Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне тұтынушыдан биологиялық белсенді қоспаларды сатып алу фактісі бойынша 701 892 теңге көлемінде өтініш келіп түсті. Өтініш иесі аталған өнімдерді фитотерапия курсын өту мақсатында сатып алған. Бұған дейін тұтынушыға онкологиялық диагноз қойылғаны белгілі болды.
Өнімдерді қабылдағаннан кейін тұтынушының денсаулық жағдайы нашарлаған. Осыған байланысты ол өнімді сатқан компанияға ресми түрде талап-арыз жолдаған. Алайда компания тарапынан өтініш қараусыз қалдырылып, тиісті жауап берілмеген.
Осы жағдайға байланысты тұтынушы өз құқықтарын қорғау мақсатында Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген.
Келіп түскен өтініш негізінде Департамент тарапынан жоспардан тыс тексеру жүргізу туралы шешім қабылданды. Тексеру барысында тұтынушы мен компания арасындағы жасалған шарт талаптары жан-жақты зерделенді.
Тексеру нәтижесінде қолданыстағы заңнама талаптарына және шарт талаптарына сәйкес, компания тауар құнының бір бөлігін ұстап қалып, қалған 337 460 теңге көлеміндегі қаражатты тұтынушыға қайтарғаны анықталды.
Айта кету керек, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мұндай дауларды шешу барысында уәкілетті орган тарапынан жедел және тиімді шаралар қабылданады. Бұл өз кезегінде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған.
Өтініш иесі көрсетілген көмек үшін Департамент қызметкерлеріне алғысын білдіріп, олардың кәсіби деңгейі мен жедел әрекетіне оң бағасын берді.
Д.Сенбаева
ҚР Сауда және интеграция министрлігінің
Алматы облысы бойынша сауда және
тұтынушылардың құқықтарын қорғау
департаментінің бас маманы



