Перейти к содержимому

«Серпін» сенім ұялатады

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің бастамасымен ұйымдас­тырылған «Serpin Way 2»
керуені Алматы облысына атбасын бұрды. Ең алдымен Қонаевқа аялдаған керуен мүшелері қаладағы бірқатар орта мектептің жоғары сынып оқушылары және ата-аналарымен жүздесті.

Қонаев қаласындағы орта мектеп-гимназиясында өткен кездесуде университет өкілдері оқушы­ларға жоғары оқу орнына түсу, мамандық таңдау, ҰБТ талап­тары туралы жан-жақты ақпарат берді. Қызығу­шылық танытқан қатысу­шыларға қосымша қолдау және кеңес алу үшін жеке байланыс нөмірі ұсынылды. Қазір аталған университет маман­дарды бакалавриат, магистратура және докторантура бойынша үш деңгейде даярлайды, онда алты мыңға жуық студент білім алады.
«Кейбір мамандықта оқитын студент­­тер АҚШ-тың Тусон қаласын­дағы Аризона университетінде бір семестр оқиды. Барлық шығынды М.Қозыбаев универ­ситеті көтереді. 2025 жылдан бастап ІТ мен биотехно­логия бағдарламасы бойынша 40 студент Америкада білім алды. Ал биыл инклюзивті білім бағдарламасы қосылып, 131 студент мұхит асу мүмкін­дігіне ие болды», – деді жоғары оқу орны­ның жетістігін сөз еткен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті студенттер қауым­дастығының президенті Асанәлі Жанатұлы.
«Serpin way» бағдарламасын өткен жылы М.Қозыбаев университеті Қазақстанда алғаш рет жүзеге асырған. Бағдарлама аясында білім алушыға тегін оқу, жатақхана, стипендия, жолақы және жұмысқа орналасу мүмкіндігі беріледі. Биыл жоба өз жалғасын тапты. Осы жолы университет командасы Қарағанды, Жетісу, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Ақтөбе облысындағы 30-дан астам елдімекенді араламақ ниетте. Оның 14-і – қала. Сапар барысында арнайы топ 120-дан астам іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. «Сапардың мақсаты – ұлттық «Серпін» бағдарламасына жаңа серпіліс беру. Соңғы 10 жыл ішінде бұл бағдарлама мыңдаған жастың сапалы білім алуына септігін тигізді. Кадр тапшылығы бар аймақтарда жұмысқа орналасуға мүмкіндік берді. Жалпы «Serpin Way» бағдарламасы аясында біз қалалар мен шалғай ауылдардағы жергілікті әкім­діктермен, мектеп оқушыларымен және олардың ата-аналарымен кездесулер ұйымдастырамыз. Биыл 600 мың адамды қамтымақшымыз», – деді «Serpin Way» жобасының жетекшісі Ғабит Мүсірепов.
Бүгінде Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде «Серпін» бағдарламасы бойынша 130-ға жуық бірінші курс студенті білім алуда. Бұл көрсеткіш жобаның сұранысқа ие екенін және оның нақты тиімділігін айқын аңғартады. «Serpin Way 2» тек университет туралы таныстырып қана қоймай, оңтүстік өңірлердегі жастарға сапалы білімге, кәсіби дамуға және жаңа өмірлік мүмкіндіктерге бастайтын нақты жолды көрсететін жоба.
Солтүстік Қазақстан универ­ситетінің оқытушылары Қонаев қаласындағы Қ.Қайсенов атындағы № 4 орта мектеп­тің 10-11 сынып оқушыларымен де кездесті.
– Біздің университетте туризмді қоспағанда, түрлі бағыт бойынша 150-ден астам білім беру бағдарламасы ұсынылады. Басқа жоғары оқу орын­дарымен салыстырғанда төменгі балмен грантқа түсу ықтималдығы жоғары. Бүгінде Солтүстік Қазақстан универ­ситетінде 6 мыңнан астам студент оқиды, әскери кафедра жұмыс істейді, жатақхана мен ғылыми зертханамыз да бар, – деді университет оқытушысы Әлібек Серіков.
Оқушылар спикердің сөзін қызығу­шылықпен тыңдап, өздері үшін ашы­латын болашақ мүмкіндіктер, соның ішінде шетелде оқу қалай жүзеге асатыны жайында сұрап білді. Дәл осындай кездесу Қонаевтан бөлек, облыстың Іле, Қарасай аудандарында да ұйымдастырылды.

Ерзат АСЫЛ

Қонаев қаласы