Перейти к содержимому
Главная страница » Мәңгілік сезім

Мәңгілік сезім

Туған жер – жүрекке тамыр жайып, рух пен қуат беретін ең қасиетті мекен. Жарық дүниеге алғаш қадам басып, алғашқы тыныс алған жер. Туған жерге деген махаббат – риясыз сағыныш пен жүректен өшпейтін мәңгілік сезім.

Туған өлкенің әр тасы, сылдыр қаққан бұлағы мен асқақ төбесі тұнған тарихтан сыр шертеді. Әр адам үшін туған жерін, өз тамырын ұмытпау – қасиетті парыз. Неліктен? Себебі бұл – бабалардың қаны төгіліп, маңдай тері сіңген, еңбекпен келген киелі мекен. Оның әр өлкесі мен әр уыс қара топырағында терең шежіре, тағылымды тарих жатыр.
Адам алғаш ата-анасының мейірімін, атасының батасын, ақ жаулықты әжесінің ертегісін туған жерінде естіп өседі. Дәл осы мекенде тілі шығып, арманы оянып, балалық шағының бал күндері өтеді. Бір көшеде асыр салып ойнап, жүрекке жылы естелік сыйлаған әр сәт туған өлкені қымбат етеді. Туған жер киелі мекен болу үшін мақтауды қажет етпейді. Ол – әр адамның тұлға болып қалыптасуына негіз болған, балалық шақтың ұмытылмас ізін сақтаған, жүрек түбінде мәңгілік орын алатын қастерлі құндылық.
Туған жер екі сөзден құралғанымен, артында тұтас әлем және мәңгілік ыстық махаббат жатыр. Бұл киелі мекенде әулет шежіресі жазылған. Яғни арғы атаңның күлкісі мен бергі атаңның күрсінісі сол ауаға сіңген. Осы бір әсем жердің төбесіне шығып, көкжиекке терең оймен тыныштықта сырлассаң, ерекше әсерге бөленесің.
Туған өлке – үнсіз кітап. Оны оқу үшін жүректің тереңдігі мен жанның тазалығы қажет. Киелі мекеніңе күйе жағу емес, оған кие қондыру әр адамның өміріндегі ең асыл мақсаттардың біріне айналуы тиіс. Оның қасиеті сен дүниеге келмей тұрып-ақ тасына таңбаланып, тарихына сіңсе, сен өмірге келгеннен кейін сол киелі мекен сенің жадыңды, болмысыңды қалыптастырады.
Мәңгілік естеліктерді сақтап тұрған қасиетті мекен – адам тағдырының бастау алар нүктесі. Туған жер, туған өлке – біздің рухани тірегіміз.

Айсұлу МЕРЕКЕ,
Д. Қонаев атындағы №1 орта мектептің 11-сынып оқушысы
Қонаев қаласы