Бүгін облыс әкімдігі мен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселелері бойынша кеңес өткізілді. Жиынға облыстық прокуратура, полиция, төтенше жағдайлар департаменті және «Казавтожол» акционерлік қоғамының өкілдері мен бірқатар басқарма басшылары және «POLYCOM» жүйесі арқылы қала, аудан әкімдері, аудандық полиция басқармаларының басшылары қатысты.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатовтың төрағалығымен өткен басқосуда өңірдегі жол-көлік оқиғаларының ахуалы сөз болып, олардың себептері мен алдын алу шаралары талқыланды. Алғашқы сөз Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Алматы облысы бойынша департаментінің бастығы Нұрлан Ауғанбаевқа берілді.
– Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, жол-көлік оқиғаларының саны азаймай отыр. Жыл сайын облыс аумағында адам өлімі мен жарақат алуға апарып соқтыратын жол апаттарының саны артып келеді. Тек 2025 жылы облыс бойынша 3 708 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан 374 адам қаза тауып, 4 370 адам жарақат алды. Бүгінде өңірде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін қарастыру қажеттілігі туындап отыр. Апаттық жағдайларға жүргізілген талдау қорытындылары мен анықталған бұзушылықтар оларды жою бойынша нақты ұсыныстармен қатар, түбегейлі әрі қатаң бағалауды талап етеді, – деді Нұрлан Жолдасұлы. Одан кейін аталмыш департамент басшысының орынбасары Мақсат Айтымбетовтың баяндамасы тыңдалды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғалары 19,4%-ға өсіп, 3708 жағдай тіркелді. Жүргізілген талдау көрсеткендей, жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзатын жүргізушілердің кінәсінен орын алады. Жиі кездесетін себептер – жылдамдықты асыру, жаяу жүргіншілерге немесе басқа жүргізушілерге жол бермеу және тәртіп бұзушылық әрекеттерге бару. Жүргізілген талдау нәтижесінде «Шымкент – Тараз – Алматы – Қорғас» автожолының 20-60 шақырым аралығы аса қауіпті учаске болып отыр. «Алматы – Өскемен» күрежолының 33-35 шақырым аралығында жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылым мүлдем жоқ. 2024 жылдан бері мұнда 15 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 4 адам қаза тапқан. Сонымен бірге осы күрежолдың 51-55 шақырым аралығында жарықтандыру және жаяу жүргіншілер өткелдері жоқ. Бұл жерде 30 жол-көлік оқиғасы орын алып, 14 адам қаза болған. Негізгі мәселе – көшелердің жарықтандырылмауы және жылдамдықты бақылау камераларының болмауы, – деді ол.
Баяндамашының айтуынша, жалған мемлекеттік нөмірмен құқықбұзушылық жасайтындардың саны артып келеді. Мәселен, 026 ZZ 05 нөмірлі көлік 518 құқықбұзушылық жасап, 18 млн, «Volkswagen Polo» көлігі 224 құқықұзушылық жасап, 14 млн теңге айыппұл жинаған. Қазіргі уақытта облыста 325 «Сергек» камерасы орнатылған. Алайда олардың 8-і апатты емес учаскелерде орналасқан, сондықтан оларды қауіпті жерлерге көшіру ұсынылуда.
Келесі кезекте облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Абылай Жәнібеков сөз алып, биылғы 3 айдың қорытындысы бойынша аймақта 612 жол-көлік оқиғасы тіркелгенін, қарсы қозғалыс жолағына шығу, жылдамдықты арттыру, жаяу жүргіншілерді қағу, масаң күйде көлік жүргізу деректерінен болған апаттар жиілегенін атап өтті. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан шараларға тоқталған ол биыл 1000 км жолға жол таңбаларын салу, 110 мың м2 аумақта ағымдағы жөндеу жүргізу, 850 дана жол белгісін және 5 бағдаршам нысанын орнату, 9 аудан мен 2 қаладағы 732,2 шақырым жолды жаңартуға мүмкіндік беретін 200 жоба жүзеге асыру жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұдан соң баяндама жасаған «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ директорының орынбасары Абзал Ақжолов 2023-2025 жылы 253 шақырым жол 1-санатқа ауыстырылып, биыл «Қонаев – Күрті» жолы қосылатынын, қазіргі уақытта жол таңбалау, белгілерді орнату, ауыстыру жұмысы жүргізіліп жатқанын айта келе, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Аталған мәселелер бойынша қойылған сауалдарға жан-жақты жауап берген полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Еркебұлан Ахметов бірқатар жолдарда көлік құралдары қозғалысының орташа жылдамдығын бақылауды енгізу қолға алынғанын, мұны іске асыру жүргізушілердің камералардың алдында жылдамдықты төмендетіп, одан кейін қайтадан арттыруының алдын алатынын жеткізді. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жаяу жүргіншілердің жүріс бөлігін кесіп өтуінің алдын алу мақсатында жүріс бөлігі бойымен жаяу жүргіншілерге арналған қоршау орнату мәселесін қарастыру керегін де тілге тиек етті.
Жиынды қорытындылаған Қанат Болатұлы облыстық полиция департаментіне апатты учаскелер бойынша енгізілген нұсқамалардың мүлтіксіз орындалуын, жалған нөмірлерді пайдаланған құқықбұзушыларды анықтап, заң шеңберінде жауапкершілікке тартуды, «Шымкент – Тараз – Алматы – Қорғас» автожолының 20-60 шақырымы аралығында жаяу жүргіншілерге арналған тосқауыл қоршауларын орнату мәселесін қарастыруды, «Алматы – Өскемен» күрежолында көлік құралдарының орташа жылдамдығын бақылау жүйесін енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырды. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-на «Шымкент – Тараз – Алматы – Қорғас», «Алматы – Өскемен» автожолдарының апатты учаскелерінде жол инфрақұрылымын орнату мәселесін қарастыруды, облыстық білім басқармасына мектеп автобустарын белгіленген техникалық талаптарға сәйкестендіруді жүктеді.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ




