Перейти к содержимому
Главная страница » Экологтарға құрмет көрсетілді

Экологтарға құрмет көрсетілді

Облыстық әкімдікте Дүние­жүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай салтанатты шара өтті. Мерекелік жиынға облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы қатысып, эколог мамандарды кәсіби мерекесімен құттықтады.

– Баршаңызды Экологтар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қоршаған ортаны қорғау – бұл табиғатқа деген жанашырлық пен жауапкершіліктің жарқын көрінісі. Сіздер күн сайынғы табанды еңбектеріңіз арқылы еліміздің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келесіздер. Бүгінгі таңда елімізде, соның ішінде Алматы облысында да экологиялық ахуалды сақтау мен жақсарту күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы – осы бағыттағы нақты әрі тиімді қадамдардың бірі. Бұл – табиғатпен үйлесімді өмір сүру мәдениетін қалыптастыруға, қоршаған ортаның сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды бағдарлама. Біз бұл жобаны іске асыру жолындағы жұмысты сіздермен бірге жалғастыра береміз. Осы мерекелі күн аясында баршаңызға зор денсаулық, қажымас қайрат, еңбектеріңізге табыс пен жаңа жетістіктер тілеймін! – деді ол.
Мерекелік жиында жемісті қызмет етіп келе жатқан мамандар түрлі марапатқа ие болды. Осы салада ұзақ жыл еңбек еткен Людмила Степанова, Ғалия Шалдыбаева сынды бірқатар зейнеткер «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Эко­логия саласына сіңірген еңбектері үшін бірқатар азамат ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болды.
Кәсіби мереке иелерін Алматы облысы бойынша экология департаментінің басшысы Бақытжан Молдахметов те құттықтап, лебізін білдірді.
Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – әрбір маманнан кәсібилікпен қатар, ерекше жауапкершілікті талап ететін маңызды міндет. Бұл марапат – елдің экологиялық ахуалын жақсартуға сүбелі үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегіне берілген жоғары баға.

Ерзат АСЫЛ