Бүгін Райымбек ауданында «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық экологиялық акциясы аясында «Табиғатты аяла» ұранымен сенбілік ұйымдастырылды. Табиғатты қорғау, қоршаған ортаны таза ұстау мақсатындағы шараға ауданның барша тұрғындары, мекеме, ұйымның жұмысшы-қызметкерлері, мектеп оқушылары, ерікті жастар белсенділікпен қатысып, лайықты үлестерін қосты.
Қардың көбесі сөгіліп, жер қарайысымен тазалық жұмыстарын қолға алу ауданның әрбір азаматы үшін маңызды міндет болып қалыптасып келеді. Осынау жөн-жосығы бөлек шара биыл да жарасымды жалғасын тауып отыр. Сәуір айы басталғалы бері аудан орталығында және барлық ауылдарында тазалық жұмыстары зор ұйымшылдықпен атқарылды. Сөйтіп, елді мекендер көгілдір көктемнің жан жадыратар жақсылығымен қайта түлеп, бір жасарып қалған жайы бар.
Табиғатты аялау, қоршаған ортаны таза ұстау мақсатында ұйымдастырылдған осы жолғы сенбілікке аудан орталығының тұрғындары, аудан, ауыл әкімдігі, аудандық аурухана, аудандық деңгейдегі барлық мекемелер мен мектептерден жалпы саны 700-ге тарта адам қатысты. Ортақ іске сондай-ақ, тиейтін, тасымалдайтын оннан аса техника жұмылдырылды. Олар аудан орталығының кіреберісіндегі «Нарынқол орман шаруашылығы» КММ иелігіндегі бас-аяғы 1000 гектардан асатын тоғайды, тоғай арасымен өтетін өзеннің екі жақ жағалауын, демалатын шағын алаңдарды күл-қоқыс, қатты қалдықтардан тазартты. Арнайы орынға бұл күні 10 тоннадан аса күл-қоқыс, қатты қалдықтар жеткізілді. Таза Қазақстан аяциясы аясындағы сенбілік ауданның барлық елді мекендерінде өткізіліп, 50 тоннадан аса күл-қоқыс шығарылды.
Осылайша, туған жердің көркеюіне, табиғаттың тазалығын сақтауға, болашақ ұрпаққа таза орта қалдыруға арналып ұйымдастырылған сенбілік көпшіліктің белсенділік танытуы нәтижесінде өз мақсатынан табылды.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы



