде шетелде оқу қалай жүзеге асатыны жайында сұрап білді. Дәл осындай кездесу Қонаевтан бөлек, облыстың Іле, Қарасай аудандарында да ұйымдастырылды.
Ерзат АСЫЛ
Қонаев қаласы





